• Біздің парақшалар:

Дүбәра фильмдер кімге керек? (мақала)

Телеарналарға телмірген көпшілікке қандай фильмдер жиі беріледі? Қай арнаны ашсаңыз да, бір сүлесоқ күй. КТК арнасы Е. Рақышевтың "Әйгерім" фильмін тоқтаусыз ұсынады. Көркем киноларға ат қоюға "ерініп", басты кейіпкер қыздың атын қоя салатын бағзыбір режиссерлердің ізімен Е. Рақышев та бұл туындысына қыз атын берген.  Осылайша соқыр қыз Әйгеріммен бірге әлденеше мәрте "жылап-сықтадық". Бірнеше күн қатарынан көгілдір экраннан көлбеңдеп кетепей қойса, "жыламауға" амал қалмайды екен.

Жә, щалқып-тасуға тиіс лепті "жібек мұңмен" алмастырғанымыз сөкеттік болмас... Бірақ киноның бүкіл табиғатын ашатын атау беруден кері тартатын "Жібек", "Айжан",, "Айша", "Қарлығаш", Айман-Шолпан",  "Әйгерім" тәрізді қызатты кинолардың көптігіне қайранбыз. Соларға болмысын бедерлейтін бар ат неге тақпасқа деген ойға қалып жүрміз. Ал "Дүбәра" фильмі қызатты боламын деп, ақыры сызатты екенін білдіріп, айды аспанға бір-ақ шығарды. Қазақтың баласына Дүбәра деп есім бергенін естуіңіз бар ма? Иә, бұл-режиссер Хамза Көксебектің көркем фильмі. Дүбәра-басты кейіпкер қыздың есімі. Қазақ қызатты киноларының шеруі осындай оспадар атпен "ажары асты". Х. Көксебектің мәлімдеуінше, кино қазіргі қоғамдағы келеңсіздіктердің боямасыз бейнесінен туған.  Алайда сол боямасыз шындық әшекей тақпаған әрсіз әйелдей көзге сүйелдей басылды. Сюжеттеріне еш дауымыз жоқ, бірақ сол өмір шындығын көркем түрде көрермендерге жеткізу түрі тым жабайы.Табуды біліп, бала бағуды білмейтін қаныпезер әйел, некесін лайлаған арсыз еркек,  ұрда жық, кеудемсоқ жасөспірімдер, пара десе құзғындай құлқыны ашылып сала беретін мұғалімдер-осының барлығы  бүгінгі өмірдің шындығы бола тұра, тым дөрекі, тұрпайы сипатта бейнеленген. Тастанды қыздың атын Дүбәра деп қою-қазақ тарихында болмаған ерсі дүние. Қазекем қыз атына келгенде аса романтик, тым талғампаз емес пе? Тарихтан белгілі, Итбай, Итемген, Көтібар деген есімдер болған. Ер балаларға бұл аттар жарасып-ақ кететіндей сол заманда. Ал "тегі белгісіз, болашағы да бұлдыр" деп қыз балаға дүңк еткізіп Дүбәра деп ат қою қай шындыққа саяды? Киноның басынан аяғына дейін Дүбәра қыз өз есімінің анайылығын аузына да алмайды, асырап алған әкесінің таққан айдарына көңілі тоқ адамдай алас ұрмай-ақ жүре береді. Өз есіміне мән бермейтін бұл неткен ойсыздық?!

Бүгінгі қоғамды жайлап алған жемқорлық жайы да кинода тіптен оғаш көрсетілген.  Аталмыш фильмді әр түрлі жастағы көрермендер тамашалайтынын ескерсек, әлі оң-солын танымаған балалар үшін бұл фильм пара берудің "биік үлгілері" болып табылмақ. Оқушының мұғалімге өз қолымен пара беріп, тыйым көрмей талтаң қағуы-асыра сілтеушілік.  "Жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық" ұғымы тиісінше көрініс таппаған.Мұндағылар параны жең ұшымен емес, тікелей өзі лақтырады. Олар өзара сыбайлас та емес, әркім өз білгенін шоқып жүргендер. Тәрбие ісі меңгерушісінің  оқушыдан пара алып, оны "өзгеше тәрбиелеу тәсілін" кинодан көрген бала не оңады? Мұғалімге деген онсыз да "шектеулі" құрмет қайдан өседі? Және бір сорақысы-ұстаздар рөлін сомдайтын әншілер тым төменшік тартқай түрде ойнайтындығы. Мектеп басшысының бейнесіндегі Гүлнәр Сиқымбаева "келер комиссияны күтіп алу ережелерін" ашықтан-ашық айта береді.  "Мұғалімдер комиссияны қалай қарсы алу керек екенін біледі" деп жемқорлықтың шабағы емес, жайыны болып кеткендерін байқатады. Ұстаз тұлғасын танытуы тиіс болған әнші Нұрлан Еспанов мектепке емес, дүкен аралауға шыққандай қара дүрсін киіне салған. Бұл да қазіргі мұғалімдердің беделін түсіретін бір ағаттық деп атасам артық болмас. Ұстаз Нұрланның сөзінің сірағасы "әй" деп басталатыны да естір құлаққа жат. Парақор мұғалім сыпайы сөйлесе, киноның мәні кеміп қала ма? Шашын ұзын өсірген, джинсы шалбар мен футболка "сәнін келтірген" ер мұғалім Қазақстанның қай мектебінде бар екен?!  Пара алса да, үстіне әжептәуір бір костюм кимеген бұл өзі қандай жемқор мұғалім? Кинода көрсетілген көріністерден тиянақты түйін таппай дал болдық. Кәріс киноларында атышулы алаяқтың өзі "сіз" деп мәдениетті үн қатады. Ал біздің киноларда мұғалім "әй" деп әкіреңдейді. Түрік фильмдерінде киллер де, көлік жүргізуші де сымға тартқан күмістей сыптай болып киініп жүреді. Ал біздің фильмдерімізде мұғалім иығына иілер костюм "таппай", джинсыны "малданып" жүре береді. Өз-өзімізді қор етіп көрсетуден танбай-ақ келеміз...

Дүбәра қыз бір шешеден туған бауырымен махаббат болып, артынша туған әкесінің құшағында бір бұлқынып,  кейін асырап-баққан әке-шешесін тастап, өзін сүйетін бір жігіттің көлігіне отырып кетіп қалуымен кино аяқталады. Не түйсініп болады?  "Біз-осындай шіріген қоғамның жексұрын, көзге қораш жаратылған мүшелеріміз. Лас, жиіркенішті өмір сүреміз,"-деген идея көтеріп тұр миа? Әлде "қазақ деген дұрыс киіне де алмайтын, тіпті жай сөйлем құрап сөйлей де алмайтын, "жөні түзу" пара беруге де санасы жетпейтін, көшесінен тастанды бала кетпейтін кесірлі елміз,"-деген ойды уағыздасақ орынды ма? Өзімізді-өзіміз әсіре жалаңаш күйде жартыкеш етіп құлдилата көрсете беруден қашан тыйыламыз?! Дүбәра фильмдермен дүмбілез ұрпақ тәрбиелеуге "тырысып жатырмыз ба?" "Адам болам десеңіз, бес асыл іс көнсеңіз..." деп хакім Абай айтқандай, ғибратты, өнегелі айтары мол фильмдермен ұрпақты дүбәра халден арашалап алып, адамдықтың, қазақтықтың биік шыңын көрсететін кинолар туар текті күн қазақ басына қашан орнар екен?!

Пікірлер