• Біздің парақшалар:

Голливуд киносындағы стереотиптер

Бәріміз де Голливудтың түсірген фильмдерін қызықтап көрушілер санатынанбыз. Әрине, әлемдегі ең ірі киноиндустриялық орталықтың қол астынан шыққан бірталай туынды рухани демалыс сыйлайды, жақсы-жаманды көрсетіп, ойға ой қосады. Бірақ «голливудтық боевик» дегенде миымызға сарт етіп атыс пен шабысқа толы, я іш пыстырарлық көріністердің келетіні де бар. Бұл, сірә, аталған аймақтың аясынан жыл сайын жүздеген киноның шығып, тойдырып болғанымен байланысты болса керек. Не болғанда да жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысынан бастау алған адамзат мәдениетінде «голливудтық стиль» өзінің айрықша орнын алғанға ұқсайды.

Сонымен, фильм түсірудің Голливудқа тән жазылмаған ережелері:

  • Бір сіріңке не кішкентай қол шамы (фонарь) бүтіндей бір бөлмені/ғимаратты/үлкен үңгірді жап-жарық қылып жібереді.
  • Әр мектептің түнде де ашық тұратын есігі болады. Алайда егер кейіпкерге өлім қаупі төніп тұрса, ол есік міндетті түрде жабық тұрады. Жалпы ондай қауіп кезінде кез-келген есікті ашып, қашып кету мүмкін емес.
  • Ең жақсы күзетілетін және қорғалған ғимараттардың өзіне кеңінен салынған вентиляциялық жолдар арқылы кіруге болады.
  • Жаңбыр жауа қалса, міндетті түрде қатты жауған нөсер жаңбыр болады, сіркіреп жауған жаңбырды сирек көресіз.
  • Тұман қалың болып түседі. Қол созым жердегі дүние көрінбейді, алайда көлікке мінген біреу міндетті түрде осы тұманда ары-бері жүреді.
  • Молалардың үстін тұман басып тұрады.
  • Егер Сіз кейіпкердің шешесінің асханада не ваннада жүргенін көрсеңіз, оның өміріне қауіп төніп тұр деп біле беріңіз.
  • Барлығы не айтқысы келгенін соңына дейін айтады. Ешкім ешкімнің сөзін бөлмейді.
  • Полиция қызметкерлері не судан ақ, сүттен таза, не жемқорлыққа белшесінен батқан жалмауыз болады. Екі ортада жүрген құқыққорғау органынының өкілін көрмейсіз.
  • Тікұшақ көз жететін жерге келгенше, оның дауысы естілмейді. Мәселен, таудың ар жағында ұшып келе жатқанда жер-дүние тым-тырыс болады, ал ол көрінді дегенде жер-көкті дарылдаған дауыс алып кетті дей беріңіз.
  • Төбелескенде жағымсыз кейіпкерлер бас қаһарманға кезектесіп "жабылады".
  • Пистолеттің оқшантайлары 30, 40 немесе "Қанша керек сонша" оқтық болады.
  • Оқ ешқашан кері серпіліс (рикошет) жасамайды, ол көзделген нысанаға не оның айналасына 100% дәлдікпен тиіп жатады. Ескерту: сценарий бойынша аса қажет жағдайда кері тебілуі болуы мүмкін.
  • Жағымсыз кейіпкерлер лифт есігін оқ астына ала қалған жағдайда қажет бола қалады-ау деген оймен салынған шығар, әйтеуір оның (лифттың) төбесінде оп-оңай ашыла салатын люгі болады.
  • Қару ешқашан қызбайды. Ондаған адаммен атысып болған соң, оны бір жерім күйіп қалады-ау деп қорықпай-ақ шалбардың беліне/қалтасына сала салуға болады.
  • Барлық бомбалар тықылдап, дыбыс шығарады және олардың жарылысқа дейінгі уақытты кері бағытта санап жатқан кішкентай, жанатын дисплейлары болады.
  • Барлық бомбалар жарылысқа 10/5/3/1 секунд қалғанда залалсыздандырылады. Оны жасау оп-оңай, тек бір сымды әп деп қия салсаңыз болды. Тек түйткіл туындататын бір мәселе — қызыл сым ба, әлде көк сым ба? Бәлкім жасыл сым шығар?
  • Қандай қуатты жарылыс болмасын бас қаһарман жерге жата қалып не суға сүңгіп кетіп аман қалады және құлағы ешқашан бітелмейді.
  • Полиция автокөліктері соқтығыс кезінде ылғи ыршып кетеді не аунап түсіп жатады.
  • Соқтығысқан автокөліктер міндетті түрде жарылады. Тіпті дизельді ауыр машиналар да.
  • Бас қаһармен өміріндегі ең қиын тапсырманы тура зейнетке кетер алдында алады, оның үстіне ол тапсырманы орындауға бар болғаны 24/48/72 сағат беріледі.
  • Өмірге қауіпті жарақаттарды бас кейіпкер фильмның соңғы кадларында алады. Ал бұған дейін оған қанша рет оқ атылғаны, шатырдан лақтырылғаны, денесіне, бет-аузына қанша тоқпақ тигені маңызды емес.
  • Егер жағымсыз кейіпкердің бүкіл әлемді/қаланы/материкті/мемлекетті жоқ қылып жіберетін сұмдық қаруы болса, онда ол міндетті түрде сол қарудан өзі қаза табады, не жарылып тынады.
  • Бас кейіпкерлер ұйқыдан тістері тазаланып тұрады, себебі ояна сала сүйісуге жүгіреді.
  • Қолға түскен бас қаһарманды өлтіру үшін болат өндіретін бе, темір балқытатын ба, әйтеуір сондай бір зауытқа алып келеді.
  • Жағымсыз кейіпкердің баскесерлерінің түрлерінің жамандығы сонша, оларды бет-әлпетіне қарап-ақ соттап жіберуге болады.
  • Ең соңғы шайқаста қаһарман жеңіс алдында оңбай таяқ жейді.
  • Компьютерге отырғанда, тышқан (тінтуір) пайдаланылмайды. Кейіпкер пернетақтаны тоқтаусыз сартылдатып басып жатады.
  • Маркеттен келе жатқан кейіпкердің дорбасынан міндетті түрде француз багеті шығып тұрады.
  • Диспетчерлердің берген нұсқаулары бойынша ұшақты кез-келген адам қондыра алады.
  • Көлікпен құйғындатып қашып келе жатқанда, міндетті түрде кейіпкердің алдынан өртке қауіпті жүк көлігі шығады.
  • Фильм Францияда түсіріліп жатса, Эйфель мұнарасы қаладағы кез келген үйдің терезесінен көрініп тұрады.
  • Белгілі бір қылмыстық іс бойынша жұмыс жасап жатқан полиция өкілінен, жіберген қателіктері үшін ол ісін тартып алады. Сонда барып жаңағы полиция қызметкері шындап жұмысқа кіріседі.
  • Барлық шетелдіктер бөтен ешкім болмаса да, өзара ағылшынша сөйлескенді жөн көреді.

Пікірлер