• Біздің парақшалар:

Үмітті ақтамаған актерлер (1 бөлім)

Жыл сайын Голливудтан жаңа жұлдыздар жарқырап шығып жатады. Бірақ киноиндустрияға келгеннің бәрінің жолы болып кетеді деп тұжырым жасауға тағы болмайды. Режиссер мен продюсердің көңілінен шықпаса, кез-келген актер шеберлігі мен көркіне қарамастан төмен құлдырауы мүмкін. Сонымен, үмітті ақтамаған Голливуд жұлдыздары.

Аманда Байнс 

«Easy A» фильмінен кадр

Карьерасын жеті жасында бастап, актриса «Осының барлығы» («All That») скетчкомынан кейін таныла бастайды. Жасөспірімдерге арналған сериалдардан кейін, 1999 жылы ол өзінің шоуын да ашып алды («The Amanda Show»). 2002 жылғы «Үлкен семіз өтірікші» («Big Fat Liar») комедиясындағы дебютінен соң үлкен киноға да шақырту ала бастайды. Оны комедия жанрының супержұлдызы болады деп көпшілік болашағына болжам жасап еді. Бірақ карьерасы төменгі сортты жобалардан асып биіктей алмады. Тіпті Аманда 2010 жылы кинодан кетем деп те мәлім етті. Соңғы рет оны көрермен «Жеңіл жүрісті оқу озаты» («Easy A») фильмінен көре алды. Кейінгі жылдары актрисаға бірнеше рет есірткі пайдаланды, мас күйде көлік басқарды деп айып тағылды. Тіпті күштеп психиатриялық клиникаға жатқызылды. 

Шон Уильям Скотт 

«Goon» фильмінен кадр

Актерлік жолын сериалдардан бастаса да, нағыз танымалдылық 1999 жылғы «Америкалық бәліш» («American Pie») комедиясынан кейін келді. Одан кейін «Келу нүктесі» («Final Destination»), «Эволюция» («Evolution») секілді салмақты жобаларға да қатысты. Бірақ бір типті рөлдері көрерменді жалықтырды ма, әлде сыншылардың оған қарата айтылған толассыз сөздері әсер етті ме, карьерасында үлкен серпіліс бола қоймады. Бар үміт «Ұрдажық» («Goon») спорт-комедиясына артылып еді, бірақ фильмнің прокатта жолы болмады. Соңғы уақытта актер «Мұз дәуірі» («Ice Age») мультфильмінің дыбысталуына тұрақты қатысып жүр.

Тофер Грейс 

«Spider-Man 3» фильмінен кадр

«70-ші жылдардың шоуы» («That '70s Show») ситкомы арқылы атағы шықты. Бұндай танымалдылық оны үлкен киноға алып келуі тиіс еді. «Тэд Хэмилтонмен кездесу ұтып ал!» («Win a Date with Tad Hamilton!»), «Керемет компания» («In Good Company») секілді фильмдердің прокатта сәтсіздікке ұшырауы Тофердің де карьерасына кәдімгідей нұқсан келтірді. Оның «Өрмекші адам 3» («Spider-Man 3»), «Жыртқыштар» («Predators») секілді блокбастерлерге қатысуы да жағдайда өзгерте алмады. Енді оны азбюджетті картиналардан немесе елеусіз рөлдерімен көре аламыз.

Хилари Дафф

«Younger» сериалынан кадр

Әрі әнші, әрі актриса Хилари Дафф «Лиззи Магуайр» («Lizzie McGuire») сериалынан кейін жасөспірімдердің кумиріне айналған еді. «Көбейген сайын арзанырақ» («Cheaper by the Dozen»), «Күлбике хикаясы» («A Cinderella Story») секілді отбасылық комедияларға түсті демесеңіз, таңғаларлық жетістіктерге жете алмай қойды. Әншілігі де оны супержұлдыз етті деп айту қиын. Хилари қазір жазушылыққа бет бұрып, киім шығарады. Сондай-ақ, қайтадан телевидениеге оралып, «Жасару» («Younger») деген сериалға түсіп жүр.

Линдсей Лохан

«Scary Movie 5» фильмінен кадр

Шоу-бизнеске сәби шағынан бастап келген, болашағынан зор үміт күттірген актрисалардың бірі болатын. 10 жасынан бастап телесериалға түсіп, 11 жасында үлкен киноға түсті («The Parent Trap»).

Жыл сайын қадамдап алға өрлеп келе жатқан карьерасын құртуға өзі себепші болды. Есірткі мен ішімдікке тәуелділік, түсірілім алаңындағы жауапсыз әрекеттері абыройын айрандай төкті. Кейінгі кездері тіпті қаржылық тарығуды басынан өткізіп жүр. Сол себепті деңгейі төмен жобаларға қатысуға да келісе береді. 

 

Жалғасы бар...

Материалдың түпнұсқасы: film.ru

Пікірлер