• Біздің парақшалар:

Естеліктерге негізделеген фильм

Ұлы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында  естелік фильм түсіру басталған болатын. Өткен аптада сол — «Ақтөбе облысының естеліктер кітабы» фильмінің тұсаукесері болды. Бұл шараға жоба идеясының авторы, облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова, жоба жетекшісі, режиссер Гүлбану Үкітайқызы бастаған шығармашылық топ, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің өкілдері, басқарма басшылары, қоғамдық ұйымдар мүшелері мен соғыс ардагерлері қатысты.

Соғыс жылдарындағы естеліктерді жинақтап, бейнеге түсіру жылдың басында басталған. Содан бері облыстағы көзі тірі 500-ге жуық ардагердің 384-інің аузынан деректер жазылып алынған. Қалғандары денсаулықтарына байланысты әңгімелеуден бас тартыпты.

Ақтөбелік соғыс ардагерлерінің әңгімесі  негізінде түсірілген тарихи хронологиялық фильм деректі көрсетілімдермен жандандырылған. Фильмді түсіруге республикалық «Қазақстан» телеарнасы қорының деректі  материалдары, 312- атқыштар дивизиясының 30 жылдығына арналған  Ақтөбе қаласында өткен шаралардың бейнежазбасы, облыстық мұрағат материалдары, сонымен қатар мәскеулік, ленинградтық және басқа да  мұрағаттардан алынған соғыс кезіндегі киноматериалдар мен фотоматериалдар жинақталған.

Деректі фильмнің 7 сериясының әрқайсысы  90 минут болады.  1-фильм  312- атқыштар дивизиясы мен 101-ұлттық бригада жайында болса, 2-фильм Мәскеу, Ленинград, Бердичев жаяу әскері, Берчогур танк училищелері жайындағы деректерге толы. Үшіншісінде Сталинград шайқасы, «Курск доғасы», Кавказ майдандары бейнеленген. Сол секілді кейінгі  фильмдерде Украина, Белоруссия, Румыния, Венгрия майдандары, Австрияны, Польшаны азат ету, Берлинге шабуыл, Фин, Жапон соғыстары жинақталған.

— 2009 жылдың  желтоқсан айында облыс әкімдігі көзі тірі соғыс ардагерлерінің әңгімесін жазып алуды тапсырған болатын. 15 қаңтардағы тізім бойынша ол кезде 578 ардагер бар еді. Соларды бейнекамераға түсіруді бастадық. 17 наурызда аяқталды. Осы үш айдың ішінде 384 адам түсірілді. Ардагерлердің айтқан әңгімесі желісінде электрондық «Естелік кітабы» телевизиялық фильмі жасақталды. Бұл фильмге 1939 жылдан  1950 жылға дейінгі аралықта кино операторлардың түсірген дәлелді хроникалық материалдары пайдаланылды. Мысалы, сұрапыл соғыс жылдары  Сталинград майданында түйеден жасақталған батальон болған. Оларға зеңбіректерді сүйреткен. Осы секілді жақсы бейнекөрсетілімдер бар, — дейді Роза Балдығарина.

—  Біз жақсы бір іс тындырдық деп ойлаймын. Жас ұрпақ үшін мұның маңызы өте зор. Тарихи құнды фильмнің болашаққа  берері мол. Мысалы, Ржев түбіндегі шайқастан қазіргі күні он-ақ адам қалған. Куәгерлер күн санап азайып барады. Келешек осындай фильмдер арқылы тарихты білетін болады, — дейді Гүлбану Үкітайқызы.

Шара барысында фильмнің үзінділері көрсетіліп, Гүлбану Үкітайқызының авторлық бейнеролигі жұртшылықтың назарына ұсынылды. Бұл тарихи-деректі «Естелік кітабы» фильмі соғыстың көзі тірі куәгерлері жинақталған бірегей жоба екендігі анық. Салтанатты жиында жобаның шығармашыл тобына Алғыс хаттар табысталып, соғыс ардагерлері мен үкіметтік емес ұйымдарға фильмнің алғашқы нұсқалары сыйға тартылды.

http://www.aktobegazeti.kz/?p=9461

 

Пікірлер