• Біздің парақшалар:

Кирк Дуглас 101 жаста

Голливуд ақсақалы, ең қарт киноактерлердің бірі Кёрк Даглас 101 жасқа толды. Ол Голливудтың «алтын дәуірі» аталған кезеңнің соңғы өкілдерінің бірі. Американың киноөнер институты Дагласты Классикалық Голливуд киносының ұлы актері деп таныды.

 

Кёрк Даглас Нью-Йорк штатында еврей отбасында дүниеге келген. Қоғамның антисемиттік көзқарасы өршіп тұрған заманда және кедей отбасында туған оның, балалық шағы ауыр болды. Нәпақа үшін еңбекке ерте араласуға мәжбүр болады. Алайда актер болуды бала кезінен бері армандайды.

 

Американың драма өнері академиясына қабылданғанда арманына бір табан жақындай түсті. Бір қызығы, оқу ақысын төлеуге мүмкіндігі болмағанымен, сондағы оқытушылар оның талантын байқап, стипендия бөлген. Сол заманның ахуалына байланысты оған Исер Демски деген еврей есімімен жетістікке жету қиын болды. Сондықтан педагогының кеңесімен аты-жөнін Кёрк Даглас деп өзгертті.

 

Екінші Дүниежүзілік соғыс басталғанда болашақ актер әскерге қабылдау пунктіне өз еркімен барғандардың бірі. Ол Тынық мұхиты флотының бір бөлімшесіне қабылданып, 1941-1943 жылдар аралығында әскери борышын өтеді. 1943 жылы жеңіл жарақатынан кейін елге оралды.

 

Бейбіт өмірге келісімен актерлік карьерасына шындап кіріседі. Бастапқыда театр қойылымдарына, радиохабарларға қатысты, жарнамаларға түсті. 1945 жылы ол Голливудқа қоныс аударып, студенттік кезден бері дос болып кеткен актриса Лорен Бэкколдың қолдауымен кинодағы дебютіне қол жеткізеді. Ол түскен алғашқы фильм - «Марта Айверстің біртүрлі махаббаты» («The Strange Love of Martha Ivers») драмасы. Осыдан кейін ол киноактерлікке толықтай ауысып, Warner Brothers студиясымен ұзақ мерзімге келісім жасайды.

 

1949 жылғы «Чемпион» («Champion») спорт драмасы Дагласқа алғашқы «Оскар» номинациясын алып берді. Актердің айтуынша, осыдан кейін оны көшеде жұрт тани бастаған.

 

 

1950 жылдары Кёрк Даглас Голливудтың жетекші актерлерінің біріне айналды. Өзі ойнаған рөлдердің арқасында Даглас жігерлі, қаһарман адамның келбетін қалыптастырды. «Жаман мен жақсы» («The Bad and the Beautiful») фильміндегі рөлінің арқасында ол екінші рет «Оскарға» үміткер болды. Ал Винсент Ван-Гогпен сырт келбетінің ұқсастығын пайдаланып, 1956 жылы «Өмірге құштарлық» («Lust for Life») өмірбаян драмасында суретшіні сомдап шықты. Бұл оған үшінші «Оскар» номинациясын алып берді. Өкініштісі сол, ешбір рөлі актерге «Оскар» бәйгесінде жүлде әкелмеді. 1996 жылы ғана киноға қосқан үлесі үшін құрмет «Оскарын» алды. 

1955 жылы Даглас продюсерлікке бет бұрып, анасының есімімен аталған «Bryna Productions» компаниясын құрды. Сөйтіп оның жетекшілік етуімен «Даңқ сүрлеуі» («Paths Of Glory»), «Викингтер» («The Vikings») секілді хит фильмдер жарық көрді. «Bryna Productions» өндірген ең ауқымды жоба - «Спартак» («Spartacus») пеплумы болды. Стэнли Кубрик түсірген фильм – Америка тарихындағы ең қымбат фильмдердің бірі атанды. Бюджетін ақтай алмаса да «Спартак» киноиндустрияда үлкен рөлге ие болды. Осы картина шыққаннан кейін Голливудта коммунистік көзқарастағы қайраткерлерге орынсыз тиісу тыйылды. Өзі продюсерлік еткен фильмдердің барлығында Кёрк Даглас басты рөлдерде ойнап шықты. 

Дуглас актерлік карьерасында 90 шақты кино және телефильмге түсті. Үш рет «Алтын глобус» алды және көптеген жүлделерге ие болды. 1996 жылы инсульттан кейін кинодағы карьерасымен қош айтысты. Зейнетке шыққан ардагер кинематографшы қазір кітап жазады, қайырымдылықпен айналысады.  

Пікірлер