• Біздің парақшалар:
  • Асланның сабақтары

    Уроки гармонии

    Harmony Lessons

Жыл:
2013
Ел:
Қазақстан , Франция , Германия
Режиссер:
Эмир Байғазин
Басты рөлдерде:
Омар Әділов , Тимур Айдарбеков , Аслан Анарбаев
Сценарий:
Эмир Байғазин
Продюсер:
Әлия Меңдіғожина
Жанр:
Драма
Әлемдік премьера:
14 ақпан 2013
Қазақстандағы премьера:
4 желтоқсан 2013
Жас шектеуі:
Е16 - Он алты жасқа дейiнгi көрермендерге ата-аналарымен бiрге көруге ұсынылатын фильмдер
Ұзақтығы:
120 минут
Суреттеме:

Медициналық тексеру кезінде 13 жасар Асланды сыныптастарының алдында кемсітеді. Бұл оқиға оның іште бүгулі жатқан мінез-қылықтарының өршуіне алып келеді. Өзіне деген сенімсіздіктің салдарынан тазалық пен кемел болуға ұмтылады, төңірегіндегінің барлығын бақылауда ұстауға тырысады. Аслан қазақ ауылында әжесімен бірге тұрады, оның компульсивтілігі ақырында күрделі жағдайларға алып келеді...

Рейтинг:

6

  • Дауыс бергендер: 1

  • Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 193

    Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 194
  • IMDb: 7.3(738)
  • Кинопоиск: 7.39(619)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.

РЕЦЕНЗИЯЛАР (2)

  • Үндеспейтін сабақтар

    Айта кету керек: картина бұқаралық көрсетілімге арналмаған, сондықтан таң-тамаша ететін хикаялар мен қарқынды өрбитін сюжет күткен көрермен өз мақсатына жете алмауы әбден мүмкін.

    Сюжет арт-хаусқа тән стилде баяу өрбиді. Құрдастары тарапынан кемсітілген Аслан ахуалды жақсы жағына өзгертпек болады. Бірақ жақсылық үшін жамандық жасау қажет болатынын басты кейіпкер де, басқалары да алғашқыда түсінбеген тәрізді.

    Фильм бастан-аяқ қатігездік эпизодтарына толы: экран алдында бауыздалған қой (бұл қанды көрініс талғампаз Еуропа көрермендерінің сүзгісінен өтіп кеткеніне таңым бар), Асланның "жазалау әлеміне" тап болған тарақандар, мектептегі әлімжеттік, төменгі сыныптан қорқытып ақша жинау, түрмедегі тергеушілердің қорлығы...

    Қарап отырсақ - өмірдегі жағдайлар. Тек осыған дейін бұл ауыр эпизодтарды Қазақстанда ешкім әлі экранға шығарған жоқ. Шығарса да жеңіл-желпі, бір-екеуден ғана көрініс тапқан болар. Режиссер Байғазин біз кішкентай кезімізден бастап өмір бойы көретін қатігездіктердің барлық формасын бір картинаға сыйғызып, аса шебер жеткізе білді.

    Рухани жәбір көрген Аслан жан ластығынан тән тазалығы арқылы арылмақ болады. Нәтижесіз әрекет болса да оның осындай талпынысына сүйсінбей қоймайсың. Бірақ бала өзі өзгергенімен өзгелердің өзгермейтінін түсінбейді, әлде түсінгісі келмейді.

    Ал өзгелер дегеніміз кімдер? Олар: бір-біріне немқұрайлы адамдар, білім мен тәрбие жүйесі жоқ мектеп, бір-біріне қатыгез құрбы-құрдастар.

    Режиссер қазіргі қоғамды Асланның хикаясы арқылы, бір-біріне үйлеспейтін, үндеспейтін адами өзімшілдіктер арқылы жеткізе алды деп ойлаймын.

  • Эмирдің сабақтары

    Көптен күткен «Асланның сабақтарын» («Уроки гармонии») қайбір күні барып көрдік. Содан отырып талқыладық. Эмирден басталып, Мағауинмен аяқталған әңгіме түнгі 3-ке дейін жалғасты-ау деймін. Кейде кино туралы «бір көруге болады» дегеннен асып ештеңе айта алмайсың. Ал «Сабақтар» туралы... таусылмайтын, түгесілмейтін сияқты. Мүмкін, Ақберендерді сынайтын ағалар Эмирді де «жалған күрделілікке ұрынады» деп сыбайтын шығар, бірақ бұл баланың киносында "шындық" деген алапат күш бар.

    Фильмдегі алғашқы оқиға – Аслан қойды бауыздайды. «Піссіміллә» деп айтпадың ғой» дейді апасы. Мұнда үн жоқ. Ол неге қойды өзі сойды? Өйткені әкесі жоқ. Ағасы да жоқ. Міне, осы жалғыз бала медкомиссиядан өткенде Болат деген баламен қатар келеді. Және мұның күші көптеу болып шығады. Алғаш рет Болаттың эгосын біз осы кезде байқаймыз. «Мен тағы көрейін» дейді ол дәрігерге. Бір қарағанда күлкілі, қарапайым ғана көрініс сияқты. Баланың «бақталастығында» тұрған не бар? Бірақ бір сөз, бір көзқарас, бір мінез тағдырларды шешіп жатады. Эмир бізге осыны ескертті. 

    Сөйткен Асланды Болат бүкіл балалардың алдында қорлайды. Ол жауап бермейді. Мүмкін, қорықты. Мүмкін, бұл жай ғана оның табиғатында жоқ. Өмірде нендей конфликт болса да ол сол мезетте шешілуі керек. Эмир бізге соны үйретті. 

    Аслан аластатылды. «Ешкім оның қолынан алмайтын болсын». Мектепке келеді. Көретіні әлсіздің қорлануы. Бірақ шын мәнінде кім күшті, оны уақыт көрсетеді. Бәрі бетперде. Күштінікі де бетперде. Әлсіздікі де бетперде. Біз осы кішкентай балалардың үлкен текетіресін көріп, шиыршық атып отырғанда... оқиға өрби береді. «Мейірімді болыңдар» дейді «грев» жинайтын жігіт. Аслан қайта-қайта жуына береді, бұл тәнін емес, жанын тазалағысы келетін жанталасқа көбірек ұқсайды. Ол теледидардан деректі фильм көреді. Тарақандар «осындай да осындай ауруларды таратушы» екен. Бұл тарақандарды ұстап алып, электр үстеліне қойып соттайды. «Тамақты неге ұрлайсың?». Былай қарасаң, онда тұрған не бар? Балалардың бәрі жыбырлаған жәндіктерді қинағанды жақсы көреді. Бірақ осыны Эмир баяндағанда - жаның түршіге қорқасың.

    Біз баласының не істеп, не қойып жатқанына мән бермейтін халықпыз ғой. Олардың өмірі ертең басталатын сияқты. Сөйтсек, олар өмір сүріп жатыр екен. Және кейде тартыстары ересектердікінен бетер қатыгез екен. Балаңызға көңіл бөліп қойыңызшы. Асланның жүрегінде махаббат та болатын. Ол сыныптағы ең сұлу, қол жетпейтін қызға ғашық болды. Хиджап киетін қыз бен мұғалімнің арасында да қақтығыс. Сыныпқа Мирсаин деген жігіт келеді. Комплекс жоқ, жүрегі ашық, әділ де әділетті. Біртіндеп оны да жүйе «сындыруға» тырысады. Мұғалімдер де ылғи Мирсаинға қарсы. Тарақандарды соттап жүрген бала енді адамдарды да соттауға бекінеді.

    «...Или право имею?» дейтін Раскольников еске түседі. Зұлымдықтың көзін жою үшін қылмыс істеу әділетті ме?.. Аслан үндемейді. Ол үндемеген сайын жаның байыз таппайды. Қолын жуып жатқан екі полицей «Бұлар кінәсіз болса ше?» – «Басыңды ауыртпа, бұл біздің жұмысымыз» дейді ғой. Сөйтеді де, қолын жуып, әрі қарай кете береді. Біз де өмірде, кейде әділетсіздікті көріп тұрып, қолымызды жуып жүре береміз ғой...

    Мирсаин қиналғанда, әлденеден қашып, әлдеқайда тығылғысы келгенде «Хэппилонды» еске алады. Өйткені оның ата-анасы ажырасып жатыр. «Маған бәрібір. Есейдік қой» дейді ол өзін жұбатып. Өйткені бала болып еркелеп, біреудің қолтығына да тығыла алмайды. Ееей, біздің ғасырдың қорғансыз балалары...

    Біз ылғи біреудің ығына тығыламыз ғой. Ал жеме-жемге келгенде бәрібір, барлық қиындықтарды өзіміз еңсеруге тура келеді. Болат алып жүйенің бөлшегі (мүмкін құрбаны) ғана болатын. Бір адамды өлтіргенімен (кім өлтірсе де), екі баланы соттағанымен, жүйе қала береді. Ал Асландар ардың сотынан зардап шегеді. Мектептегі әлімжеттікті кім көрмей жүр? Бірақ осыған дейін сол жүйеге кім назар аударды? Ешкім.

    Эмир әдейі балаларды алып отыр. Егер жүйе желіктірмесе – Болат, мейірім көрсе – Аслан мен Мирсаин қандай болып өсер еді? «Асланның сабақтары» біздің суық ғасырдың құрбандарын жоқтау.«Кино деген оқиға» дейді ғой. Меніңше, кино деген қақтығыс. «Асланның сабақтары» тұнып тұрған қақтығыс.

    Эмир оқиғаны өрбітіп әкеле жатады да, шарықтау шегіне жеткенде аттап өтіп кетеді. Қалай болды, не болды – өзің тарқатып ал. Операторлық жұмысы да мағынасыз емес, музыка қолданбай-ақ жүрегіңнің қылын шерте білетіні – өз алдына жетістік. Әр бала өзін ойнап жүрген сияқты, ал олардың тілі, сөйлеу мәнері – бәрі кәдімгі өмірден алынған... Қысқасы, дүниеге суреткер келді. Тарқатып кейін жаза жатармыз.