• Біздің парақшалар:

Саналы роботтар туралы фильмдер

1. Робот адамға зиян келтірмеуі тиіс және адамға зиянның келуіне өзінің әрекетсіздігімен жол бермеуі керек.

2. Адам берген бұйрықтар Бірінші Заңға қайшы келген жағдайлардан басқа кезде, робот барлық бұйрықтарға бағынуы керек.

3. Робот Бірінші немесе Екінші Заңдарға қайшы келмесе, өзінің қауіпсіздігіне көңіл бөлуі тиіс.

Осындай мағынадағы заңарды құлтемірлер туралы бірқатар фильмдерден естіген шығарсыздар. Бұл заң Айзек Азимов есімді жазушының өзінің шығармаларында ойлап тапқан роботтарға арналған тәртіп ережесі. Кейін аталған ереже басқа да жазушылардың ғылыми фантастикалық шығармаларында айтылып, киноға да ауысты.

Адам қашан да өзіне ұқсас саналы тіршілік иелерін іздеумен келеді. Өзге планеталықтар туралы сенім де соның айғағы шығар. Жер бетінде адам секілді ақыл-есті тіршілік кездеспегеннен кейін, адамдар өз қиялдарымен соларды ойлап таба бастады. 20-ғасырдың бастапқы кезеңдерінде-ақ құлтемірлер туралы әдебиет туындылары дүниеге келді. Cаналы роботтар әлі шықпаса да, кітап пен кинода роботтар туралы тұтас түсініктер беретін үлкен әлем қалыптасты десе де болады.

Құлтемірлер әлемінің қалыптасуына әрине бірінші кезекте киноның еңбегі зор. Айдарымыздың бүгінгі шығарылымында саналы роботтар туралы фильмдерге шолу жасап көреміз.

«Ұстараның жүзімен жүгіруші» («Бегущий по лезвию»; «Blade runner»)

Режиссер Ридли Скоттың 1981 жылы шыққан фильмі. Әңгімені осы туындыдан бастаудың да өз себебі бар. Аталған фильм өзінен кейін шыққан құлтемірлер туралы картиналардың стилін қалыптастырып берді. Дәл осы «Ұстараның жүзімен жүгірушіден» бастап құлтемірлер киносында жаңа бағыт пен түсінік пайда болды. Ол прокатта сәтсіздікке ұшыраса да, ғалымдар тарапынан тарихтағы ең үздік ғылыми-фантастикалық фильм деген баға алды. Басты рөлде Харрисон Форд ойнайды. Ал фильмнің өзі Филип Диктің «Андроидтар электр қойлар туралы түс көре ме?» («Do Androids Dream of Electric Sheep») романының негізінде түсірілген.

«Екі жүз жылдық адам» («Двухсотлетний человек»; «Bicentennial Man»)

1999 жылы шыққан Крис Коламбустың кинотуындысы. Құлтемірлердің әдебиеттегі «атасы» Айзек Азимовтың шығармаларына негізделген. Басты рөлдегі андроидты Робин Уильямс сомдады.

Фильм адамгершілік пен жасанды интеллект, құлдық пен еркіндік, өз құқығы үшін күрес, өмір мен өлім түйткілдерін көтереді. 2000 жылы фильм «Оскар» жүлдесін алды.

«Жасанды сана» («Искусственный разум»; «A.I. Artificial Intelligence»)

Стивен Спилберг 2001 жылы түсіріп шығарған ғылыми-фантастикалық драма. Сюжетте «миына» анаға деген махаббат сезімдері программаланып орнатылған, асырап алуға арналған робот-бала туралы баяндалады. Фильм Брайан Олдистің «Суперойыншықтар бүкіл жазға жетеді» («Super-Toys Last All Summer Long») әңгімесінің негізінде түсірілді. Картина «Оскардың» 2 номинациясының иегері.

«Мен, робот» («Я, робот»; «I, Robot»)

Алекс Пройастың фантастикалық көркем фильмі. 2004 жылы шыққан осы туындыға да жазушы Айзек Азимов шығармаларының желісі негіз болды. Басты рөлді Уилл Смит орындады. Фильмде жоғарыда аталған үш заңға бағынбай кеткен роботтар туралы баяндалады. Ерекше технологияларымен, компьютерлік графикаларымен және әдемі сюжетімен картина көпшілік көзайымына айналды.

Жоғарыда тоқталған фильмдердің бір-бірімен байланысы болмаса да, бәріне ортақ тұсы бар, ол – саналы роботтар. Олардың өздерін жасаған адамдарға қарсы тұруы, өз бостандықтарын талап етуі және адамдармен бірдей құқыққа ие болуға ұмтылу мәселелері көтеріледі. Бұларға қоса, жанрлары бойынша бір-біріне ұқсамайтын, бірақ құлтемірлерді сюжет негізі етіп алған картиналар да жетерлік. Олардың ішінде бірнеше бөлімнен тұратын «Тансформерлер», «Терминатор», «Робокоп» франшизаларын ерекше атап өтуге болады. Қалай десек те, кино әлемінде жаңа ортақ тақырып қалыптасты – ол саналы роботтар. Бұндай фильмдердің өз көрерменін ешқашан жоғалтпауы әлі де осы тектес талай әдемі дүниелердің экранға шығатынына кепілдік болатын тәрізді.

Пікірлер