• Біздің парақшалар:

Отбасымен отырып көретін кино: Шабандоз зебра

Бұл оқиға зебраның жас құлыншағы жайында. Бірде ол жаңбыр күні ауыл маңындағы жолда қалып қояды. Зебра көшпелі цирктің көлігінен түсіп қалған болатын. Фермер оны тауып алып, ат қорасына әкеліп ұстайды. Фермердің қызы оны өз қамқорлығына алып, оған Страйпс (Жолақ) деген ат қояды. Страйпс кішкентайынан жалғыз өскен болатын. Осы күнге дейін ол өзін жылқы деп есептеп, атшабысқа арналғанына сенімді болып келген.

Фермердің қызының көмегімен, Страйпс шабандоз болғысы келген арманына да жетеді. Сөйтіп, жылқы тұқымына еш қатысы жоқ зебраның құлыны Кентукки штатында болатын үлкен бәйгеге қатысу үшін жарыс жолына шығады.

Оқиғалар жас зебраның атынан беріледі. Дәлірек айтсақ, "кейіпкер" жануарлар "өз тілдерінде" сөйлеп, өзара қарым-қатынасқа түсе алады. Соның арқасында Жолақты қоршаған өзге үй хайуанаттарының қызықты да күлкілі сәттерін көре аламыз.

Жолақты шабандозды фермер қыз ғана баптамайды. Оның қоралас достары да зебраның арманына қол жеткізуіне көп күш салып, көмектеседі.

Картинада адамдар арасындағы және жануарлар арасындағы қарым-қатынастар салыстырыла беріледі (немесе көре отырып салыстыруға болады). Адами құндылықтардың хайуанаттар үшін маңызы олардың "тілдерімен" жеткізіледі. Көрермендерін күлкілі де қызық оқиғаларға еліте отырып, ой да тастайды. Демек, отбасы болып көруге әбден тұрарлық бірден-бір фильм деген атаққа лайық.

Басталысымен-ақ баурап алатын кинотуындыны демалыс күнгі киносеансыңызда көруге кеңес береміз.

Фильм жайында:

Атауы: Бешеные скачки / Racing Stripes

Жанры: драма, комедия, қызық оқиғалы, отбасылық, спорттық

Елі, жылы: АҚШ, 2005

Режиссер: Фредерик Ду Чау

Пікірлер