• Біздің парақшалар:

2015 жылғы жаздың үздік жаңа сериалдары (1 бөлім)

Бұрын жаз - телевидениеде "өлі маусым" саналатын. Бірақ ондай заман артты қалды, қазір керісінше, әр жаңа телемаусым - жылдың төрт мезгілінде де маңызға ие. Биылғы, 2015 жылдың жаз мезгілі қандай жаңа сериалдармен ерекшелене алады екен, соған бір шолу жасап көрелік.

Ескерту: Материалымызға тек премьералар енді, осыған дейін бір немесе бірнеше маусымы шығып үлгерген сериалдарды қосқан жоқпыз.

Сегізінші сезім (Sense8)

Фото көзі: netflix.com

Ағайынды, әлде апалы-інілі (кімге қалай ыңғайлы) Лана мен Энди Вачовскилер жасап шығарған фантастикалық драма. Сюжетте бір-бірімен ерекше қабілеттері арқылы тығыз байланысқан әлемнің әр түкпіріндегі сегіз кейіпкер туралы баяндалады.

Сыншылар ғылыми фантастика мен фэнтезидің шебер үйлескенін, идеяның жақсы жүзеге асқанын атап өтіпті.

12 эпизодтан тұратын сериал 5 маусымда Netflix ағынды арнасы арқылы жарыққа шықты.

Трейлер:

 

Астронавттар әйелдерінің клубы (The Astronaut Wives Club)

Фото көзі: hollywoodreporter.com

Әдетте аса маңызды релиздер қазір ақылы арналар арқылы, жабық түрдегі интернет-тапсырыс арқылы таратылады. Бірақ бұл жолы ABC арнасы жаңа сериалын кәдімгі эфирлік жолмен көрсетуді дұрыс санапты.

Сериалдағы оқиға 1960 жылдардың соңында өтеді. Сол кезеңде ғарышқа ұшу әлемдегі ең мәртебелі жұмыс саналатын, ал сондай азаматқа жар болу кез-келген әйел қол жеткізе алмайтын бақыт еді. Телехикаяда ғарышты бағындыруға кеткен ерлердің Жерде қалған жанұялары туралы сөз болады.

Бірінші маусымның премьерасы 18 маусымға белгіленген.

Трейлер:

 

Ойыншылар (Ballers)

Фото көзі: HBO

"Хэнкок", "Аман қалған жалғыз" секілді фильмдерді өмірге әкелген Питер Берг түсірген спорт драмасы. Басты рөлде - Дуэйн Джонсон. Сериалда зейнетке шыққан спортшы туралы баяндалады. Ол фанаттардан, журналистерден әбден қажыған, бірақ сонда да олармен үнемі қарым-қатынас орнатуға мәжбүр. 

Дуэйн "Жартасты" телевидениедегі үлкен рөлімен құттықтап қойған дұрыс шығар, өйткені оны әдетте тек кинодан көріп жүрміз.

HBO арнасының тапсырысымен түсірілген сериал 22 маусымнан бастап көрсетіледі.

Трейлер:

 

Айқай (Scream)

Фото көзі: mtv.com

Бетпердесі бар және ұзын қара киім жамылған өлтіруші туралы фильмдер сериясын бәріміз білетін шығармыз? Хоррор-франшиза кинодан телевидениеге ауысып, толыққанды сериалға айналып жатыр. 

Бір жақсысы - оқиғалар фильмге сүйенбей, соны бағытпен өрбиді. "Беймәлім әлпет" атанған маска да жаңартылып, анағұлым қорқынышты рең беріліпті.

MTV арнасы көрсететін сериалдың премьерасы 30 маусымға белгіленген.

Трейлер:

 

Материалымызды жазуға okino.ua сайтындағы мақала себеп болды

Пікірлер