• Біздің парақшалар:

DC киноғаламының болашақ фильмдері

Сәлем, достар. Бүгін біз DC-дің кинематографиялық ғаламы туралы айтамыз. Соның ішінде болашақта шығатын кинофильмдер жайында.

Өздеріңіз білесіздер, осыған дейін «Болат адам», «Бэтмен Суперменге қарсы: Әділет таңы», «Өлімге бәс тіккендер жасағы», «Ғажап әйел», «Әділет лигасы» фильмдері жарық көрді. «Әділет лигасы» осыған дейін түрлі картиналарда пайда болған суперқаһармандардың басын біріктіріп, жалпы франшизаның алдағы қадамына жөн сілтейтін маңызды жоба.

Сонымен бізді алда тағы қандай фильмдер күтіп тұр?

2018 жылы 21 желтоқсанда «Аквамен» (Aquaman) шығады. Басты рөлде Джейсон Момоа. Бұл кейіпкер алғаш рет «Бэтмен Суперменге қарсы» фильмінде бір эпизодта пайда болды. Оны сондай-ақ биылғы «Әділет лигасынан» көреміз. «Акваменде» бас зұлымды Дольф Лундгрен ойнайды, фильм режиссері «Пила» франшизасының негізін қалаушы Джеймс Ван. Түсірілім биыл мамыр мен қазан аралығында өтті. Жоба қазір пост-продакшн деңгейінде. Сюжеті «Әділет лигасындағы» оқиғадан кейін өрбиді.

Шазам (Shazam немесе Captain Marvel) – DC әлемінің ең күшті суперқаһармандарының бірі. Аттас киножобада бұл рөлге екі актер таңдалған: Закари Ливай – кейіпкердің ересек кезі, ал тинейджер кейпін орындайтын - Эшер Энджел. Қара Адам есімді зұлым қаһарманды Дуэйн Джонсон ойнамақшы. Фильмді Дэвид Ф. Сандберг түсіреді. Бұл швед режиссері «Жарық сөнгенде», «Аннабель: Жаратылуы» сынды аз бюджетті хоррор фильмдерімен белгілі. Түсірілім 2018 жылы ақпанда басталмақшы, ал премьерасы 2019 жылдың 5 сәуіріне жоспарланған.

Биыл жазда шыққан «Ғажап әйелдің» жалғасы болады деп айтылған еді. Жазда сиквелдің жұмысына біріншінің режиссері Пэтти Дженкинс пен басты актриса Галь Гадоттың оралатыны белгілі болды. Екінші бөлім 2019 жылы қарашада жарық көреді деп жоспарланып отыр.

Виктор Стоун немесе Киборг деген қаһарман туралы фильм жасалатыны 2014 жылдан бері айтылып келеді. Бұл кейіпкер алғаш рет «Әділет лигасында» пайда болды. Киборг рөлінде жас актер Рэй Фишер. Енді ол орындайтын кейіпкердің дербес фильмі 2020 жылы көктемде шығуы тиіс.

«Жасыл шам корпусы» («Green Lantern Corps») деген фильм жасалатыны туралы бұрыннан айтылып жүр. Жаңа жобаны 2011 жылы шыққан, басты рөлде Райан Рейнольдс ойнаған «Жасыл шам» фильмімен байланыстыруға болмайды. Бұл мүлдем басқа, қайтадан басталған жаңа оқиға болады. Премьерасы 2020 жылы 24 шілдеге жоспарланған.

Warner Bros. студиясы бұнымен тоқтап қалмайтыны анық. Болашақта «Флэшпоинт» (The Flashpoint), «Бэтмен» (The Batman), «Найтвинг» (Nightwing), «Бэтгёрл» (Batgirl), «Готэм сити сиреналары» (Gotham City Sirens), «Түнек Әділет лигасы» (Justice League Dark), «Өлімге бәс тіккендер жасағы 2» (Suicide Squad 2) және басқа да көптеген жобаларды шығаруды жоспарлап отыр. Бұлар туралы толық ақпар беру әлі ертерек. Олар жайлы алдағы видеоларымызда бөлек тоқталатын боламыз.

Назарларыңызға рахмет. Лайк басыңыз, жазылыңыз!

Пікірлер