• Біздің парақшалар:

Отбасылық кино: "Ханша мен бақа": ескі де жаңа мультфильм

Үлкенге де, кішіге де бірдей қызықты һәм көңілді, миға, жүрекке артық салмақ түсірмейтін туындылар болады. Және олардың қатарында көбінесе мультфильмдер кездесіп жатады. Сізге де, сіздің отбасыңызға да көруге тұрарлық туындылардың бірі - жоғарыдағы сипаттарға қай жағынан алып қарасаң келетін "Ханша мен бақа" мультипликациялық туындысы.

Жаңа Орлеанның Француз кварталында тұратын қаранәсілді даяшы Тиана бала күннен бірге өскен құрбысының үйінде өтетін кешке барады. У-шу қонақтардың арасынан сытылып шығып, бөлмеде жалғыз отырған ол кештің басты қонағы және Тиананың құрбысының жүрегін жаулап алған сері жүректі ханзада Навинді... бақа бейнесінде кездестіреді.

Алайда, зұлым вуду, сиқыршы доктор Фасильенің кесірінен қосмекенді болып шыға келген ханзада үмітін үзбейді, тырбаңдаған түріне қарамай Тианны "жаулап" алмақ болады. Ондағы ойы - қыз өзін сүйсе қайтіп адам қалпына келу.

Ары-бері үгітке әрең көнген Тиана бақаны сүйіп алады. Бірақ, ханзаданың қайтіп адам кейпіне оралуының орнына, Тиана... бақаға айналып кетеді.

Небір қиыншылықты бастарынан өткеріп, бір-бірімен салғыласып, ұрсысып, орманға жеткен екі бақа джаз десе жанын беретін қолтырауын Луиды, көңілді жарық қоңыз Рэйды кездестіреді.

Бұл кезде ханзаданы өз мақсаттарында пайдаланғысы келген сиқыршы доктор Фасилье оны іздеуге зұлым да қорқынышты көлеңке-құбыжықтарды жібереді. Ал Оди шешейден қажетті ақыл алған және бір-біріне деген ыстық сезімдері оянған екі бақа қалаға қайта оралу үшін жолға шығады...

"Ханша мен бақа" - ұзақ уақыт үзілістен кейін дәстүрлі анимация техникасымен (салынған жолмен) түсірілген алғашқы мультфильм.

"Су перісі", "Алладин" секілді Дисней мультфильмдерінің алтын қорына енген туындыларды түсірген Джон Маскер мен Рон Клементс шын мәнінде отбасылық анимациялық шығарманы дүниеге әкелді. Сонымен қатар, композитор Рэнди Ньюманның әуенімен әрленген "Ханша мен бақа" мюзикл болып та саналады. Десе дегендей-ақ, фильм бойы өте сапалы әндерді тыңдауға және олардың мән-мазмұнын ашатын кадрларды көруге болады.

Диснейдің 49-шы мультфильмі (50-ші мультфильм болып Рапунцель туралы хикая тіркелді) кішкентай балаларға қызықты болмақ, себебі фильмде жағымсыз көріністер жоқ, бәрі де сол ескі а-ля "Сұлу қыз бен құбыжық" стилінде түсірілген.

Түрлі-түсті, бояуы қанық туындына үлкендер де бас тартпай көреді деуге болады - сәтті айтылған, айтылып қана қоймай көрсетілген қалжыңдар күлкі сыйлай алады. Оның үстіне мейірімді ертегі мен оның кейіпкерлері (жағымдысы болсын, жағымсызы болсын) алды өткен ғасырдың орта шені, арты 90-шы жылдары қалып кеткен, қолдан салынған сурет-мультфильмдерді еске түсірері сөзсіз.

Фильм жайында:

Атауы: Ханша мен бақа (Принцесса и лягушка / The Princess and the Frog)

Елі, жылы: АҚШ; 2009

Жанры: фэнтези, мелодрама, мюзикл, отбасылық, мультфильм

Ұзақтығы: 97 минут

Режиссер: Рон Клементс, Джон Маскер

Рөлдерді дыбыстаған: Аника Нони Роуз, Бруно Камрос, Кит Дэвид, Мишель-Леон Вулей, Джим Каммингс, Дженифер Льюис, Джон Гудмен, Опра Уинфри, Дженифер Коуди, Терренс Ховард

Пікірлер