• Біздің парақшалар:
  • Өрмекші-адам: Қайта оралу

    Человек-паук: Возвращение домой

    Spider-Man: Homecoming

Жыл:
2017
Ел:
АҚШ
Слоган:
"When one story ends, another begins"
Режиссер:
Джон Уоттс
Басты рөлдерде:
Кіші Роберт Дауни , Мариса Томей , Том Холланд , Джон Фавро , Гвинет Пэлтроу , Майкл Китон , Дональд Гловер , Хэннибал Бёресс , Тони Револори , Зендея , Тайн Дейли
Сценарий:
Джон Фрэнсис Дейли , Джонатан М. Голдштейн , Крис МакКенна , Эрик Соммерс , Джон Уоттс
Продюсер:
Виктория Алонсо , Ави Арад , Кевин Файги , Эми Паскаль
Жанр:
Боевик , Фантастика , Қызық оқиғалы
Бюджет:
$175 000 000
Әлемдік премьера:
28 маусым 2017
Қазақстандағы премьера:
6 шілде 2017
Жас шектеуі:
PG-13 - 13 жасқа дейінгі балаларға көруге ұсынылмайды
Ұзақтығы:
133 минут
Суреттеме:

Кек алушылар командасының құрамында болып, міндетін орындаған соң Питер Паркер үйіне оралады. Оның бұрынғыша қалыпты өмірі басталады. Алайда құзғын деген зұлым пайда болғанда, Питер суперқаһарман жолына қайта түседі.

Рейтинг:

7,5

  • Дауыс бергендер: 2
  • IMDb: 8(121045)
  • Кинопоиск: 7.087(45940)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.

РЕЦЕНЗИЯЛАР (1)

  • Marvel мен Sony Pictures компанияларының Өрмекші-адам кейіпкерін бірлесіп пайдалану туралы шешімі екі жаққа да пайдасын тигізді деп ойлаймын. Біріншіден, фанаттардың арманы орындалды - Өрмекші адам Кек алушылар құрамында. Екіншіден, Sony Pictures-ті құлдыраудан құтқарды: Өрмекшінің толық құқығына ие болып тұрған кезінде бұл суперқаһарманды, жұмсартып айтқанда - "ұшпаққа ұшыра қоймағаны" анық. Мысалы, Питер Паркер туралы соңғы картина "Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат" көпшіліктің көңілінен шыға қоймады, сондықтан да жоспарланып қойылған "Жаңа Өрмекші-адам 3", "Жаңа Өрмекші-адам 4" жобалары жабылып қалды, ал Эндрю Гарфилд өз кейіпкерімен қош айтысты.

    Sony Pictures Өрмекші-адамның болашағына қатысты тығырыққа тірелген еді: ол туралы тағы фильм түсірсе - бұрынғылардан озып кетпейтіні анық, ал оны мүлдем пайдаланбай, "сандыққа салып қоюға" тағы болмайды - фанаттар кешірмейді, қайтсе де Өрмекші-адам Америка мәдениетінің бір бөлігі.

    Бұл ребутта Питер Паркер анағұрлым өмірге жақындатылған деуге болады. Оның видеоблог жүргізуі, видеосында артқы фонда өзге суперқаһармандардың көрініс табуы - оны мейілінше біз өмір сүріп жатқан шынайы әлеммен ықпалдастыра түскендей. Питердің өзі де әлі балалығынан айырыла қоймаған, 15 жасар мектеп оқушысы. Оның мектептегі өміріне көп көңіл бөлінген. Естеріңізде болса, осыған дейінгі нұсқаларда Питердің мектептегі өміріне аз уақыт берілген еді, авторлар одан тезірек суперқаһарман жасауға асықты. 

    Жаңғыртылған Өрмекшінің тағы бір ерекшелігі бар: алғашқы трилогияда, "Жаңа Өрмекші-адам" дилогиясында болмаған мүлдем жаңа кейіпкерлер. Бұнда Мэри Джейн де, Гвен Стейси де, Жасыл Гоблин де жоқ. Мэй жеңге ғана бар, бірақ анағұрлым жас, анағұрлым әдемі :)

    Басты зұлымды Майкл Китон ойнайды. Оның кейіпкері - Құзғын деп аталады. Кек алушылардың жолында қандай антогонистер кездескенін ескерсек, Құзғынды зұлым деп те атау қиын. Жаман іспен айналысса да, әлі адамилықтан ажырай қоймаған, тіпті жақсылыққа бет бұратынына үміт тудыра алатын кейіпкер.

    Майкл Китон - Құзғын. Ешқандай байланыс байқамадыңыз ба? Еске түсіріңіз: Майкл Китон - Бердмэн :)

    Фильмді жасаушылар Майкл Китонды осы рөлге шақырғанда оның "Бердмэн" ("Құс-адам") фильмінде ойнағанын шынымен ескерді ме, әлде жай ғана сәйкестік пе - оны айту қиын. Ал Бердман өз кезегінде Бэтменге жасалған ишара екенін көзі қарақты көрермен жақсы біледі және кезінде Бэтменді Майкл Китон ойнап кеткенінен де хабардар шығарсыздар.

    Жалпы бұл картинада ишара мен сілтемелер жетерлік. Атауының өзі неге тұрады - "Үйге оралу" немесе "Қайта оралу". Сюжети мағынасы - "Капитан Америка: Азамат соғысы" фильмінде көрсетілген оқиғаларға қатысқаннан кейін Питер Паркер өз үйіне, қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралады. Атауы негізі осыны меңгезегендей болады. Алайда, 1990 жылдардан бері Өрмекші-адамды кинода пайдалану құқығы Sony Pictures студиясына тиесілі болғаны белгілі. 2015 жылы ғана Marvel компаниясына, өзінің бастапқы студиясына қайтып оралды. Сондықтан "Үйге оралу" атауы екі мағына беріп, осы жағдайды да нұсқап тұр.

    Бұдан бөлек, фильмде Дэдпулға, Тоби Магуайр ойнайтын Өрмекші-адамға жасалған сілтемелерді байқадым. Ал "Жұлдызды соғыстардың" (Star Wars) жарнамасына мүлдем таңғалуға болмайды, өйткені, "Стар Уарс" франшизасының қазіргі иесі The Walt Disney компаниясының құрамына Marvel Entertainment те кіреді. 

    Marvel өнімдерін әзілсіз елестету қиын. Бұл жолы да авторлар франшизаның жалпы атмосферасының бұзылмауына ерекше көңіл бөлген, орынды әзіл мен шиеленіскен сәттер сәтті үйлесім табады.

    Сонымен, жаңартылған "Өрмекші-адам" сәтті шықты дей аламыз ба? Толық сеніммен - "Иә"!

    P.S. Өкінішіме орай қазақша дубляжын көре алмадым.