• Біздің парақшалар:

Sony Pictures-тің масқара болу тарихы

Sony Pictures кинокомпаниясына тиесілі серверлер бұзылғаннан кейін көптеген құпия ақпараттар Интернет арқылы тез тарап кетті. Бұны киноиндустрия саласындағы ең даулы оқиғалардың бірі десек – қате айтқандық болмас. Хакерлер продюсерлер алмасқан хаттардың мәтіндерін, әлі шықпаған фильмдердің сценарийлерін, сондай-ақ басқа да құпия құжаттарды қолды еткен. «Воздух» басылымы осыларға толығырақ тоқталып, шолу жасаған екен. Сол материалды қазақ тіліне бейімдеп, назарларыңызға ұсынамыз. 

«Интервью» туралы

Бәрі Сет Роген мен Джеймс Франко қатысқан, Ким Чен Ынды өлтіру туралы комедиядан басталды. Бұл фильм туралы естіген Солтүстік Корея басшылығы Голливудқа деген ашу-ызасын жасырмады. Артынан «Бейбітшілік сақшылары» деген хакерлік топ Sony Pictures серверлерін бұзып, шала ағылшын сөздермен ескерту қалдырып кетті. Хатта олар диктатор туралы комедияны жарыққа шығармауды сұрады. 

Құпия ақпараттар және жария болған фильмдер

Хакерлер компанияға құпия ақпараттарды қайтарып беру үшін ірі көлемде ақша талап еткен. Жауап болмаған соң әлі жарық көрмеген фильмдерді торренттер арқылы таратып жібереді. Қолды болған картиналардың ішінде: «Қаһар» ("Fury"), "Сол баяғы Элис" ("Still Alice"), "Мистер Тернер" ("Mr. Turner"), "Энни" ("Annie"), "Махаббатты оның қолына жазу" ("To Write Love on Her Arms") секілді өнімдер бар. 

Фильмдерден кейін желі барымташылары компанияның хаттарына қол салды. Ішкі хат алмасулардан белгілі болғандай, Sony «Өрмекші-адам» желісімен комедия түсіруді ойластырыпты, сондай-ақ Марио есімді атақты видеоойын кейіпкері туралы фильм жасау идеясы да талқыланған. «Жын аулаушылар» («Ghost Busters») ремейкі туралы да біраз ақпарат белгілі болды: продюсерлер басты кейіпкерлері тек әйелдерден құралған команда жасақтамақ болған, ол үшін Дженнифер Лоуренс, Эмма Стоун, Мелисса МакКарти және Лиззи Каплан секілді актрисаларды шақыру туралы сөз болыпты. Сонымен қатар хаттарда осы картинаға түсуден бас тартқаны үшін Билл Мюрреймен соттасу қажеттігі туралы да айтылған. 

Джеймс Бонд, «Спектр»

«Бондиананың» кезекті бөлімі – «Спектр» туралы да біраз құпия ашылды. Франшизаның жаңа фильмі ең қымбат болғалы тұр, оның өндірістік бюджеті 300 миллион долларды құрапты. Бұдан бөлек, хакерлер «Спектр» сценарийінің алғашқы нұсқаларын да қолды еткен. Қазір қолжазба Интернетте еркін таратылып жатқан көрінеді. 

Мазақ хаттар

Бәрінен бұрын екі адамның хаты дүрліктірді. Әңгіме компанияның бас продюсерлері Скотт Рудин мен Эми Паскаль туралы. Олар өз хаттарында жұлдыздарды барынша ашық талқылапты. Мысалы, олардың сөзінше, Анджелина Джоли – «дарынсыз ерке қыз», Дэвид Финчер – «Гитлерден де жаман», Кевин Харт - «ойнас», Дэвид О. Расселл – «бейбақ», Леонардо ДиКаприо – «жиіркенішті», ал Адам Сэндлердің әзілдері – «топас клишелер». Ішінде президент Обама туралы да қағытпа бар екен, АҚШ басшысын «оның ең сүйікті фильмі – «Құлдықтағы 12 жыл» шығар» деп әжуалапты. Бұл хаттар әшкере болғаннан кейін екі продюсер бәрінен кешірім сұраумен болды. 

Гендерлік теңсіздік немесе жұлдыздар қанша табады?

Бірқатар әртістердің еңбекақылары да жария болды. Мысалы, Дженнифер Лоуренс пен Эми Адамс «Америкалық сергелдеңге» түскені үшін еркек әріптестерімен салыстырғанда аз алған екен. Бұл ақпарат компаниядағы гендерлік теңсіздік туралы дауға себеп болды. Сондай-ақ, Сет Роген мен Джеймс Франконың табыстары белгілі болды: екеуі «Интервью» комедиясына түскені үшін 8,4 және 6,5 миллион доллар тапқан. 

Кім кінәлі?

Sony Pictures бұл ақпараттардың тарап кеткеніне және бұған сенсация қуғыш журналистердің жақсы көмектескеніне қатты ренжулі. Тіпті компанияның өзі хакерлер жалдап, құпиялардың таралуына қатысы бар ресурстарға DDоS-шабуыл жасаған көрінеді. Бірақ кінәні басқаларға таға бермей, салдарын өз ішінен де іздеген дұрыс секілді. Өйткені бұл дау-дамай компанияның IT бөлімінің қауіпсіздікке тиісті көңіл бөлмеуінен орын алып отыр. Хакерлердің арқасында, Sony өкілдері жазатын хаттар мен басқа да құжаттардың серверде шифрланбайтыны белгілі болып қалды. Тіпті серверлердің, корпоративтік аккаунттардың парольдері қарапайым мәтіндік файлда немесе кәдімгі Excel файлда «YouTube login passwords.xls» секілді қарабайыр атаулармен сақталады екен. Бұл олқылықтан жауапты мамандар хабардап болған, бірақ кезінде ешбір қажетті шаралар қабылданбаған.

 

Дереккөз: vozduh.afisha.ru

Пікірлер