• Біздің парақшалар:
  • Скайфолл

    007: Координаты «Скайфолл»

    Skyfall

Жыл:
2012
Ел:
АҚШ , Ұлыбритания
Режиссер:
Сэм Мендес
Басты рөлдерде:
Рэйф Файнс , Бен Уишоу , Дэниэл Крэйг , Хавьер Бардем , Джуди Денч , Наоми Харрис , Альберт Финни , Беренис Марло , Хелен МакКрори , Тония Сотирополо , Николас Вудесон , Рори Киннер
Сценарий:
Нил Первис , Роберт Уэйд , Джон Логан
Продюсер:
Барбара Брокколи , Майкл Дж. Уилсон , Каллум МакДугалл
Жанр:
Триллер , Боевик , Қызық оқиғалы
Бюджет:
$200 000 000
Әлемдік табысы:
$1 108 561 013
Қазақстандағы табысы:
〒180 495 550
Әлемдік премьера:
22 қазан 2012
Қазақстандағы премьера:
25 қазан 2012
Жас шектеуі:
PG-13 - 13 жасқа дейінгі балаларға көруге ұсынылмайды
Ұзақтығы:
143 минут
Суреттеме:

Бондтың бастығы М-ге деген сенімділігіне қауіп төнді. М-нің өткен өмірінен қайта пайда болған әлдебіреу MI6-ға қарсы соғыс ашады. Бонд ештеңеге қарамастан ұйымға қатер қылатын күштерді жоюы тиіс және оны бұл жолда қандай да бір ауыр кедергілер тоқтата алмайды.

Рейтинг:

6,6

  • Дауыс бергендер: 5

  • Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 193

    Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 194
  • IMDb: 7.7(599978)
  • Кинопоиск: 7.427(124152)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.


РЕЦЕНЗИЯЛАР (3)

  • Skyfall: Аспан құлаған кез

    Бонд, Джеймс Бонд күңгірт кеңсе, күйбең тірліктен сұрқай тартқан көрерменге қымбат көлік, сұлу қыз, деміңді алар қым-қуыт шпиондық өмірден ләззат алатын, қарапайым пенде көзбен көріп, қолмен ұстамаған соңғы технологиялармен жабдықталған еркектің сырттаны бейнесін елу жыл бойы сыйлап келеді. Ресми түрде 23-ші бондиана болған «Скайфолл» «Американдық сұлулық», «Өзгерістер жолы» секілді адам жанының ұңғыл-шұңғылына үңілуге тырысқан күрделі драмалардың «иесі» Сэм Мендестің құзырына берілді. Бұл фильмнің бағы да, соры да болған секілді.

    Төтесіне салсақ, «бондиалаған» топ туындының тура осындай тым «адами» шығарын күтпеген сияқты. Содан болар ноландық «Қара батырдың оралуымен», өзге де өліп, қайта тірілген қаһармандармен параллель жүргізіп, сынап-мінегендер көп болды. Ырс-ырс төбелес пен гүрс-гүрс атыс аз болды дегендер де, «аш қасқырдай белі бүгілген арудың құшағындағы Бонд қайдалағандар» да, «ең болмаса тұтас ықшамауданды жоқ қылатын шынашақтай тапаншасы болушы еді» дейтіндер де Мэндестің мендік стиліне қапалы.

    Шамасы, режиссер кино әлеміндегі соңғы құбылыс-қимылдарды ескеруге тырысса керек. Бір кездері шетелдік тыңшы атаулыға қырғидай тиіп, оң қолымен қымбат шарап құйылған ыдысты, сол қолымен үріп ауызға салғандай сұлуды құшақтаған Бонд бүгінгі күні ашық идеологиялық құрал ретінде қолданыла алмайды. Тапталып-тапталып тас жолға айналған сюжеттік желімен де тасыраңдап шаба жөнелуге болмайды. Ендеше жол біреу: өткенді шұқылап, туындыға драмалық сипаттар беру арқылы бондиананың болашақ фильмдеріне бағыт сілтеу қажет.

    Сондықтан біздің «скайфоллдық» Бонд жоғарыда айтылған тапаншаны ұстамайды, баскесерлерге әкесінен қалған ескі мылтықтан атады. Жүз неше қабатты үйдің төбесінде емес, кіндік қаны тамған, құлау алдында тұрған үйде жауларын күтеді. Шотландтық виски ішеді, мұңды көзқараспен М-ді сүйемелдейді, ұзын-сонар әңгіме айтады.

    Біздің айтқан ерекшеліктер алда түсірілетін жобалар үшін «туа бітті Бондты сүйетіндер» армиясымен қатар елу жылдан кейін «есейген» қаһарманды көргісі келетіндер аудиториясын да жинап берген сыңайлы. Ал жалпақ жұрт екі ортада қалған соң жақтырмай қалып жатыр.

    Актерлық ойынға әлдене деу қиын. Дэниэл Крэйг, Джуди Денч, Рэйф Файнс, Бен Уишоу, Наоми Харрис секілді актерлар аса қиналмаған секілді, оны фильм талап етпейді де. Алайда, киберлаңкес Рауль Силваның ойнаған Хавьер Бардемді бөліп-жарып кеткен дұрыс. Мен үшін туындының нәрі мен сөлі сол болды. Бұрынғы бастығына наразы, бет-әлпетімен тура мағынада да, ауыспалы мағынада да есті шығаратын Бардемнің жағымсыз тұлғаларды ойнай алатындығы әлдеқашан дәлелденген-ді («Қарттарға мұнда орын жоқты» еске түсіріңіз). Бұл жолы да актер шеберлігінен танбапты: шашын ақсарыға бояп, әуейі кейіпке ене қалған испандық тамсану мен тірікену сезімдерін қатар береді.

    «Скайфоллда» Бондтың қыздары да кейінге шегерілген. Әуелгі Ыстамбұлдағы кадрда қылаң берген қыз да, фильм бойы ана тұстан бір, мына тұстан бір көрініп қалып жүретін қараторы Наоми Харристің кейіпкері де, кеште танысып, қайықта табысқан Беренис Марло ойнаған хаса сұлу да туындының бетке ұстар Бонд сүйіктісі деп айтуға келмес. Керісінше бұларға қарағанда агент М және еркек басымен Крэйгтің санына қол жүгірткен Рауль Силва Бондқа жақынырақ болған секілді.

    Тыңшылық экшн ұнайтын болса немесе бондиананы құлай сүйсеңіз әлде фильм басында тұра алмастай болған қаһарманның қайта жарып шығатыны туралы туындылар жаныңызға жақса онда «Скайфолл» сіз үшін түсірілген.

    Фильмнің басында ойналатын Адельдің әні үшін ғана баруға болады деп ойлаймын:)

    Әрине, «Рақымшылық квантымен» салыстырғанда «Скайфолл» көш ілгері. Классикалық қасиеттерінің біразынан айрылса да жаңа адами Бонд жеке менің қарапайым өміріме әлдеқайда жақын.

    Шынымен де «аспан құлаған кез»...

  • Филімнің басында ішім пыса бастады. Енді шығым кетейін деген ой келгенде, филімнің сюжеті қыза түсті. Кіріп кеткенім соншалық, уақыттың зыр еткенін байқамадым да.

  • Скайфолл киносы басталғанда Адельдің әне қатты ұнады. Ішімнен "мына әнді тауып алуы керек екен" деген ой жылтың ете қалған.

    Киноға келетін болсақ, кино алдыңғы Бонд кинолары сияқты атыс-шабысқа толы болса да, тым ұзап кеткен. Сюжетті 100 минутқа да сыйдыруға да болар еді. Шотландияға қашып кетіп, жауларын сол жерде күтуі артық кеткен деп білдім. Ұзата бермей, барлық істі сол сот ғимаратында бітіре салуға болар еді. Барлау қызметіне сынға салып отырған шенеуніктердің алдында Бондтың қажеттігін паш етумен бітіре салғанда дұрыс болар ма еді деп ойладым.

    "Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса" дегендей, режиссердің бір білгені болған шығар деп, осы жерден тоқтай салайық..