• Біздің парақшалар:

Бақытты жандар драмасы

Басты кейіпкерАҚШ-тың теңіз жаяу әскерінің құрамында Иракта болып келген Логан есімді сержант. Иракта жүргенде бір әдемі қыздың фотосуретін тауып алады. Сол кезден бастап ол талай қанды қырғындардан аман қалады. Елде оны күтіп отырған ешкім жоқ еді, сондықтан қазіргі қызметінен босап шығуға оның аса құлқы бола қоймайды. Ал жаңағы сурет оның өмірге құштарлығын оятып, отанға оралуға асықтырады. Америкаға келісімен суреттегі қызды іздеп тауып, рахметін жеткізбек болады. Ұзақ ізденістерден кейін іздеген адамын табады, бірақ бәрі өзі ойлағандай бола қоймайды...

Қызықты драма кейіпкерлердің сол сәттегі көңіл-күйін жеткізетін әдемі сазды әуендермен толыға түседі. «Бақытты жан» - мағыналы диалог пен романтикалық сәттерге толы туынды. Ал, махаббат көріністеріфильмнің өзіне тән басты ерекшелігі деуге болады. Бұларға қоса кейіпкерлердің қоса езу тартқызар қылық-әрекеттерінің өз орнымен көрініс табуы туындыны одан әрі әрлендіре түседі. Сценаристтер романтика мен адамның қилы тағдырын суреттейтін драманы сәтті үйлестіре білгенін мойындау керек.

Аталмыш драма - режиссер Скотт Хикстің шығармашылығындағы үздік туындылардың бірі деуге тұрады. Режиссер екі жас арасындағы қарым-қатынастың қарапайым көзге көріне бермейтін түйткілдерін сәтті бере білген.

Басты рөлдегі Зак Эфрон жас та болса, талай хит фильмдерге түсіп үлгерген актер. «Қайта келген 17 жас» («Папе снова 17»; «17 Again») комедиясындағы рөлімен есте қалған ол, «Бақытты жан» арқылы тағы бағы жанады деуге толық негіз бар. Оның ғашығы рөліндегі Тейлор Шиллинг - әлемдік кинематографияның жас жұлдызы. Бұған дейінгі рөлдері аса елеулі болмаса да, осыдан бастап үлкен жобаларда көрініп жатса таң қалмаңыз. Екеуінің де ойындары фильмнің көрерменге мол әсермен жетуіне басты себеп болғанын мойындау керек.

Картинаның ерекше сюжеттік желісі алғашқы минуттардан-ақ көрерменін өзіне баурап алады. Әсіресе, романтикалық және қыз бен жігіттің алғаш танысқаннан бастап бір-біріне сезімдері ашық байқалғанға дейінгі үрдісті бақылауды ұнататын көрермендер үшін таптырмас туынды.

Пікірлер