• Біздің парақшалар:

"Жұлдыздар шайқасы 7" тизері: Пародиялар

Әйгілі "Star Wars" сагасының жетінші эпизодының алғашқы тизер-трейлерін бәрі көрген шығар? Бұл ролик 2014 жылы Youtube желісінде ең көп қаралған трейлерлердің үздік ондығына енді. 

1 жарым минуттық видео фанаттардың соншалықты үлкен қызығушылығын туғызады деп кім ойлаған? Тизер жарияланғаннан кейін оған неше түрлі әуесқой пародиялар жарық көрді. Солардың арасынан ерекше деген бірнешеуімен таныстырамыз.

Мысалы бір қолданушы Lego конструктырының көмегімен әлгі роликті тұп-тура қайталап шықты:

 

Австралия тұрғыны Майкл Шэнкс ескі стилді пайдаланыпты. Бұл әрекетін сага түпнұсқасының авторы Джордж Лукасқа деген құрметі деп қабылдауға болады. Оның нұсқасындағы тизер өзінің бастапқы кадрларынан арылмаған, тек оған "Стар Уарстың" осыған дейінгі эпизодтарындағы түрлі тіршілік иелері мен кейіпкерлер қосылған:

 

Келесі видеоролик Disney стилінде жасалған. Осыдан бірнеше жыл бұрын "Star Wars" франшизасының иегері - Lucasfilm компаниясын Disney студиясы сатып алғаны белгілі. Фанат осыны меңзеген болса керек: видеодан Disney-дің түрлі кейіпкерлерін, мультфильмдеріндегі бейнелерді кездестіреміз:

"Егер жетінші эпизодты Майкл Бэй түсірсе...". Бір қолданушы осындай фантазиясын іске асырып көріпті. Тизерден Майкл Бэйдің режиссерлік стиліне тән жарылыстар, жарықтың шағылысуын (блик) байқауға болады:

Бірақ, қазақстандықтар үшін келесі нұсқадан үздігі жоқ шығар. Жо-жоқ, бұл пародия емес. Бұл - фильмнің қазақша дубляждалған тизер-трейлері. Жетінші эпизод елімізде "Жұлдыздар шайқасы: Күштің серпілісі" деген атаумен 2015 жылы желтоқсанда жарық көреді.

Пікірлер