• Біздің парақшалар:
  • Фуга. Дорога в никуда

Жыл:
2014
Ел:
Қазақстан
Слоган:
"Потеря памяти - это только начало"
Режиссер:
Самат Базыханов , Еркебұлан Жолдасов
Басты рөлдерде:
Дастан Оразбеков , Әсел Сәдуақасова , Айнұр Ілиясова , Рано Омарова
Сценарий:
Еркебұлан Жолдасов
Продюсер:
Жанбек Мәдиев , Алмас Мыңқожаев
Жанр:
Триллер
Қазақстандағы премьера:
20 ақпан 2014
Жас шектеуі:
Б14 - Он төрт жасқа дейiнгi көрермендерге ата-аналарымен бiрге көруге ұсынылатын фильмдер
Суреттеме:

Фильмде фуга деген психологиялық дертке шалдыққан Майя есімді бойжеткен туралы баяндалады. Бірде қыз белгісіз себептермен қалың орман арасында оянады. Не болғанын есіне түсірмек болады. Ол өз санасына дендеп енген сайын ұмыт болған қорқынышты құпияның сырын аша түседі.

Рейтинг:

6,25

  • Дауыс бергендер: 4
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.


РЕЦЕНЗИЯЛАР (4)

  • Фугадан соң біртүрлі сезімдемін...

    Ең алғаш рет осы фильм жайында Dinmukhamed Ziyadin​​нің kerekinfo.kz -тегі блогынан оқып: "Жақсы фильм шығар, бірақ мен бармаймын. Қорқам", - деген едім. Бірақ соңғы күндері әлеуметті желі "Фуга", "Фууууга", "Фу-фуга" деп неше түрлі пікірлермен шулай бастағанда қызығушылығым оянып, көруге деген ниетім пайда болды. Ниетіме қарай аспаннан топ етіп, ойламаған жерден Фугаға шақырылдым. Сөйтіп, тез-тез жиналып, көзілдірігімді ала-салып "Фугаға" келіп қалдым :)

    Ал енді фильмнің жайына тоқталсам. Жалпы фильм жаман емес, 5-ақ күнде түсірілген фильм үшін тіпті керемет.

    Бірақ ұзаааааааааааааааааааааааааааааааааақ басталып, тез-ақ бітіп қалды. Фильм тым созылып кеткен, сонысымен көрерменін жалықтырып жібереді. Сюжеті өмірден алынғаннан соң көрген адамды ойландырады. Актерлер құрамына келетін болсақ, олар көп емес. Небәрі 3-ақ штук десе болад.  Әсел Садуақасова, Рано Омарова және Дастан Оразбеков. Әселге актриса емес, әнші болып жүре берген өте жақсы жарасады екен. Ал Раноға "Жарайсың!" дегім келед. Ана түрімен, ана жүрісімен көрсетілім барысында шынымен еееекі рет қорқытты! Ужс О_о. Ееех, Дастан! Дастан! Бұл кино, бұл роль сен үшін емес екен. Всегда ромааантик "Препод" боп жүре берш!

    Фильмнің сапасы жақсы, өте жақсы өңделген! Алайда мен бұл "Фуганы" кинотеатрдан көретін фильмдер қатарына жатқыза алмадым. Мүмкін бір емес, бірнеше оқиғадан тұрғанда... Немесе негізгі бөлімін қысқартқанда... Біздікі пікір ғой. Режиссерлерге виднее!

    Егер романтикалық, комедиялық фильмдер арқылы таныс актерлер Әсел, Рано, Дастанеллоны жаңа қырынан көремін десеңіз, мұрны қанаған қыз айдалада машинаның ішінде, аяғы кесіліп не істеп жатқандығын түсіну үшін артық 1 сағатыңыз болса және фугаға ұшыраған адамның іс-әрекеті қандай болатыны қызықтырса барып қайтыңыз! Өкінбейсіз!

  • Жарнамасы жер жарып дегенім артықтау болар), Интернетті біраз шулатқан Фуга фильмінің тұсаукесері болды. Бардым. Көрдім. Сарапшы болмасам да, қарапайым көрермен ретінде бағаладым. Фильмге кіріп бара жатып, Фуганың атқарушы продюсері — Асхат Сабырбай «тұщымды пікірдің аздығын» айтып қалған еді. Асхаттың премьераға шақырғандағы мақсаты да сол — оң-теріс пікірді қалыптастыру шығар деп топшыладым.

    Ұнады:

    — жылаған-сықтаған, махаббаттың айналасынан шықпайтын фильмдерді тағы да қайталамай, жаңа жанрда түсірілген кино;

    — дәл қазір қоғамда өзекті боп тұрған бала, қыз сату, нашақорлыққа әуестену сияқты проблемалардың қозғалуы;

    — Майя (Ә.Садвакасова) образы — екіжүзділердің бейнесі: тығырыққа тірелгенде сондай «мүсәпір» бола қалады дағы, тығырықтан шыққанда қайта қуақылана шығады.

    — көрерменді интригамен ұстап тұруы, «енді қайтер екен» деген оймен көресің;— кино түсіруді жаңа қолға алған жастардың талпынысы, жоқтан бар жасауға тырысуының өзі құрметке лайық;

    — фильмнің жарнамасына жақсы күш салынды, біраздан бері күтіп жүрген фильмнің бірі еді;

    — аты сәтті таңдалған. Шыны керек, білім базама жаңа сөз қосылды

    Ұнамады:

    — фильмді түсіруші топ қазақтілді қазақ жігіттер бола тұра, Фуганың орыс тілінде түсірілуі. Қазақшасы жетік актрисалар да көп еді;

    — Майяның (Әсел) аяғын ауырсынып па, білмеймін, бастан-аяқ әйтеуір шектен тыс көп ыңырсуы. Бұл фильмді үйде көрсеңіз, көршілеріңіз сізді порно көріп отыр деуі мүмкін — Әселдің ойынында жасандылық бар, көрерменді кері итереді;

    — төтеннен сарт ете қалатын адам шошытарлық тұстарды көрермен алдын ала біліп отырады, күтпеген жерден ыршып түсетін тұстың бәріне дайындалып отырдым;

    — Әсел шөпті шынымен жеп отыр ғой, қалай жеді екен). Бір түрлі боп кетеді екенсің.

     Фильмді түсірген топтың уайымы енді басталады. Бюджетті ақтау керек, елдің үмітін ақтау керек, күткенін ақтау керек, өздерін ақтау керек. Бірақ, өздерін ақтайтын күн болмасын, болмайды да деп ойлаймын. Тырнақалды туынды осынша жақсы, демек, алда жігіттер керемет шедеврлерді дүниеге әкеледі.Фильм маған ұнады. Қателік бәрінде де болады, оны тергіштесек, дүниеде мінсіз ештеңе болмай шығады. Әркімнің талғамы әрқалай, маған ұнағанмен, оған ұнамауы мүмкін, мың естігеннен бір рет көрген артық.

    Барыңыз, көріңіз, өзіңіз баға беріңіз!

  • Фуга – тұнығы ластанған тәннің сергелдеңі

    Скорсезе мен Спилберг, Квентин Тарантино мен Стенли Кубрик – әрбірі өз месседжін түрлі метафора арқылы қалай жеткізуге тырысқан болса, біздің кинонарыққа да өзіндік стилі бар режиссураның кеп жатқаны өзінше бір меже. Жалпы, кешегі превьюде отандық прокатқа «Рэкетир», «Біржан сал» мен «Адасқандардан» кейінгі іліп аларлық тың еңбектің жол тартқанына куә болдым.

    Кейбір фильмдер болады, дайындалып бару керек. Ондайға кіреберістегі клерктер поп-корнмен кіруді үзілді-кесілді табуландырса екен дейсің. Иә, кешегі превьюде де ішкі мәдениеті әрбір сюжетке қатыстыра, бүкіл зал еститіндей «прикол айтсам, реномемді дәлелдей түсемін» дегеннен әрі аспаған тапқырлар да болды. Ал фильм клишелер мен трафаретті айла атаулыдан мезі болған талғамшыл аудиториясын жаңаша қырдан қарауға шақырып отырды.

    Осыған дейінгі әсірепафосшыл, ода жаудыру контекстіндегі туындылардан кейін «Фуга» есеңгіретіп жіберді. Жалпыадами құндылықтардың құнсыздануы, инь мен яньнің бітпес бақталастығындағы жалмауыз күштің доминанта болуы туралы емес, фильм - бүгінгі аласұрған реалиямызда тілге тиек ете бермейтін күрделі тақырыпқа құралыпты. «Фуга» - біздің отыз алты жылдан кейін масайрайтынымыз туралы емес, бүгінгі әлеуметтік құндылықтар координатасындағы коллапс туралы толғанған. Адам тағдыры саяси доктриналар мен ертегіуи платформа емес, түрлі қылмыстық құрылымдардың ғаламдық жымысқы желісіндегі шырмауыққа еркінен тыс түсіп қап, нәтижесіз арпалыста бір дозаның құлы боп қалатыны сондай аянышты. Доза түрлі формада көрініс табуы мүмкін, бастысы пипл асай берсе болғаны.

    Бір кездері Дубайға сапарлатып бара жатқан өрімдей жас қыздардың отыздан асқанын «дәлелдейтін» фейк төлқұжаты әшкереленіп, бөгде елге тән саудасына бет түзегендер туралы репортаждар болушы еді. Сап тыйылды бертін келе. Қазіргі эфирдің әдемі әні бұрынғысынан өзгерек. Ал проблема өздігінен ұшты-күйлі жоқ боп кеткен жоқ, ушыға түсті. Халықаралық синдикаттар адам трафигінің, қару-жарақтың, апиынның саудасын тыйған емес. Темекінің кезекті тұқылын қоқысқа тастап жатып қарқ-қарқ күлген брателло ықпалдырақ та, тәртіп сақшылары дәрменсіз. Соңғысы үлескер болса ше? Ойлаудың өзі қорқынышты: тапа-тал түсте ұрланып, шет елдің борделінде ес жиған қаракөздің обалы кімге? Қыршыннан қиылған тағдырларға алаңдау дегенді жатмінездендіріп барады бүгінгі өмір. Ұлттық арнадағы шет елдердегі асыранды балаларымыз туралы хабардың түп-тұқиянын басқаша қырдан зерделеп көру керек екен...

    To compare apples with apples (айфонның бұрынғы, қазіргі модификацияларына қатысы жоқ) деп бір сегмент өкілдерін салыстыруды айтады. Фильм ешкімнің қолдауынсыз жеке қаржыға түсіріліпті, бюджеті Астананың сол жағалауындағы екі, оңындағы үш бөлмелінің құны. Фильмді өз сегментіндегілермен салыстыру орынды. Кулуарларда продюсерлермен пікірлесіп жатып, отандық кинопрокатқа шығудың өзі сойқан тірлік екенін сездім. Үйге кеп сұрастыра, іздестіре бастадым. Түйгендерім өзіме соншалықты ұнай қоймады: синемалардағы кең жолаққа шығуына бата беретіндер негізінен ресейшіл ұстанымдағылар мен Газа секторын уысында ұстап отырғандардың уысында екен. Мемлекеттік арналардың басқармаларына қонжиған кейбір қазақстандық еместермен мүдделес. Қазақстанда негізі соңғы жылдары тәп-тәуір көп кино түсіріліп жатыр, олардың 15-20 пайыздайы ғана амалын тауып бізбен қауышуда. Қалғандарын әлгі сұрыптаушылар утильге жіберетін ұқсайды. Білуімше, неозаман көзкөргендері бұны қоғамдық сананы манипуляциялау деп атайды. Мегакоммерциялық алаң болумен қатар мықты идеологиялық тетік екенін көп оқыған болуыңыз керек.

    Есері бар, естісі бар ғой, тарт-тартпа. Бірақ, кей кино сенің ойлана түсуіңді мақсат тұтпайтыны сияқты, көрермені үшін әлі де болса жанашыр бірлі-жарым режиссер және бар. Фуга – сондайлардың дүниесі.

  • Фуга әлеуметтік мәселені көтерген ол анық көрініп тұр. Конструктивті сын айтатын болсам, бұл "туынды"  қысқаметражды фильмге лайық болар еді. Сценарийдің шолақтығы да, оқиғаның өрбуі де соған келіп тұр. Дей тұрғанмен, жаңа жарға бетбұрған шығармашылық ұжымға жеке алғыс!

    Тағы бір көңілім толғаны - подача. Оқиғаны көрерменге ұсынуы бөлекше. Айтпақшы, Асельдің ыңырсуы да біраз еркек кіндіктінің қиялын алысқа жетелейтіні анық!  Ал жалпы "Фуга" туралы сөз қозғауға себепкер болған  - киноның  атқарушы продюсері Асхат Садырбайдың еңбегі, менің ойымша! Жаман болсын, жақсы болсын фильм айналасында ажиотаж тудыра білген оның маркентингтік қабілеті  киноға көп көмегін тигізіп жатыр.