• Біздің парақшалар:

"Терминатор" жайында 4 әңгіме

Қалай пайда болды 

«Терминатор» идеясының пайда болуының өзі қызық. Рас болса, фильмнің идеясы Джеймс Кэмеронның түсіне кіріпті. 1981 жылы режиссер Италияда «Пираналар 2» («Piranha Part Two: The Spawning») жобасын аяқтап жатқанда безгек ауруына шалдығады. Өң мен түстің арасында сандырақтап жатып, түсінде қыздың соңынан түскен қызыл көзді адамды көреді. Кейін осының негізінде әріптесі Уильям Уишермен бірігіп сценарий жазады. Бірақ фантастикалық жобасына көпке дейін қаржы таба алмайды. Ірі кинокомпанияларға бұл идея ұнамайды. Ақырында сценарий жас продюсер Гейл Энн Хёрдке бар болғаны 1 долларға сатылады. Кейін Джеймс Кэмерон осы Гейлге үйленді. 

Негізі алғашқы «Терминатордағы» оқиға болашақта өрбуі тиіс еді. Режиссер сұйық металдан жасалған роботты көрсеткісі келді. Алайда 1980 жылдары арнайы эффекті жасау технологиялары тиісті деңгейде емес болатын. Оның үстіне жобаның бюджеті аса үлкен емес те еді (6 млн 400 мың доллар). Сол себепті сюжет желісі сол заманға лайықталды. Ал сұйық терминатор екінші фильмде көрініс тапты. 

Терминатордың рөлінде біз Лэнс Хенриксенді көруіміз мүмкін еді. Бірақ продюсерлер Арнольд Шварценеггерді ұсынған. Бірақ Лэнс Хенриксен бұл фильмге бәрібір түсті (детектив Вукович). 

Шварценеггердің достары Терминатор рөлі оның карьерасын тас-талқан етеді деп ойлаған екен. Бірақ осы фильм оны әлемдік жұлдызға айналдырды. «Терминаторда» Арни бар болғаны 17 сөйлем айтады. Ал оның «I’ll be back» деп айтқаны әлі күнге дейін әлемдегі ең танымал сөздердің бірі. 

«I’ll be back» демекші... 

Терминатор айтатын «I’ll be back» («Мен ораламын») сөзі Шварценеггердің өзіне тиесілі. Бастапқыда ол сценарийге сәйкес «I’ll come back» деп айтуы тиіс еді. Бірақ сол жылдары Арнидің ағылшын тілін әлі жетік меңгере қоймаған кезі екен. Түсірілім кезінде байқаусызда «I’ll be back» деп айтып қалған. Бұл Кэмеронға да ұнап, осы нұсқаны сол күйінде жіберген. Кейін бұл сөйлем Шварценеггердің басты сөзіне айналды. Ол бұл сөзді «Терминатордан» бөлек 11 фильмде қайталап айтқан, тіпті Калифорния губернаторлығына сайлану кезінде пайдаланған. 

Кейінгі әрекеттер 

1991 жылы Джеймс Кэмерон «Терминатор 2: Ақырет күні» деген жалғасын шығарды. Бұл біріншісіне қарағанда анағұрлым ауқымдырақ еді. Бюджеті сол кезең түгіл, қазіргі кез үшін де аз емес – 100 млн доллар. Екінші «Терминатор» әлемдік прокаттан 500 млн доллардай пайда тапты, сондай-ақ 1992 жылғы «Оскарда» алтын мүсіннің төртеуіне ие болды: «үздік дыбыс», «үздік дыбыс монтажы», «үздік визуал эффектілер», «үздік грим»

Осыдан кейін 2006 жылы Лос-Анджелесте «Терминатор 2 3D: Уақытты бағындырған соғыс» («T2 3-D: Battle Across Time») деген 3D-аттракцион іске қосылды. Екінші фильмде ойнаған актерлер Арнольд Шварценеггер, Эдвард Ферлонг және Роберт Патрик арнайы осы аттракционға арналған мини-фильмге де түсті. Міне: 

2003 жылы франшизаның үшінші сериясы – «Терминатор 3: Машиналар көтерілісі» жарық көрді. Бұл жолы түсіру командасы мүлдем басқа болды, бірақ Арнольд Шварценеггер өз рөліне қайта оралды. Джеймс Кэмеронның жобаға қатыспауы әсер етті ме, әлде басқа да себептері бар ма, әйтеуір алғашқыларының жетістігін қайталай алмады. 200 млн бюджетпен 400 млн доллардай ғана тапты. 

Осымен трилогияға жеткен франшиза логикаға сай тоқтауы тиіс еді. Бірақ жобаның одан әрі дамуы Джеймс Кэмеронның еркінен тыс өтті, әйтпесе ол екінші бөлімнен кейін-ақ тоқтар еді. «Терминатордың» құқығын сатып алған продюсерлер Дерек Андерсон мен Виктор Кубичек франшизаны қайтадан іске қосып, жаңа трилогия жасамақ болды.

Осы мақсаттың бастамасы ретінде 2009 жылы «Терминатор Құтқарушы» өмірге келді. Бұл жолы да Арнольд Шварценеггер өз образын сомдауға шақырту алды, бірақ ол түсуден бас тартты (оның бейнесі компьютерлік технологиялар арқылы жасалды). Жұлдызды құрамына (Кристиан Бэйл, Сэм Уортингтон, Антон Ельчин) қарамастан фильмнің жолы болмады. 200 миллионға түсірілген төртінші «Терминатор» бар болғаны 371 млн доллар жинай алды. Сөйтіп трилогия идеясы іске аспады. 

Толықметражды фильмдерден бөлек франшиза телевизияда бағын сынап көрген еді. 2008 жылы шыққан «Терминатор: Сара Коннор хроникалары» екі маусымнан кейін төмен рейтингіне байланысты жабылып қалды. 

Тағы жаңа трилогия 

«Терминатор» сериясының бесінші фильмі – «Генезис». 2015 жылы шілдеден бастап көрсетілетін фильмге Арнольд Шварценеггер қайтып оралды. Қартайған Терминатор қайтып оралды демесеңіз, актерлік құрамның қалғаны мүлдем басқа адамдар. Бұл да өзінше жаңа трилогияның алғашқы бөлімі болмақ. Тың трилогияның негізінде телесериал да шығады деген хабар бар. Көре жатармыз.

 

Ернар Бекенов

Пікірлер