• Біздің парақшалар:

«Тұңғиық» - Джеймс Кэмеронның фантастикалық драмасы

Фильм 1989 жылы жарыққа шықты. Джеймс Кэмерон әдеттегідей бұл жобасына да көп күш пен қаржыны сарп еткен. Нәтижесі фильмнің өзінен де көрінеді. 

АҚШ-тың Әскери-теңіз флотына қарасты "Монтана" атты атом сүңгуір кемесі ядролық қаруымен бірге апатқа ұшырайды. Флот министрлігі кеме батқан орынға жақын маңда жұмыс істеп жатқан су асты зерттеу станциясының мамандарынан көмек сұрайды. Төрт әскери барлаушының көмегімен зерттеушілер апаттың себебін анықтап, ядролық қаруларды істен шығарулары қажет. Бірақ мұхиттың түбінде олар бұрын-соңды болмаған тылсым құбылысқа тап болады. 

Фильм визуалды эффектілері үшін 1990 жылы "Оскар" сыйлығына ие болды. 

Сюжет толық дерлік судың астында өрбиді. Қап-қараңғы тұңғиықта кейіпкерлермен бірге жүргендей әсер береді. Мұхит түбіндегі станцияның атмосферасы ерекше бір көркемдікпен көрерменге берігендей болады. Ерекше есте қалар фильмдер санатына кіруі де сол себептен шығар. 

Дегенмен, кішкентай балалардың түсінуі үшін ауыр болуы мүмкін. Сондықтан, 13-15 жастан жоғары кино сүйер көрермендерге көруге кеңес берер едік. Әрине ересектердің қатысуымен.  

Эд Харрис, Мэри Элизабет Мастрантонио, Майкл Бьен, Лео Бёрместер, Тодд Графф, Джон Бедфорд Ллойд секілді актерлер қатысқан. Жанры: қызық оқиғалы, драма, триллер, боевик, триллер. Тағы бір ескерте кетер жайт, фильм өте ұзақ - 170 минут. Сондықтан алдын ала кино көруге қажетті нәрселеріңізді алдын ала сайлап және/немесе кино көруге кедергі болатын шаруаларыңызды алдын ала тындырып алуға кеңес берер едім. Сіздерді үш сағаттық мұхит тұңғиығы күтіп тұр. Бұл су астындағы жай ғана саяхат емес, тамаша, таңғажайып тіршілік иелерімен де кездесу болады. 

Сонымен «Тұңғиық» («The Abyss»; «Бездна») фильмі отбасымен бірге көруге тұрарлық кино ретінде ұсынылады.

Пікірлер