• Біздің парақшалар:

Отбасымен бірге көруге: Хардбол

Кейде ойлайсың, спортпен айналысу үшін бізге не жетпейді? Жаттығу залдарының тарифі ма? Тіпті болмаса, кез-келген мектептің спорт алаңына бар да, шыныға бер. Ешкім кет деп айтпайды, тек сабаққа кедергі келтірмесең болды. Тұрғын кварталдардың аулаларында орналасқан спорт алаңқайлар ше?

Әсіресе, осы фильмнен кейін шынымен спортпен шұғылданғың, не болмаса жақыныңды спорт секциясына бергің келіп кетеді. Әңгімеге арқау болғалы отырған картинамыз - "Хардбол" (Hard Ball) спорттық драмасы.

Қысқаша мазмұны: Түрлі матчтарға ставка қоюмен айналысатын және ұсақ-түйек алаяқтықты кәсіп қылған Конордың жолы болмай, борышқа белшесінен батады. Ақша табу жолында бәріне дайын ол кедей ауданда тұратын тәртібі қиын балаларды бейсболға үйрететін жаттықтырушы болып орналасады. Басында қарызынан құтылған соң, бұл кәсіпті тастайтынына күмәні болмаған еді. Дегенмен, уақыт өте келе Конор балалармен жақындаса бастайды. Құмарына айналған ставка қою кәсібін де тастап, бар күшін балаларды баптауға арнайды...

Басты рөлдегі Киану Ривстің бұл жарқын рөлдерінің бірі десек қате болмас. Немесе керісінше Киану Ривсті актер ретінде аша түскен картина десек те артық айтты демеңіздер. Сюжеті геттода тұратын қара нәсілді балалар төңірегінде. Олардың өмірінде жалғыз мәнді нәрсе бар болатын болса - ол әрине бейсбол. Олар өмірлеріндегі түрлі қиындықтарға қарамастан, күнде кешке жаттығуға келеді. Балалар жаттыға жүріп, бір-бірін жақыннан тани түседі. Команда дегеннің мәнін ұға түседі. Балалар өз аудандарының чемпионатына да қатысады.

Фильм жайында қысқаша:

Басты рөлдерде: Киану Ривз, Дайан Лэйн, Джон Хоукс, Брайан Хирн, Джулиан Гриффит, Майкл Б. Джордан, кіші А. Делон Эллис, Кристофер Лофтон, Майкл Перкинс, Брайан М. Рид

Режиссер: Брайан Роббинс

Шыққан жылы: 2001

Ел: АҚШ, Германия

Жанры: драма, спорт

Ұзақтығы: 106 минут

Фильмді қайғы мен ауыр тұрмысты суреттейтін ауыр көріністерден құралған деп қабылдап қалмаңыздар. Балалардың қылығы мен айтқан сөздері еріксіз күлкі шақыратын тұстары жетерлік. Жалпы фильм оптимистік рух береді. Ал, кейбір сәттерінде көзге тіпті жас та келеді. Ешқандай зорлық-зомбылық әрекеттер кездеспейді.

Пікірлер