• Біздің парақшалар:
  • Пойыздағы қыз

    Девушка в поезде

    The Girl on the Train

Жыл:
2016
Ел:
АҚШ
Режиссер:
Тейт Тейлор
Басты рөлдерде:
Эмили Блант , Эдгар Рамирес , Люк Эванс , Джастин Теру , Эллисон Дженни , Хейли Беннетт , Лиза Кудроу , Ребекка Фергюсон , Лора Припон , Даррен Голдштейн
Сценарий:
Эрин Крессида Уилсон , Пола Хокинс
Продюсер:
Марк Э. Платт , Селия Д. Костас , Холли Барио , Дэб Дайер
Жанр:
Триллер , Детектив
Бюджет:
$45 000 000
Әлемдік табысы:
$172 033 298
Әлемдік премьера:
5 қазан 2016
Қазақстандағы премьера:
3 қараша 2016
Жас шектеуі:
R рейтингі - 17 жасқа дейінгі тұлғалар үшін ересектердің қадағалауы міндетті
Ұзақтығы:
112 минут
Суреттеме:

Күн сайын пойызбен жүретін Рэйчел әсем үйдің қасымен өтеді. Әр өткен сайын терезеден бұл үйде не болып жатқанын көреді. Бір күні ол тағы да пойызбен келе жатып, әлгі үйдің ішінде болған жаман оқиғаның куәсі болады.

Рейтинг:

6,75

  • Дауыс бергендер: 4
  • IMDb: 6.6(82632)
  • Кинопоиск: 6.522(51492)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.

РЕЦЕНЗИЯЛАР (2)

  • Фильмге арқау болған шығарманы оқыған емеспін, бірақ авторы әйел екенін байқау қиын емес. Жазушы оқиғалардың өзегін тұрмыстық проблемалардан алады, сондықтан да осындай отбасылық триллер пайда болды деп есептеймін. Қате түсінбеңіз - отбасы болып жиналып көретін триллер емес, отбасы мәселелерін сөз қылатын триллер.

    Фильмнен әйелге көрсетілетін зорлық-зомбылықты, еркектердің үстемдігін сынау месседжін ұққандай болдым. Дамушы елдер тұрмақ, феминизм кеңінен етек жайған, гендерлік теңдікті мықтап сақтайтын Батыстың өзінде әйел құқығы үнемі сақтала бермейтіні туралы мәселе көтеріледі (шығарма оқиғасы Англияда, экранизация оқиғасы АҚШ-та болады). Басқаларды білмеймін, менің фильмнен осыны анық көрдім.

    Бұл айтылғандар картинадағы негізгі емес, астыртын жеткізілген ойлар ғой. Ал негізгі сюжеттен түйгенім - бір көргеннен шешім шығаруға, қорытынды жасауға асықпа. Адамның осы бір әлсіз тұсын қабат-қабат сюжеттік шешімдермен, шытырман оқиғалармен көрсетіп береді.

    1. Адам туралы ой қалыптастыруға шеберміз ғой. Әсіресе, ол туралы жаман ойлағымыз келсе, бір көре салып шешім қабылдап, үкімін шығарып тастаймыз. Кейде тіпті біреудің айтқан сөзі-ақ жеткілікті болып жатады. Ал, шындығында - Шрек айтпақшы - адам болмысы "пияз сияқты көп қатпарлы". Қатпарларын ашқан сайын жаңа қабат пайда болады. Өзім де бәлен жылғы достарымның кейбірінен осыны байқаймын - әр кездескен сайын жаңа қырына, жаңа сырына қаныға түсемін, жаңадан тани түсемін.

    2. Адамды сынауға да шеберміз. Бір әрекетіне бола бүкіл еңбегін жоқ қыламыз, барлық жақсы жағын өшіріп тастаймыз. Оған соңғы уақыттағы "Ninety One" дауы мысал - түріне қарап-ақ жыныстық бағдарына дейін анықтап тастадық.

    Ал шын мәнінде бұл әрекетқа қалай барды, не итермеледі, қандай себебі болды - бұның бәріне жауап табуға болады. Ішкі жанына үңілу, түсіне білу және төзе білу - міне адамдар арасындағы гармонияның кілті.

    3. Фантазерміз. Көзіміз көре алмаған тұстарын ақыл-оймен жалғап әкетіп, толықтырып аламыз. Адасу да осыдан басталатын тәрізді. Бұлардың барлығын бір адамның бойына жинасақ, жаны ауру адамды көре аламыз.

    Демек, әрқайсымыздың да бойымыздан бір-бір рухани науқасты табуға болатын секілді ғой :)

    Фильмде психологиялық шиеленісті жұлдыздардан құралған актерлік топ жақсы алып шықты деп есептеймін. Әсіресе, Эмили Бланттың тағы бір шебер қырын көрдік.

    Оператордың бетті ірі планмен жиі ала беретін тәсілін түсіне алмадым. Кейде тіпті әртістер экраннан шығып кетіп, бетіңе бетіңді тақап тұрып сөйлеп жатқандай әсерде болдым. Мүмкін осылайша эмоцияларды, күйзеліс пен қайғыны көрсеткісі келген шығар. Бірақ актерлер нашар ойнаған жоқ, онсыз да алып шығар еді.

    Кейбір деталдарға екпін қою ұнамады. Мысалы, диалог кезінде ашылып қалған ышқырға көңіл бөлудің не қажеті бар? Бәлкім екі кейіпкер арасындағы жасырын құштарлықты нақтылап өткісі келген шығар, білмедім.

    Фильмнің созылыңқылығы мезі қылды. Кіріспе қажет, кейіпкерлерге тоқталған дұрыс. Бірақ бәрібір осының бәріне фильмнің тең жартысы кетіп қалыпты. Мазмұнына нұқсан келтірмей қысқартып беру амалдарына дұрыстап көңіл бөлсе мүмкін хронометражды азайтуға болар еді деп ойлаймын.

    Қорытынды - Отбасыларыңызға берік болыңыздар, бір-біріңе берген сенімді ақтаңыздар, гармонияға ұмтылыңыздар :)

    Сайтта 6,5/10 деген бағаның жоқтығы өкінішті :)

  • Жоғарыда жазылған пікірден ер адам мен әйел адамның бір нәрсені екі түрлі қабылдайтынын байқауға болады. Білмеймін, маған кино өте жақын көрінді. Мен бірінші кітабын оқыдым. Кітапта бір оқиға қайта-қайта сипатталып жатқандай әсерде болдым. Басында шатасып кеттім, киносы бар екенін білгесін киносын қарайын деп шештім. Режиссердың шеберлігі шығар, андай қиын оқылатын кітаптан жақсы кино түсіріп шығу деген. Эмили Блант рөлге сәтті таңдалған, кітапты оқып отырған кезде сондай қыз елестеді маған.

    Мен де басты кейіпкерле сияқты күнделікті көретін адамдарым жайлы көп ойлаймын, ол сияқты мен де біраз үйдің тұрғындарын бақылаймын. Просто мен үшін қызық. Сол себепті де кино мен үшін жақын болған шығар. Жалпы миыңыздың ізденгенін қалайтын болсаңыз киноны көруге кеңес берер ем.

    Рас, адамдар бір көрген адам туралы небір түрлі ой ойлайды. Киноның да мақсаты адамдар жайлы толық білмей жатып сол адамға қатысты ойыңды айтып, шешім шығаруға асықпаған жөн. Тіпті, адамның өзі кейбір жағдайда өзі жайлы толық ақпарат білмеуі мүмкін.