• Біздің парақшалар:

"Ессіз Макс". Франшизаға қатысты қызықтар

«Ессіз Макс» («Mad Max»). Түпнұсқасы 3 толықметражды бөлімнен құралған фантастикалық боевик.

Мел Гибсон мен Джордж Миллер түсіру алаңында ("Ессіз Макс 3")

Франшизаның басында австралиялық Джордж Миллер тұр. Кейбір сыншылар бұл жобаны фантастикалық жанрдағы дизельпанк бағытының ең үздігі деп есептейді.

Режиссер Дж. Миллер көп жылдар бойы ауруханада дәрігер болып еңбек етті. Өмірінің осы кезеңінде талай жантүршігерлік жарақаттар мен кісі өлімдерінің куәсі болды. Осы оқиғалардан алған әсерін ол фильмде көрсетуге тырысты. Соншалықты қантөгіс көріністер біздің заманымыз үшін тым көп екенін түсінген режиссер, сюжет желісін болашаққа ауыстырды.

Байрон Кеннеди "Ессіз Макс 2" фильмін түсіру кезінде 

Алғашқы фильм 1979 жылы Австралияда шыққан болатын. «Ессіз Макс» Джордж Миллер мен Байрон Кеннедидің ұзақ жылғы достығының шығармашылық жемісі. Байрон Кеннеди 1983 жылы 33 жасында тікұшақ апатынан қайтыс болды.

Алғашқы фильмнің түсірілімі 12 аптаға созылды. Фильм бюджеті өте төмен еді – бар болғаны 300 мың Австралия доллары (оның 15 мыңы Мел Гибсонға ақы ретінде төленді). Сол себепті, материалдарды үлкен студияларда өңдеу мүмкін болмады: монтажы режиссердің асүйінде жасалса, дыбысы қонақ бөлмеде өңделді.

Бірінші картина бюджет пен табыс қатынасы жөнінен ұзақ уақыт бойы Гиннестің рекордтар кітабында рекордты ұстап тұрды. Бюджеті – 300 мың Австралия доллары, ал әлемдік табысы 100 миллион доллар.

1979 жылы Австралияның киноинститутында үш номинацияны жеңіп алды: үздік сценарий, үздік дыбыс және үздік музыка.

Фильм Америка прокатына шыққан кезде фильм қайтадан дыбысталды. Өйткені АҚШ көрермендері Австралия акцентін түсінбей қалуы мүмкін еді.

Мел Гибсон, Стив Бисли және олар мінген машина

Оқиға болашақта өрбитіндіктен, картинадағы автомашиналар да сол заманға сай болуы тиіс еді. Алайда бюджеттің шектеулі болуына байланысты, 70-ші жылдардағы көліктердің сыртқы түрлері қолдан өзгертіліп түсірілді.

Мел Гибсон екінші фильмнің түсірілімінде

Екінші бөлім де сыншылар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Мысалы, сыншылардың біраз бөлігі оны 1981 жылдың ең үздік фильмі деп атады. Сондай-ақ, Австралия киноинститутының костюм, дыбыс, сценарий, режиссура, қоюшы-суретші номинацияларына арналған сыйлықтарын жеңіп алды. Бұған қоса Авориазда өткен фантастикалық киноның халықаралық фестивалінде Гран-приге ие болды.

Франшиза 3 бөліммен шектелмеуі тиіс еді. Алайда қаржылық қиындықтарға байланысты жоба ұзақ мерзімгі тоқтап қалды. Араға 25 жыл салып, Джордж Миллер төртінші бөлімнің өндірісіне қатысты мәлімдеме жасады.

Том Харди мен Джордж Миллер

Мел Гибсон төртінші фильмді 2000 жылдарға дейін күтті, бірақ  одан артық уақытқа шыдай алмады. Оның орнына 2009 жылы Том Харди бекітілді. Түсірілім 2012 жылы басталып, өндірісіне 1 жылдай мерзім кетті.

«Қаһарлы жол» интерквел болып есептеледі, яғни бірінші және екінші бөлімнің арасындағы оқиғаны баяндайды. Төртінші фильм Қазақстан прокатына 2015 жылы 14 мамырда шығады.

 

Фотосуреттер алынған сайттар: madmaxmovies.comstartribune.com

Пікірлер