• Біздің парақшалар:

ШӘКЕН АЙМАНОВ - 99 ЖАСТА!

ӨНЕР – таңғажайып сырға толы қиял әлемі. Қазақ өнерінде өзіндік орны бар тұлға, хас шебер, ұлттық бояуды экрандық өнерде көркемдей алған суреткер, актер, режиссер  –  Шәкен Кенжетайұлы Аймановтың туылған күні.                                 Бүгін қазақ киносының туған күні!!!

Осыдан 99 жыл бұрын Баянауыл бөктерінде дүниеге келген Шәкен Кенжетайұлы бар ғұмырын қазақтың театры мен кино өнеріне арнады. Ғасырына бір рет дүниеге келетін ерекше жан.

Тар жол тайғақ кешу заманында – «Махаббат дастаны» атты фильмімен қазақ киносының алғашқы кірпішін қалады. «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште», «Алдар көсе» сынды комедиялар мен «Атамекен», «Атаманның ақыры» сынды ұлттық болмыс пен рухқа толы төл туындыларды экрандады. Көрермендеріне – Танадай асыл ананы, Тайлақтай ерке баланы, Қасымхандай чекисті, Елубайдай абзал ақсақалды, Баяндай немерені танытты.  Кинода – Жамбыл бабасының бейнесін сомдады. «Гауһартас» фильміне де үлес қосты, қазақ киносының 1950-1970 жылдар аралығында көркемдік жетекшісі болды. «Қыз Жібек» фильмінің жарық көруіне үлес қосты. Аз ғана уақытта қазақ киносының пайда болуына, қалыптасуына, «алтын ғасырын» /шарықтау шегіне / жеткізуде бірден – бір үлес қосқан тұлға. Өзінен кейінгі өкшебасар інілері – Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықов, Шәріп Бейсембаевтардың ұлттық кинода «тұлға» болып қалыптасуына қол ұшын берген,  «аға» бола білген жан. Бұның бәрі тарих беттерінде естелік болып жазылған да, айтылған да, айтылып та келе жатқан шындық.

Шәкен Аймановтай ұлылар салған дара жол, актерлік өнер мен режиссура, қазақ киносының тарихы әлі де «жаңа ғасырына», ұлттық кинонының шарықтау шегіне жетеді деген үмітіміз бар. Бүгінгі күні Сізде уақыт тауып, Ш.Аймановтың киноларын көріңіз, тарихқа бір күндік уақытыңызды бөліңіз! Бүгін қазақ киносының саңлағы дүниеге келген айшықты күн!!!

 

 

Пікірлер