• Біздің парақшалар:

"Көшпенділер" декорациясы жайында

Бүгінгі әңгіме «Көшпенділер» фильмінде қолданылған ауқымды декорация – Түркістан қаласының көшірмесі жайында болады. Алматы қаласынан 116 шақырым жерде Іле өзенінің бойында тұрғызылған кешен әлі күнге дейін бар және туристер үшін аралап көруге есігі ашық. 

Аз-мұз тарихынан... 

Декорация шынымен де ауқымды (соның ішінде Қазақстан кинематографиясы үшін) және тарихи шындыққа барынша сәйкестендіріліп салынған. Тіпті декорация құрылысы да ағаш, сабан секілді қазақ халқы орта ғасырларда пайдаланған құрылыс материалдарымен құрыстырылды. 

«Көшпенділер» кинотуындысында сол кезеңдегі халық тұрмысының ахуалын дәл беру мақсатымен, декорация жұмыстарына әлемдік деңгейдегі шеберлер тартылған еді. Атап айтқанда 12 «Оскар» алған Франко Фумагалли (қоюшы-суретші) мен Милен Крека Клякович (суретші) секілді белгілі мамандар бар. Ортағасырлық Түркістан қаласын тұрғызуға шамамен 1 миллион доллар көлемінде қаржы жұмсалыпты. 

Дегенмен, Түркістан шаһарының көшірмесі төңірегінде бірқатар даулар туындағанын атап өту қажет. 

Жаңғырмай жатып көнере жаздаған шаһар 

Бәріне кінәлі ауа-райы екен. Бірақ, қазақ киносы саласындағы менеджменттің дамымағандығы да түрлі келіспеушіліктердің туындауына себепші болады. Фильмдегі жаз мезгілін қоңыр күз – қараша айында түсірмек болған әрекеттің өзі еріксіз күлкі келтіретіні рас. Қара жаңбыр тоқтамастан жауа берген соң, 500 адамдық массовкасы бар түсіру тобы күннің ашылуын күтіп бірнеше күн босқа жатып қалады (Қараңыз: «Кочевник» заморожен, будем надеяться, что пока только до весны». «Новости недели». № 48 (164), 03 желтоқсан 2003 жыл). 

Міне осы нөсерлете жауған жауын «Түркістан» декорациясын шайып кетуге шақ қалыпты. Тіпті қорғанның 10 метрлік қабырғалары опырыла бастайды. Декораторлар шаһардың макетін полиэтиленмен жауып, оның бүтіндігін сақтап қалуға тырысқанымен, бұл үлкен нәтиже әкеле қоймайды. Оның үстіне екі айдан бері жалақы алмаған жұмысшылар да наразылықтарын білдіріп, еңбек етуден бас тартады. 

Түркістанның екінші өмірі 

Дегенмен алып декорацияны салуға кеткен қаржы мен еңбек босқа кетпеген тәрізді. Бастысы – «Көшпенділер» фильмінен кейін ол қаңырап қалған жоқ (әйтсе де, даладағы қоқысқа айналуына барлық алғышарттар бар еді: жел мен жауын салдарынан бүліну, тоналу, т.б. факторлар). Тимур Бекмамбетовтың «Дневной дозор» фильмінің прологында дәл осы «Түркістан» декорациялық кешені пайдаланылды. «Көшпенділерді» көрген көрермен «Дневной дозордағы» көне шаһарды бірден таныры сөзсіз. 

Ресейлік фантастикалық фильмнің сюжеті бойынша, Ақсақ Темір (Темірлан) тағдыр боры сақталған қамалға шабуыл жасайды. Осы эпизод үшін Іле өзенінің бойындағы қорған пайдаланылды. Компьютерлік графиканың көмегімен өзен мен таулар кадрдан алынып тасталды. «Көшпенділердегі» көріністерді қайталамау үшін, шаһардың сырт бейнесіне де бірқатар өзгерістер енгізілді. Сөйтіп Түркістан лабиринт формасында салынған парсы қамалының «рөлінде» сәтті көрініс тапты. 

Түркістанның үшінші өмірі 

2008 жылы шыққан Сатыбалды Нарымбетовтың «Мұстафа Шоқай» тарихи драмасында декорацияны кезекті рет тамашалай аламыз. Түркістан автономиясын құрған Шоқай өміріне арналған фильмде «Түркістан» декорациялық кешені Қоқан қаласы ретінде көрсетіледі. 

Қайта оралған Түркістан 

2012 жылы жарық көрген «Жаужүрек мың бала» қазақ халқының жоңғарлармен күресі жайында баяндайтын жаңа ғасырда шыққан екінші кинотуынды. Біріншісін өзіңдеріңіз білесіздер – «Көшпенділер». Ақан Сатаев пен сценаришілер декорацияны тағы бір рет фильм түсіріліміне пайдалануды жөн көріпті. Әрине, қайталануға жол бермеу мақсатымен оның келбеті компьютерлік графикамен аздап өзгертіледі. 

Түркістан – шоу-бизнесте 

Жәмила Серкебаева мен Тұран тобы бірігіп түсірген «Қанекей, тілім сөйлеші» видеоклипі осы шаһар-макеттің ішінде түсірілд. Сонымен қатар дәл осы декорацияны сондай-ақ Нұржан Керменбаевтың орындауындағы "Есіңде ме?", Jah Khalib-тің «Медина» клипінен, басқа да музыкалық видеолардан көре аламыз. 

Қазақстанның ең танымал әрі үлкен декорациясының экрандағы өмірі бұнымен бітпейді деп сенеміз. Әлі де талай фильмдердің түсірілімінде пайдаға аса берсін, тек қайталанғыштығымен талғампаз көрерменнің жүйкесіне тимесе болғаны.

Пікірлер