• Біздің парақшалар:

Отбасымен бірге көретін кино: Таусылмайтын хикая

Отбасы болып көруге арналған кезекті кинотуындыны ұсынамыз. "Таусылмайтын хикая" (Die unendliche Geschichte) деп аталатын  фэнтези драмасы 1984 жылы шығарылған. Ескі фильм екеніне мән бермеңіз, өйткені сізді қызықты оқиғаларға толы таң қаларлық ертегі әлемі күтіп тұр.

"Таусылмайтын хикая" - неміс жазушысы Михаэл Энде 1979 жылы жазған балалар повесі. Кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылып шығарылды. Повесть балаларға арналған әдеби ертегі жанрына жатқызылғанымен, сыншылар оны ересек оқырмандар үшін де қызықты әдеби дүние деп бағалады. Бірнеше жылдан кейін кинематографшылар осы кітап негізінде фильм түсіруге бел шеше кірісіп кетті. Экранизация нәтижесін өздеріңіз бағалай жатарсыздар. Дегенмен, көңіліңізден шығатынына сенімім жоғары.

Фильм анасы қайтыс болған бала жайында. 10 жасар Бастианға мектептегі тентек балалар күн бермейді. Бірде ол пәлеқор сыныптастарынан қашып келе жатып, ескі кітап дүңгіршегіне тығылып қалады. Сол жерден ою-өрнекпен безендірілген тартымды бір кітапты тауып алады. Оны аша салысымен Бастиан тылсым фантастикалық әлемге тап болады. Бұл әлемде ертегіде ғана кездесетін неше түрлі тіршілік иелерімен кездеседі.

Фантазияның сиқыр әлеміне және оның билеушісі Император-қызға үлкен қауіп төніп тұрған еді. Қатер әкелуші - "орындалмаған армандардан" туындаған Біреу деген кейіпкер. Фантазия әлемін құтқару Атрейо есімді жас қаһарманның ғана қолынан келеді. Ал оның жеңіске жетуі кітапты оқып отырған Бастианның ой жетпес арман-қиялына ғана тәуелді...

Фильмге қатысты қызықты деректер:

- Осы атпен картинаның тағы 2 жалғасы түсірілді. Дегенмен бұлар айтарлықтай жетістікке жете алған жоқ. "Таусылмайтын хикая 3" тіптен көрермендер тарапынан үлкен сынға ұшырады.

- "Таусылмайтын хикая 3"-тің сюжеті кітапқа негізделмей, бөлек сценарий бойынша түсірілді. Ондағы кейіпкерлердің есімдері ғана Михаэл Энде повесінен алынды.

- Михаэл Энденің өзі "Таусылмайтын хикая" фильмін көргеннен кейін, кинотуындының атын өзгертуді талап етіп, түсіру тобын сотқа берді. Жазушы бұл әрекетін экранизацияның кітап желісінен тым ауытқып кетуімен түсіндіреді. Бірақ сот Михаэл Энденің шағымын қанағаттандырған жоқ. Кинокомпания жазушының аты-жөнін титрдан алып тастауға ғана келісті.

- Фильмнің бюджеті 27 миллион долларды құрады. Бұл Германияда түсірілген фильмдердің ішінде сол кезеңнің бюджеті ең жоғары картинасы атанды.

Фильм жайында:

Атауы: Бесконечная история / Die unendliche Geschichte

Жылы, елі: 1984, АҚШ, Германия

Режиссер: Вольфганг Петерсен

Сценариін жазған: Боб Истон, Вольфганг Петерсен, Херман Вайгель

Продюсер: Марк Дэймон, Бернд Айхингер, Дитер Гайсслер

Жанры: фэнтези, драма, қызық оқиғалы, отбасылық

Ұзақтығы: 102 минут

Пікірлер