• Біздің парақшалар:
  • Ұлы Гэтсби

    Великий Гэтсби

    The Great Gatsby

Жыл:
2013
Ел:
АҚШ , Австралия
Режиссер:
Баз Лурман
Басты рөлдерде:
Леонардо ДиКаприо , Айла Фишер , Джейсон Кларк , Тоби Магуайр , Кэри Маллиган , Джоэл Эдгертон , Эделейд Клеменс , Каллэн МакОлифф , Амитабх Баччан , Джемма Уорд , Стив Бисли , Элизабет Дебики , Джек Томпсон
Сценарий:
Баз Лурман , Фрэнсис Скотт Фицджеральд
Продюсер:
Баз Лурман , Люси Фишер , Дуглас Уик
Жанр:
Драма , Мелодрама
Бюджет:
$105 000 000
Әлемдік табысы:
$351 040 419
Қазақстандағы табысы:
〒71 415 530
Әлемдік премьера:
1 мамыр 2012
Қазақстандағы премьера:
16 мамыр 2013
Жас шектеуі:
PG-13 - 13 жасқа дейінгі балаларға көруге ұсынылмайды
Ұзақтығы:
143 минут
Суреттеме:

Ник Каррауэй Орталық Батыстан Нью-Йоркқа келеді. Ол көршісі, миллионер Джей Гэтсбимен таныс болғаннан кейін, байларға ғана тән сауық-сайранға толы ортаға тап болады. 

Рейтинг:

7,75

  • Дауыс бергендер: 4

  • Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 193

    Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 194
  • IMDb: 7.3(435840)
  • Кинопоиск: 7.94(258467)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.


РЕЦЕНЗИЯЛАР (2)

  • Жақсыны бөлісу керек.

    Сенбі күні «Великий Гэтсби» фильмін көріп қайттым. Сол фильмнің әсері болар, маған «Бавария-Д.Боруссия» финалы түк те әсер етпей қойды. Қайтейін енді, анадай фильм көргендіктен...3D форматында тек экшен немесе боевик түсіруге болатын шығар деп ойлайтынмын. Жоқ, драма түсіруге де болады екен. Визуалды эффектілеріне сөз жоқ. Өткен ғасырдың 20-жылдарындағы фонтандар, фейерверктер әдемі әрі әсерлі. Әсерлілігі сонша, кино ішіндегі сауық-кешке кіріп кетіп, бір ойран-асыр салып шыққың келеді. Декорация – мінсіз. Фильмдегі музыкалар да қатты ұнады. 20-жылдардың басындағы оқиғаға джаз бен рэпті (Jay Z) әдемі үйлестірген. Лана Дэл Рейдің орындауындағы ән тіпті керемет (Young and beautiful). 

    Оқиға желісі 1922 жылды қамтиды. Фильмді қарап отырып, Эмпайр Стейт Билдинг ғимаратының 1930 жылдан бастап салына бастағанын, Гэтсби мінетін Duesenberg Model J көлігі 1929 жылы шығарылғанын ұмытып та кетесіз. «Қыз-Жібек» киносындағы Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі» секілді уақыт алшақтығына қарамастан киноға көрік беріп, жандандырып тұр. Фильмнен режиссер Баз Лурманның қолтаңбасын анық көресіз. Ол түсірген «Ромео + Джульетта», «Мулен Руж!», «Австралия» фильмдеріндегідей сұлулық мұнда да бар. 

    Актерлерге келсек, Ди Каприо сөзсіз мықты. Тоби Магуайр қуантты, бірақ әлі сол Питер Паркердің (Человек паук) образын елестететін тұстары бар. Қалған актерлер де өз деңгейінде ойнап шыққан. Фильмнің өз сөзімен айтсақ, «Они ничтожества. Вы один стоите их всех» деп Никтің (Тоби Магуайр) Гэтсбиге (Ди Каприо) айтқанындай, Ди Каприоның шеберлігі қалған рөл иелерін көлеңкеде қалдырады. Айтпақшы, фильмнен Болливудтың аңызы Амитабх Баччанды да кездестіресіз. Голливудтан Болливудтың актерін бірінші рет көріп отырған жоқпыз, соңы да емес. 

    Фильмнің соңына дейін «Гэтсби деген шын мәнінде кім өзі? Ұлы болатындай не тындырған?» деген ойдың жетегінде боласыз. Шынымды айтсам, оның не үшін ұлы екендігін әлі ойлаумен келем. Өзін Құдайдың ұлы деп есептеп, тақыр кедей әке-шешесін мойындамай, заңсыз саудамен айналысып, күллі Нью-Йорк элитасына сауық-кеш ұйымдастырып, газеттің алғашқы бетінен түспейтін, бір алтынбасты әйел үшін сонша байлық жиған Гэтсбиде нендей ұлылық бар?! Әлде оның махаббатқа адал, риясыз, кіршіксіз таза өткен күндерді қайтаруға тырысқан әрекеті ме? Не болмаса, осы қыздың ернінен сүйсем, өмір бойы сонымен қол ұстасып өтемін деген серті ме? Махаббатқа адалдық адамды қалған күнәларынан ақтап ала ала ма? Мұны білгіңіз келсе, фильмді қарап шығуыңызға тура келеді. Фильмде бастан аяқ сұқтанып қараған көзді көрсетеді де қояды. Онысын фильмде «Эти глаза смотрят на всё сверху, словно глаза Бога» деп тәпсірлейді. Ішім-жемді, қызықты, қыдырысты, арзан күлкіні, уақытша рахатты армандайтын жеңілтек элитаға қаратып айтып отыр. Сізді қайдам, мен бұл фильмнен эстетикалық ләззат алып қайттым. Қалғаны маңызды емес...

  • Өмірде бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Бірдеңені сындырып жатып, «сосын түзеп алам» деп ойлайсың. «Ертең». Бірақ ертең - уақыттан жеңілгеніңді ғана түсінесің. («Ертең» ылғи кешігіп жетеді).

    «Ұлы Гэтсбидің» кітабын оқымаған адам бұл махаббат туралы шығарма деп ойлауы мүмкін. Бірақ бұл ең алдымен «америкалық арман» мен сол арманның, АЛДАМШЫ арманның қойнындағы «америкалық трагедия» туралы шығарма. Байлықтың соңына түсіп бақытқа жетем деген Гэтсби қателесті, бақ пен дәулет ылғи да қосақтасып жүрмейді екен. Азаматтықты қалтаның қалыңдығымен өлшейтін дәуірде таза адамның, адал адамның жеңілмеуі мүмкін емес екен. Гэтсби де ұлы арманның, ұлы махаббаттың, ұлы иллюзияның құрбаны болып елестейді. Бұл - өзін таппай жатып, жоғалтып алған адамның трагедиясы. Гэтсбидің ақылын (бәріне өз күшімен жетті ғой), батылдығын (соғыста шынымен де батыр болды ғой), толып жатқан басқа да мүмкіндіктерін жоқтау бұл. Бұл – жоқтау, бір-ақ рет берілген өмірін жалған дүниеге қор қылған адамды жоқтау. Бұл - жоқтау, болған күндерді ғана емес, болуы мүмкін күндерді (арманды) да жоқтау. Ендеше осы, жоқтан өзгеге шашылып қалған бейшара кейіпкерді неге «ұлы» дейді? Өйткені Гэтсби – ашқарақ бола тұра, мөлдір еді. Арсыздық дәуірінде арманын былғамаған еді. Оның осы мөлдір арманға, кіршіксіз махаббатқа жанкешті ұмтылысы ешкімге қажет болмай қалғаны қандай өкінішті...

    Айтпақшы, иә, бұл таза, мөлдір, идеалистік махаббат туралы да шығарма. Ылғи да осылай, махаббат адамды әлсіз қылады. Дейзи үшін дүниені төңкеріп тастай алатын Гэтсби сол бейқам қыздың алдына келгенде бейшараның күйін кешеді. Қарап отырып ойлайсың: оны Уилсонның өлтіріп кеткені қандай жақсы болған. Өйткені оның бүкіл өмірі бір ғана Дейзиге арналмап па еді. Гэтсбидің сөйткен Дейзиінің сатқындығын, өзінің ғажайып махаббатына лайық болмай шыққанын көрмей кеткені қандай жақсы болған...

    Өз басым Ди Капирионы актер ретінде сұмдық бағалаймын, бірақ бұл «Авиатор» емес, бұл «Пляж» емес. Гэтсбиді «нервный» қылудың қажеті шамалы болатын. Оны дүние-құртқа шын алданып қалғандай ұсақтатып жіберудің де қажеті жоқ еді. Өйткені Фитцжеральд жазған Гэтсби қанша бақытсыз, қанша мұңды болғанымен романтикалық образ еді ғой. Ал Кэрри Маллиган, Тоби Магуайэр, Джоэл Эдгертон сияқты басқа актерлер 100 пайыз нысанаға дөп тиген. Баз Лурман бізге «Мулен Руж» стиліндегі ертегі ұсынды. Кейбір тұстарында жалт-жұлт еткен арзан байлық жүйкеңе тие бастайды. Бірақ осы от-шашудың көлеңкесіндегі трагедия да фильмнің соңына қарай сұлбалана түседі.

    Сценаристер романнан ең қажетті сөздерді теріп алған. Музыка 20-жылдардағы музыка емес, бірақ соның өзімен режиссер мырза тақырыптың өзектілігін айтқысы келгендей елестеп кетті. Фильм кітаптың идеясын жеткізе алды ма, алмады ма, пікір таластыруға болады. Бір анығы, бұл фильмнен мағына іздеген адам табады. Қатардағы мелодраманы көретіндерге де таңғалмаймын.