• Біздің парақшалар:

Қазақстан прокатындағы 2014 жылдың ең табысты фильмдері ("Меломан" нұсқасы)

"Меломан" компаниясы Қазақстан прокатының 2014 жылғы үздіктерін жариялады. Рейтингті 298 миллион теңге (1,6 млн доллар) тапқан "Галактика сақшылары" бастап тұр. 

Фильм қазақ және орыс тілдерінде еліміздің кинотеатрларында шілде айынан бастап көрсетілді. Marvel комиксіне негізделген фантастикалық комедияның 2017 жылы екінші бөлімі шығады деп жоспарланған.

Екінші орында - Disney студиясының "Малефисента" ертегісі. Бұл да қазақ тіліне дубляждалған туындылардың бірі еді. Анджелина Джоли ойнаған фильмнің Қазақстандағы табысы 246 миллион теңгеден асқан (1,3 млн доллар шамасында). 

Disney студиясының "6 қаһарман" деген анимациялық фильмі рейтингтің үшінші орнында. Мультфильмнің әлемдік табысы көңіл көншітерлік емес, бірақ бұл Қазақстан нарығынан 230 миллион теңге (1,2 млн доллар шамасында) табуға еш кедергі бола алмапты. 

Төртінші орында тағы бір қазақша аударылған жоба - "Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат". Фильм еліміздің прокатынан 184 миллион теңге (987 мың доллар шамасында) көлемінде касса жинаған.

Білім беру мекемелеріне жансыз болып еніп, есірткі саудасына қарсы тұратын екі жас полицей туралы комедияның жалғасын көпшілік асыға күткені рас. Басты рөлдерде Ченнинг Татум мен Джона Хилл ойнайтын "Джамп көшесі 22" боевигі 142 миллион теңге (шамамен 774 мың доллар) тауып, еліміздің табысты фильмдер тізімінде бесінші орынға ие болыпты. Жалпы әлемдік табыстан шабыт алған продюсерлер фильмнің үшінші бөлімін шығаруға бел буыпты. 

Marvel-дің "Кек алушылар" сериясына кіретін "Капитан Америка: Қысқы жауынгер" блокбастері рейтингтің алтыншы орнында. Фильм Қазақстанда 138 миллион теңге (745 мың доллар шамасында) табыс тапты.

"Need for Speed" компьютерлік ойынын білмейтін юзер кемде-кем шығар. Осының негізінде жасалған "Жылдамдыққа құмарту" қылмыстық драмасы 108 миллион теңге (шамамен 582 мың доллар) пайда әкеліп, еліміздің прокатында жетінші орынға ие болып отыр. 

Ресейлік "Кухня" сериалының фанаттары Қазақстанда да аз емес екен. Осы сериалдың жалғасы ретінде шыққан "Кухня в Париже" толықметражды фильмі рейтингтің сегізінші орнында. Комедия елімізде 105 миллион теңгеден астам (548 мың доллар шамасында) пайда тапты.

Брэд Питт басты рөлде ойнаған, Екінші дүниежүзілік соғыстағы танкілер шайқасын суреттейтін "Қаһар" боевигі Қазақстан прокатынан 94 миллион теңге (шамамен 521 мың доллар) жинады. Фильм тізімде тоғызыншы орында.

"Меломанның" үздік ондығын ресейлік Enjoy Movies компаниясы өндірген "Кімді ойласаң сол келеді" ("Легок на помине") комедиясы аяқтайды. Фильм еліміздің прокатынан 91 миллион теңге (482 мың доллар) тауып отыр.

Рейтингте неге басқа танымал фильмдер жоқ деп таңғалмаңыздар, өйткені бұл тізім "Меломан" компаниясы таратқан фильмдердің ішінен жасалды.

Пікірлер

  • Осы казкша аударылган киноны кайдан скачать етуге болады?

  • Айдос, дүкеннен сатып алған дұрыс шығар :)

    • |
    • 2 қаңтар 2015 02.01.2015
    • |
    • 13:37