• Біздің парақшалар:

ҚАЗАҚ КИНОСЫ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІ

Қазіргі таңда көрермен тарапынан ең көп айтылып, пікір білдірілетіні – тарихи-биографиялық және коммер­ция­лық фильмдер. Интернет пен әлеу­меттік желілер пайда болмай тұр­ған кезде пікірлердің негізгі кеңіс­тігі ресми басылымдар болса, қазір жағ­дай мүлдем өзгерген. Бүгінгі таңда рес­ми басылымдармен қатар, түрлі сайт­тарда, әлеуметтік желілерде тек мамандардың ғана емес, жалпы көп­шіліктің өзінің пікірін білдіруге то­лық мүмкіндігі пайда болды. Яғ­ни, әлеуметтік желілер, сайттар, интер­неттің басқа да мүмкіндіктері біртіндеп бейресми сынды қалыптастырып келеді. Осының өзі арнайы болмаса да фильмнің жарнамасына қызмет етіп отыр әрі көрерменнің қалай қабылдағаны туралы жедел мәлімет алуға мүмкіндік береді.

Бірақ, барлық фильмдер туралы ақпараттар жеткілікті ме? Оларды көрермен көре алды ма? Әрине, бұл  – мәселенің екінші жағы.

Әлбетте, көпшілік болған соң, тал­ғам да, ой-пікір де әрқилы болады. Әсі­ресе, өмірде болған тұлғалар­дың өмір­баяны мен тарихи оқиғалар туралы фильмдер экранға шыққанда олар­ға аударылатын назардың басым болатыны белгілі. Бұған соңғы бір-екі жылдағы баспасөз беттерін­дегі, әсіресе әлеуметтік желілердегі «Аманат», «Құнанбай», «Алмас қы­лыш» фильмдері айналасында көп­шілі­ктің аса қызығушылық танытып, әрқилы пікірлер білдіріп жүргені дәлел. Әрине, тарихи фильмдер туралы негізгі пікір қалыптастырушылар ау­диториясы – өнер мен әдебиетке, мә­дениет пен ғылымға қатысы бар қау­ым, білім саласында жүргендер, т.б. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желілер мен сайттар бүгінгі қазақ киносы туралы көрермен пікірінің негізгі мінберіне айналды.

Шындығында, кинемато­гра­фис­тер­дің тарихи тақырыптарға ба­руы­ның соңы әрдайым сәттілікпен аяқ­талмағаны мәлім. Авторлардың өзі үшін де, шығарманың өзі үшін де бұл өзі ең бір жауапты әрі кірпияз тақырып. Соңғы 25 жыл ішінде қазақ киносы осы тақырыпқа жиі бармаса да, жұртты елең еткізген ірі тарихи тұл­ғалар мен оқиғалар туралы аса көп бол­маса да, біраз фильмдер ұсынды. Бірақ, мамандар мен қоғам тарапынан қарша жауған сыни көзқарас ол фильмдердің барлығының бірдей көрермен тарапынан аса қабылдана бермегенін дәлелдеді. Осындай жағдай 1990-жылдары тарихи-биографиялық фи­льмдер экранға шыққанда орын алған еді. Сол кездің өзінде-ақ тарихи тақырыпқа батыл түрен сала алатын, дайындығы мен шығармашылық мүм­к­індігі мол авторлардың қазақ кино­сында өте тапшы екені көрініп қалған-ды.

Жаңа ғасырдың алғашқы онжыл­дығында қазақ киносы көрерменге бұрын­дары экранда пайда болмаған тарихи тұлғалар туралы «Біржан сал», «Мұстафа Шоқай», «Махамбет», «Батыр Баян» фильмдерін ұсынды. Әри­не, тың тақырып көпшілікті тағы елең еткізді. Бірақ, ол фильмдер эк­ран­ға шыққан кезде әлеуметтік желі­лер мен сайттар әлі де болса аса қар­қын­дылыққа ие болмаған еді. Олар туралы негізгі пікірлер газет-жур­налдар мен телеарналар арқылы қа­лыптасты. Ал соңғы бір-екі жылда шық­қан  фильмдердің көпшілік тара­пынан жан-жақты тал­қы­ға түсуіне арнай­ы басылымдар мен радио-теле­бағдарламалармен қатар, осы әлеу­меттік желілер мен сайттардың, интернет мүмкіндіктерінің әсері өте мол екенін айтуымыз керек.

Әлеуметтік желіні қолданушы көрерменнің кез-келген фильмді көріп шығысымен-ақ, іле-шала ол туралы пікірін жеке парақ­шасында қалдыруы заманауи фильм мен көрермен пікірі арасындағы «жіп­тің» тым қысқара бастағанын бай­қатады.

Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы

Пікірлер