• Біздің парақшалар:

ДАНИЯЛЫҚ «ҚЫЗ», «ОСКАР» КИНОЖҮЛДЕСІ МЕН ТРАНСГЕНДЕРЛІК САЯСАТ

Лили Эльбе – ХХ ғасырдағы ең танымал есімдердің бірі. Даниялық суретші Герда Вегенердің «Лили Эльбе» сериясымен жарыққа шыққан туындылары өз кезінде өте жоғары бағаланған. Жас суретші Герда өзінен 7 жас үлкен Эйнар Вегенер есімді суретшімен танысып, онымен тұрмыс құрады. Күндердің күнінде Герда күйеуінен «муза» болуды өтінді. Оны бояндырып, киіндірген соң бейнесін модель ретінде шығармаларына пайдаланған. Уақыт өте келе Эйнардің басында үлкен өзгерістер байқала бастайды. ХХ ғасыр... Сәннің алтын дәуірі... Эйнар көйлектер мен әйелдердің аяқ киімін киюді біртіндеп әдетке айналдырды. Ақыр соңында Эйнар Вегенер өзінің жаратылысынан бас тартып, іштей «мен әйелмін» деген ойдан арыла алмай қояды.


Эйнар Вегенер – әлемдегі ең алғаш ота жасау арқылы жынысын өзгерткен трансгендер. Есімін Лили Эльбе деп өзгертті. Оның осы қадамды жасауына бұрынғы әйелі, суретші Герда Вегенердің өзі көмектеседі.
Осы тарихи оқиға биыл үлкен экрандарға шыққан «The Danish Girl» (Даниялық қыз, дат қызы – А.) атты фильмге арқау болды. Басты рөлді былтыр ең үздік актер атанып, «Оскар» киножүлдесін иемденген Эдди Редмэйн сомдады. Редмэйн бұған дейін ғалым Стинвен Хокингтің бейнесін экранға алып шығып, дүние жүзіндегі көрермендерді бір сүйсіндірген еді. Британиялық актердің шығармашылық болашағы үлкен екені сөзсіз. Осындай актерді таңдаған даниялық қыз туралы фильмнің шығармашылық ұжымы өте сәтті қадам жасады десек болады. Редмэйн аталмыш рөл үшін 7 кг салмағын тастап, бар өнерін салған. Биыл қайта «Оскар» сыйлығына үміткерлердің қатарына енді. 2 жыл бойы актер трансгендерлер қауымдастығында жұмыс істеді. Әлемде жынысын ауыстырғандардың 41 пайызы өзіне өзі қол жұмсап өлетінін айтып қатты таңғалғаны да бар.

Қазір бұл фильм Қазақстанның кинотеатрларында да белсенді түрде көрсетіліп жатыр. Актерлық ұжымы мықты. Фильм сапалы түсірілген. Жұрт қанша дүрлігіп Леонардо Дикаприо «Оскар» алады десе де, түбінде бұл сыйлық дәл осы киноның басты кейіпкеріне бұйырып қалуы ғажап емес. Астанада аптада 7 күн болса, соның 3 күнінде кинотеатрға баратын жастар да, балалар да көп. Кино – ең үлкен насихаттаушы күш. Алдында еуропалық ең беделді ән байқауында да сақалды «қыз» жеңіске жетіп еді. Экранды жаулаған осының бәрін бір күні келіп балаңыз, бауырыңыз не қарындасыңыз түсіндір десе, сіз не айтар едіңіз? ...

P.S. Эдди Редмэйннің өнеріне сөз жоқ! Жүрегім елжіреп, бір сәтке трансгендерді аяп кеттім. Бірақ...

 

Пікірлер