• Біздің парақшалар:

"Суперқыз", "Жанқиярлар" және басқа да болашақ сериалдар

Бүгін 2015 жылы белгілі болған болашақ тележобалар туралы ақпараттармен бөлісеміз.

"Франкенштейн" ("Frankenstein")

Роберт Казински / фото: zimbio.com

Мэри Шеллидің классикалық шығармасына негізделгенімен, теледраманың сюжеті біздің заманымызда өрбиді және кісі қолынан қаза тапқаннан кейін қайтадан тірілген бұрынғы полицей туралы баяндалады. Сериалда басты рөлді Роберт Казински ("Тынық мұхиты шебі") сомдамақ. Монстрды жасап шығарушы Отто Гудвиннің рөлінде Адхир Кальян ойнайды. 

Жобаның пилотын Майкл Куэста ("Хабаршыны өлтіру", "Декстер") түсіреді. Жаңа "Франкенштейн" Fox арнасында 2016 жылдан бастап көрсетіледі деген сыбыс бар.

"Суперқыз" ("Supergirl")

Жаңа Суперқыздың бейнесі

Супергёрл немесе Суперқызға арналған жаңа тележобаны CBS арнасы дайындап жатыр. Басты рөлді Мелисса Бенойст сомдамақ. Бұл актриса "Жақсы әйел" ("The Good Wife"), "Атамекен" ("Homeland") сериалдары арқылы және биыл 3 рет "Оскар" алған "Таяқтың күшімен" ("Whiplash") музыкалық драмасы арқылы белгілі.

Сериалдың қаншалықты сәтті шығатынын айту қиын, бірақ Суперқыздың костюмі атақты суперқаһармандардан кем түспейтін тәрізді. Өйткені жобаға атақты киім суретшісі, 3 мәрте "Оскар" алған Коллин Этвуд тартылған екен.

Нақты шығатын күні әзірге белгісіз.

"Қарбалас сәт" ("Rush Hour")

Джеки Чан мен Крис Такердің орындауындағы бұрынғы кейіпкерлер

Джеки Чан мен Крис Такер ойнайтын экшн-комедияны бәріміз білетін шығармыз? CBS арнасы осы фильмдер сериясының негізінде сериал жасауды жоспарлап отыр. Қазір негізгі рөлдерге актерлер таңдалып жатқан көрінеді.

Қазір Джеки Чан сомдаған испекторды сомдайтын актер табылыпты, ол - төбелес өнерінің шебері, каскадер Джон Фу. Түпнұсқа трилогияны түсірген Бретт Рэтнер тележобаға продюсер ретінде қатысады. Сериалдың көрсетілімі 2016 жылға жоспарланған.

"Жанқиярлар" ("The Expendables")

Боевик жұлдыздарының басын қосқан "Жанқиярлар" да өзінің теленұсқасына ие болмақ. Fox арнасы дайындап жатқан жобаға телевизиялық боевиктердің жұлдыздары шақырылуы тиіс.

Түппнұсқа авторларының бірі Сильвестр Сталлоне теленұсқаға продюсер ретінде атсалыспақшы. Жобаның жанры комедия элементтері бар боевик деп белгіленіп отыр. Әзірге қашан жарық көретіні белгісіз.

Пікірлер