• Біздің парақшалар:
  • Алғашқылар дәуірі

    Время первых

    First Time

Жыл:
2017
Ел:
Ресей
Слоган:
"Подними голову!"
Режиссер:
Дмитрий Киселев
Басты рөлдерде:
Елена Панова , Константин Хабенский , Геннадий Смирнов , Александр Карпиловский , Кіші Александр Ильин , Евгений Миронов , Александр Новин , Владимир Ильин , Валерий Гришко , Юрий Ицков , Анатолий Котенёв , Александра Урсуляк , Марта Тимофеева , Юрий Нифонтов
Сценарий:
Ирина Пивоварова , Сергей Калужанов , Юрий Коротков
Продюсер:
Тимур Бекмамбетов , Евгений Миронов , Сергей Агеев
Жанр:
Триллер , Қызық оқиғалы
Бюджет:
400 000 000 руб.
Қазақстандағы табысы:
₸202 211 000
Қазақстандағы премьера:
6 сәуір 2017
Жас шектеуі:
БА - Он екi жасқа толған балаларға көрсетуге рұқсат берiлген фильмдер
Ұзақтығы:
140 минут
Суреттеме:

1960 жылдар. Қырғи-қабат соғыстың кезеңі. Екі супердержава - КСРО мен АҚШ ғарышты бағындыру жолындағы жарыста бір-бірінен озып шығуды көздейді. КСРО ашық ғарышқа адам шығаруды жоспарлайды.

 

Стартқа екі апта қалғанда сынақ кемесі жарылады. Себеп-салдарын анықтауға уақыт жоқ. Қауіп көп болғанына қарамастан, көшбасшылықтан айырылып қалмау үшін билік барын салып жанталасады.

 

Тәжірибелі ұшқыш Павел Беляев пен оның серігі Алексей Леонов адамзатқа әлі белгісіз белесті бағындыруға дайын. Алайда ұшу кезінде қандай жағдайлар күтіп тұрғанын ешкім болжай алмайды. Бұл миссияның барысы әу бастан-ақ дұрыс емес еді...

Рейтинг:

7

  • Дауыс бергендер: 3
  • IMDb: 7.3(5201)
  • Кинопоиск: 7.487(63664)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.


РЕЦЕНЗИЯЛАР (1)

  • Бәрі Куаронның "Гравитациясымен" салыстырғыш болып кетіпті. Оқиға ортасы бір демесеңіз, сюжеттік құрылым мен моралі да, мақсаты да бөлек дүниелер ғой. Ешқашан, естисіз бе - ешқашан "Гравитациямен" салыстырмаңыз.

    Біріншіден, "Алғашқылар" дәуірі өмірде болған оқиғаны баяндайды. Әлбетте, көркем туынды болғандықтан, әсіре суреттеу мен фантазияға ерік берілген шығар. Олай болуы заңды да. Бірақ, жалпы кино өнім ретінде тәп-тәуір дүние шыққан.

    Бірақ 140 минуттық хронометражы аздап күмілжітті. Меніңше, созғыламай, біраз жерін қырқып тастаса немесе қысқа баяндау арқылы жеткізсе фильмнің құрылымына нұқсан келмес еді. Енді, фильм жасаушылар екі сағаттан асыруға бел байлаған екен, өздері біледі де. Масштаб, хуле.

    Бекмамбетовтың жаңашыл маман екенін ескерсек, әлбетте, бұл жерде де оның технологиялық жетістіктерді мейілінше пайдаланғаны айқын байқалады. Картина Голливудтың ұқсас дүниелерінен еш кем емес, тіпті бұл фильм тым голливудтанып кеткен дер едім. Бұл да дұрыс шығар: қазіргі көрерменді арнайы эффектісіз, әдемі диалогтарсыз, қуақы кейіпкерсіз қызықтыру қиын.

    Операторлық жұмыс пен атмосфералық саунд әдемі шыққан. Ғарыш тематикасын ұнататын адам ретінде мен кейбір стоп-кадрларын басып шығарып, қабырғама іліп қояр едім.

    Әрине, кез-келген орыс картинасы секілді, бұл дүние де кемшіліксіз емес. Атап айтқанда, кейіпкерлер мінезінің қарама-қайшылығын ақтап алатын нәтиже көре алмадым: Беляев - салмақты, тәртіпке үйренген сырбаз да, Леонов тентек, жігіт ағасы жасына жетсе де балалығы ойнап кететін, қуақы әрі көзсіз батыр еді. Шын өмірде олардың қандай болғанын білмеймін, бірақ кинода олардың типажы осындай. Екі тұлға мінезінің бір-біріне қарама-қайшылау болуы сюжет барысында конфликті мен үйлеспеушілікке алып келеді деп ойлап едім. Алайда, мен ойлағандай болмады. Кейіпкерлер мінезінің осы ерекшеліктері көрсетілген де, оның қандай салдарға алып келетіні аяғына жеткізілмеген бе деймін. Мүмкін, мен қате қабылдаған шығармын, алайда кейіпкерлер ашылмай қалғандай болды. Беляев рөліндегі Хабенский мүлдем тасада қалғандай.

    Біздің дубляжбен айналысатын бастамашыл топ өкілдеріміз, Голливудтан бөлек көршілес елдердің өнімдерін аударуға да назар бөле бастапты: былтыр "28 панфиловшы" қазақша дубляждалды, биыл украинның "Никита Кожемяка" мультфильмі "Айдаһарлар әміршісі" болып киноға шықты, енді міне - Бекмамбетов басқарған жоба қазақ көрермендеріне ұсынылып отыр. "Алғашқылар дәуірін" Диснейдің өнімдерінің дубляжымен салыстыруға болмайды, бірақ бір ұнаған жері - бұл жерде титрлар да қазақшаланыпты.

    Осы тұрғыда, кино аудару жолында жүргендер блокбастерлік болашағы айқын Голливуд жобаларымен шектеліп қалмай, балама өнімдерге де көңіл бөле бастағаны қуантады. Тек осы жолы - "Алғашқылар дәуірінің" жарнамасы аз болды. Өз басым, бұл фильмнің аударылғанын прокатқа 2 күн қалғанда естідім (ұят-ай).

    Дубляжға қатысты тағы бірер сөз: бас конструктор Королевті қазақша сөйлеткен Бақытжан Әлпейісовтың дауысы тамаша. Ал басты кейіпкерлердің дауыстарынан біркелкілік жетіспей тұрды. Бірде тым қатты, бірде тым баяу естіледі, бұл жерде кінә енді дыбыс инженерлерінде шығар. Жалпы, дубляждың өзінде табиғилық жетіспей тұрғандай болды, телевизиялық аударма деңгейінде қалып қойғандай әсер берді. Бірақ сөге жамандайтындай нашар да емес, әзілдер, кейбір диалогтар жақсы жеткізілген. 

    Жалпы алғанда, барлық жас ерекшеліктерінің қызығушылығын ескеріп жасалған, кино саласындағы озық технологиялар орынымен пайдаланылған, КСРО атмосферасы мейілінше шынайы берілген, блокбастерлік алғышарттары бар жақсы дүние шығыпты.