• Біздің парақшалар:

Режиссердің "сүйіктісі" немесе актердің "өкіл әкесі"

Кино түсіру үрдісі - өте ауыр да күрделі жұмыс. Ал, оның қаншалықты қиын болғанын режиссер немесе актер фильм экранға шығып, сәтті жүзеге асқаннан кейін ғана айтып жатады. Сондықтан режиссерлер түсірілімді барынша жеңілдетуге тырысады. Ол үшін режиссерлер бұрыннан білетін және осыған дейін бірге жұмыс істеген актерді жаңа жобасына шақырып жатады. Бір режиссер мен актердің тандемін бірнеше рет көрген көрермен де, олардың есімдерін қатар атай бастайды. Режиссердің «сүйіктілері» немесе актердің «өкіл әкелері» осылай пайда болады.

Актер үшін де танымал әрі жолы болғыш режиссердің қоластында еңбек ету аса тиімді. Біріншіден, актер үйреншікті ортаға еркін еніп, жаңа рөліне тез бейімделіп кетеді. Екіншіден, сенімді кинорежиссердің арқасында жақсы жетістікке жетуге мүмкіндік жоғары. Осы орайда, біз бірқатар танымал режиссерлер мен актерлер арасындағы белгілі одақтарды атап кетуді жөн санадық.

Тим Бертон мен Джонни Депп

Бұл екі маманның шығармашылық тандемі сонау 1990 жылдан бастау алды. Жалпы, Депп режиссер Бертонның фильміне көп түсетін актерлердің тізімінде көш бастап тұр және ол Бертонның альтер-эгосы (латын тілінен аударғанда – «екінші мен») болып есептеледі. «Эдвард қайшы-қолдар» («Эдвард руки-ножницы»; «Edward Scissorhands») – Т. Бертонның Депптің қатысуымен түсірген алғашқы фильмі. Содан бастап осы күнге дейін екі достың қолынан 8 кинотуынды шығыпты.

Айта кету керек, режиссер Джоннимен жұмыс істегенде аса бір үлкен эксперименттерге бармайды: Джонни Депптің қатысуымен шыққан фильмдердің басым бөлігі фэнтези жанрында шығады және актерге үнемі ертегі кейіпкерлерінің рөлі бұйырады. Қандай сиқыры барын білмедік, бірақ екеуінің шығармашылық бірлестігінен шыққан дүниелерді көрермен қашан да жылы қабылдайды. Тим түсіріп, Джонни түскен фильмдер тізімі төмендегідей:

1. «Эдвард қайшы-қолдар» («Эдвард руки-ножницы»; «Edward Scissorhands») – 1990 ж.;

2. «Эд Вуд» 1994 («Ed Wood») – 1994 ж.;

3) «Ұйқыдағы алқап» («Сонная Лощина»; «Sleepy Hollow») – 1999 ж.;

4) «Чарли және шолокад фабрикасы» («Чарли и шоколадная фабрика»; «Charlie and the Chocolate Factory») – 2005 ж.;

5) «Қалыңдық мүрдесі» («Труп невесты»; «Corpse Bride») – 2005 ж.;

6) «Суини Тодд: Флит-стриттің жын-шаштаразшысы» («Суини Тодд, демон-парикмахер с Флит-стрит»; «Sweeney Todd: The Demon Barber of Fleet Street») – 2007 ж.;

7) «Алиса ғажайыптар әлемінде» («Алиса в стране чудес»; «Alice in Wonderland») – 2010 ж.;

8) «Қараңғы көлеңкелер» («Мрачные тени»; «Dark Shadows») – 2012 ж.

Мартин Скорсезе мен Леонардо ДиКаприо

Екеуінің бірлескен жұмысы 2002 жылы жарыққа шыққан «Нью-Йорк бандалары» («Банды Нью-Йорка»; «Gangs of New York») тарихи драмасынан бастау алған еді. Содан бері ДиКаприо Мартин Скорсезенің бірнеше фильміне басты рөлдерді орындады: 2004 жылы «Авиатор» («The Aviator»), 2006 жылы «Жолынан жаңылғандар» («Отступники»; «The Departed»), 2009 жылы «Қарғыс аралы» («Остров проклятых»; «Shutter Island»). Бұл тізім осымен бітпейді. Режиссер белгілі қаржыгер Джордан Белфорттың өмірбаянына арналған «Уолл Стрит қасқыры» («Волк с Уолл-стрит»; «The Wolf of Wall Street») атты драмасында ДиКаприоға басты рөлді ойнады.


Дэвид Финчер мен Брэд Питт

Финчердің қолынан шыққан дүние қашан да сұранысқа ие. Режиссер сонымен қатар актерлерді таңдауға келгенде аса талғампаздығымен белгілі. Оның 1995 жылы шыққан «Жеті» («Семь»; «Se7en») триллерінде басты рөлде ойнаған жас Брэд Питтпен әлі талай хитқа айналар бірлескен жобалар дүниеге келеді деп ешкім де ойламаған шығар. Режиссердің «Төбелес клубы» («Бойцовский клуб»; «Fight Club» - 1999 жыл) атты драмасынан кейін Брэд Питт Голливудтың ең көп сұранысқа ие актерлердің санатына қосылды. Іс бұнымен тоқтап қалған жоқ. 2008 жылы аталған екі адамның бірлескен жұмысының нәтижесінде «Бенджамин Баттонның шынайы оқиғасы» («Загадочная история Бенджамина Батона»; «The Curious Case of Benjamin Button») кинотуындысы дүниеге келді. Бұл фильм кино әлемінде төңкеріс жасаған дүние деп аталды. Әрине, Дэвид пен Брэд шығарған фильмдер саны көп емес, бірақ әрқайсысы шедевр деуге тұрарлық дүние ретінді әлем жұртшылығын мойындатып, кино тарихында қалатын культ туындылар санатына кірді.

Ридли Скотт пен Рассел Кроу

«Бөтен» («Чужой»; «Alien» - 1979 ж.), «Прометей» («Prometheus» - 2012 ж.) секілді шедеврлерді дүниеге әкелген Ридли Скоттың да өз «сүйіктілері» бар. Рассел Кроу режиссердің таңдаулы әртістерінің қатарына кіреді. Екеуінің шығармашылық одағы 2000 жылы «Гладиатор» («Gladiator») тарихи боевигінен басталыпты. Режиссер Расселге арнап үнемі есте қаларлықтай үлкен рөлдер тағайындайды. «Жақсы жыл» («Хороший год»; «A Good Year» - 2006 ж.) мелодрамасын есептемегенде, Р. Кроу режиссердің боевик фильмдерінде ойнады: «Жалғандық жиынтығы» («Совокупность лжи»; «Body of Lies» - 2008 ж.); «Робин Гуд» («Robin Hood» - 2010).

Ақан Сатаев пен Берік Айтжанов

Қазақстандық режиссерлер де тұрақтылықты қалайды. Мысалы, Ақан Сатаев пен Берік Айтжановтың тандемі әзірге азғантай фильммен шектелсе де, болашақтан көп үміт күттіреді. «Ағайынды» телесериалынан кейін Сатаевқа Айтжановпен жұмыс істеу ұнап қалған секілді. Ақан Сатаевтың 2011 жылы шыққан «Ликвидатор» триллерінде актер Айтжанов екінші рет басты рөлімен көпшілікті сүйсіндірді. Режиссердің қолынан шыққан «Жаужүрек мың бала» тарихи драмасында Берік Әбілхайыр ханның рөлінде ойнады. Сондай-ақ "Анаға апарар жол" фильмінде екінші пландағы рөлді ойнады. Жалпы, екеуінің шығармашылық бірлестігі әлі алда деп есептеймін.

Міне, кино әлемінде режиссер мен актер одақтарының осындай үлгілері бар.

Пікірлер