• Біздің парақшалар:
  • Борнның мұрасы

    Эволюция Борна

    The Bourne Legacy

Жыл:
2012
Ел:
АҚШ
Режиссер:
Тони Гилрой
Басты рөлдерде:
Эдвард Нортон , Стейси Кич , Альберт Финни , Джереми Реннер , Рэйчел Вайс , Джоан Аллен , Скотт Гленн , Донна Мерфи , Майкл Чернус , Кори Столл , Оскар Айзек , Дэвид Стрэтэйрн
Сценарий:
Тони Гилрой , Дэн Гилрой , Роберт Ладлэм
Продюсер:
Патрик Краули , Фрэнк Маршалл
Жанр:
Триллер , Детектив , Боевик , Қызық оқиғалы
Бюджет:
$125 000 000
Әлемдік табысы:
$276 608 758
Әлемдік премьера:
30 шілде 2012
Қазақстандағы премьера:
29 қараша 2012
Жас шектеуі:
PG-13 - 13 жасқа дейінгі балаларға көруге ұсынылмайды
Ұзақтығы:
135 минут
Суреттеме:

Фильмдегі сюжет "Борнның талабы" оқиғасымен қатар өрбиді. "Блэкбрайар" жобасымен бірге "Ауткам" деген де жоба іске асырылады. Оның құрбаны - Аарон Кросс болып шығады. 

Рейтинг:

6,333

  • Дауыс бергендер: 6

  • Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 193

    Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 194
  • IMDb: 6.7(271126)
  • Кинопоиск: 6.603(57760)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.


РЕЦЕНЗИЯЛАР (2)

  • "Борн мұрасы", ЦРУ агенті Джейсон Борн туралы алдыңғы түсірілген үш киноның жалғасы..Алдыңғы үш киносын қайталап көрген көрермен ретінде, үшінші киноны асыға күткен болатынмын. Күткендегі себебім, Мэт Дэмоннан кейін киноны сол қалпында алып кете алар ма екен деген сұраққа жауап алу болатын..Трэйлеріндегі кардрлері, алдыңғы кинолардағы экшнды сақтағандай көрінген..

     

    "Борн мұрасының" мені қызықтырған тағы бір тұсы Эдвард Нортон болатын..Голливудтың жақсы актерлерінен бірі, және кино таңдау талғамы жақсылардан болғандықтан, кино жоғары деңгейде болатын шығар деп күткенмін..

    Енді киноға оралар болсақ..Кино Борнның шығарған шуынан кейінгі ЦРУ-дың басына төнген қара бұлттарды сейілтудің жолын іздестірумен басталады..Кинода Джейсон Борнның өзі жоқ, елесі бар..Бірақ киноға Борн сияқты ЦРУ бағдарламаларының құрбаны жаңа агент - Аарон Кросс қосылған..

    Борн оқиғасынан кейін эксперименттік бағдарламаларды тоқтатудың орынына ЦРУ бағдарламаларын одан да ушықтырып жіберген, тіпті ЦРУ-ды бақылайтын кураторлардың өзі білмейтін бағдарламалар да іске қосылған..

    Киноның жылдамдығы баяу..Алдыңғы кинодағыдай жылдамдықты, атыс-шабысты күткендер үшін іш пыстырарлық кино ұсынылған..Киноның бас роліндегі актер Джереми Реннер үшін, бұндай киноны алып кету қиын болса керек, көрерменді де тарта алмайтындықтан, оны Эдвард Нортон сияқты білікті маманмен бірлестірген..Киноға бармай тұрып, мен Нортонның, жаңа Борнның соңына түсетін кантораның ішіндегі бір маман болатын шығар деп күткенмін..Алайда, Нортон бүкіл кино бойынша кеңседегі мониторларға қарап, қарамағындағы адамдарға тапсырма бергеннен басқа түк тындырмады..Продюссерлер көрерменді жаңылтты..Себебі Нортонның соңғы киносы "Халктан" кейін, мен сияқты талай көрермен, оны жекпе жекте, қан майданда көреміз деп дәмеленген шығар..

    Бірақ, менің ойымша бұл әдейі ойластырылған сияқты..Жаңа Борн хикаясы бітпей қалды..Бұның әлі жалғасы шығады деп ойлаймын..Нортонды кадрге алғаннан кейін, одан максимум пайда алу керек Голливуд жанры бойынша, сондықтан нағыз Нортонды келесі кинода көретін сияқтымыз..Бұл фильм жай дайындық, көрермендердің реакцияларын тексеріп көру..

    Негізі Голливуд, соңғы кездер көп сериалды кино түсіруге құмарта бастады..Джейсон Борн киносы, Джеймс Бонд сияқты, көп сериалды киноға айналуы әбден мүмкін..Тіпті кейінгі сериаларында Мэт Дэмонды көріп қалуымыз да мүмкін..Себебі ол әлі өлген жоқ..

    Тағы бір айта кетерлік жайт, алғашқы Борн киноларында, агенттер физикалық және менталдық күрделі дайындықтар арқылы, адам әлеуетінің максимумына жеткізілген қаруға айналған болса, соңғы Борн киносында, агенттердің көк, жасыл, сары таблеткалар жұтатын, дәрілерді алмаса өліп қалатын роботқа айналдырып жіберген..Аарон Кросстың проблемасы, бағдарламаны жабамыз деп барлық агенттерді өлтіре бастаған ЦРУ емес, дәрі дәрмек болады..Доза іздеген наркоман сияқты дәрі үшін Филиппиндегі дәрі фабрикасына баруына тура келеді..

    Қысқасы кино шикі..Есте қалатын ештеңе жоқ..Киноның жалғасы жағдайды түзелтпесе, кинодан тағы да пайда сығып алуға тырысқан продюссерлер үшін, жоба тек шығын ғана болып қалуы мүмкін..

    Қарайтын басқа жөні түзу кино болмағандықтан, баратын кинолар ішіндегі сәл тәуірлеуі..Алдыңғы Борн киноларын көрген болсаңыздар барып қайтыңыздар..Алдыңғы киноларын көрмегендер үшін кино түсініксіз болуы мүмкін..Памелло деген әйел кім, Борн кім? Тредстон не пәле тағы? Ана журналистті кім өлтірді, неге өлтірді? Түсініксіз...))

  •  

     

    Мен, Аарон Кросс немесе Борнның болымсыз мұрасы

    2002 мен 2007 жылдар аралығында жарық көрген, шпиондық экшн десе ішкен асын жерге қоятын киномандардың қанына ләззат алатын адреналин жіберген «Борнның жеке тұлғасы», «Борнның үстемдігі» және «Борнның талабы» сериясы алып мемлекеттің тыңшысы туралы арғы-бергі тарихтағы ми қайнатып, ой шайқайтын ең үздік франшизалардың бірі һәм бірегейі болып отыр. Басқаны қойып өзін-өзі пародиялауға көшкен Бондты тағынан тайдырып, тәжісін басына салған Борн шаппа-шап төбелес пен адам жанының тереңін қатар салмақтаған күрделі фильм ретінде елдің көңіліне майдай жаққан-ды.

    Жеке өзім әлі күнге араға аз уақыт салып осы үш фильмді қайта-қайта көруден жалықпаймын. Содан болар актерлік құрамы әжептеуір өзгеріске ұшыраған «Борнның мұрасын» әбден күттім. Тіпті Қазақстанға кедендік проблемалардың кесірінен кешігіп келеді деген хабарды естісем де Интернетке мойын бұрмай, кинотеатр экрандарына жалдырадым. Нәтиже: үміт тек отыз пайызға ақталды.

    Әрине бұл менің үмітімнің жеке бас мәселесі де болуы мүмкін (кім саған Борнды тек бір стильде түсіру керек деп айтты), алайда түрлі-түсті рецензияларға көз салсақ бір менің ғана аңырамағанымды байқауға болады.

    Біздің (яғни бұрынғы «борниадашылардың») бұлай мұңаюымызға себеп болып отырған дүниені түртіп, тізімдесек біраз жерге барамыз, бірақ тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бір: бұл «Борн» бұрынғыдан өзгерек.

    Кросстың жеке тұлғасы

    Фильмнің бісмілләсі «Ауткам» атты жобаның саны аз, бірақ сапасы сұмдық өнімдерінің бірі Аарон Кросстан (ресми түрде қазаға ұшыраған әскери қызметкер Кеннет Джеймс Китсом) басталады. Борн быт-шытын шығарған «Тредстоуннан» айырмашылығы «Ауткам» агенттерінің арнайы стимулятор-дәрілерді қабылдайтынында еді. Алайда Борн өзін «түлетіп ұшырған» «Тредстоунды» былай қойып, «Блэкбрайар» жобасының да «артын ашқанда», Қорғаныс министрлігі «бәледен машайық қашыпты» деп «Ауткамның» көзін жою туралы шешім қабылдайды.

    Ана құрлық, мына мемлекеттегі саусақпен санарлық «ауткамдықтарды» о дүниеге аттандырған Үкімет тау-тасты кезіп, жазасын өтеп жүрген Аарон Кроссты да өлтірмек болады. Алайда, тағдырдың жазуымен, өзінің шеберлігімен аман қалған Кросс қол астында бар күллі заманауи-ғибадати-ғадауати білімін салып биліктің «өлім жазасы» туралы үкімінен құтылмақ болады. Оған құрт-құмырсқа жасуша шұқылап жүрген биолог Марта Шеринг көмектеседі.

    Кросстың үстемдігі

    Фильмнің бұрынғы «Борндардан» артықшылығы да, кемшілігі де Кросстың өзгеше жаралғандығына келіп тіреліп тұр. Біз білетін дэймондық Джейсон Борн топас түрде қол көтерген қарсыласының басына қиямет-қайым орнатып жіберетін тыңшы-машина ғана емес, өзінің кім екенін білуге ұмтылған, зәбір шектірген адамдардың алдында кешірім сұрауға даяр, кейбір кезде аңғалдығы да бар күрделі тұлға болатын-ды. Ал Джереми Реннер ойнаған Кросс басқа... Кросс – алды-артын білетін нақты жоспары бар қу тыңшы. Ооо, Кросс оңай емес. Оның осы ерекшелігі туындыны тың бағытқа бұрып, жаңа тынысының ашылуына мүмкіндік берді. Франшизаның келесі фильмін күтетін ел-жұртты моральдік тұрғыдан дайындап алуға «Борнның мұрасының» шамасы әбден жетті. Енді халық булығып, қысылып Кроссты боқтамайды, себебі оның кім екенін танып-білді.

    Ортаңқол экшнның бас кейіпкері шамалас Аарон Кроссты көрген киномандар режиссер Тони Гилройды кешіре алмасы анық. Бұдан да бұрынғыдай сценарийін жазып жүре бергені дұрыс еді деген пікір ана рецензиядан, мына жазбадан бұрқ етіп қалып жатыр. Бірақ, шынайы бағаны алда болар жобалар көрсетер, мүмкін Кросспен кездесіп қалуы ықтимал деген Мэтт Дэймонның оралуы жаңа фильмдерді құтқарып алар.

    «Ауткамның» тыңшыларына жасыл, көк дәрілерді дайындап беруші ғалымдар-тобының мүшесі Марта Шеринг фильмнің жағымсыз тұстарының сәнін келістіріп-ақ тұр. Әрине актриса Рейчел Вайстың талантын шүбәсіз құрметтейміз, бірақ біресе шыңғырып, қалш-қалш еткен, біресе батыр бола қалған бас қаһарманның құрбысы осыған дейін экранға шыққан мыңдаған қыз-қатын кейіпкерден еш ерекшеленбейді.

    Джереми Реннерді де (Аарон Кросс), Рейчел Вайсты да (Марта Шеринг) қойшы, мендік көңілге қатты тигені Эдвард Нортонның (Қорғаныс министрлігінің агенті Эрик Байер) амплуасы болды. 

    Актерге әлде дұрыс рөл бұйырмаған (көзінің алды ісіп кеткен шатақ-шадыр мінезді кейіпкердің несі жақсы), әлде өзі дұрыстап ойнай алмаған. Әйтеуір, артық-ауыс қимылы жоқ, жүріс-тұрысы шектелген, бар мақсаты Борнды жою (?), Кроссты құрту (?) болған агенттің тірлігі түсініксіз болып бітті бізге. Оның үстіне Нортон бас кейіпкердің негізгі жауы болады, сұмдық жасаймыз деп жоба авторларының айтақтап алып, фильмде жөндемді ұстасуды да көрсетпей алдап кеткені тағы бар...

    Кросстың талабы

    «Борнның талабымен» оқиғасы қатар өрілген «Борнның мұрасы», өкінішке қарай, бұрынғы драмалық сипатынан, күрделі, салмақты кейпінен айрылған. Түптеп келгенде сол баяғы «Орындалмас миссия» секілді суперқаһарманы бар сапалы экшннан еш айырмашылығы жоқ. Бұл тек бас кейіпкер Кроссқа ғана қатысты емес. Жалпы фильмнің атмосферасы құртылыпты. Өкінішті-ақ, әрине. Ендігі бар үміт-қайырды әуелі оралса екен деген тілекпен Мэтт Дэймонға, одан кейін оқиғаны күрделендіре түссе жақсы болар еді деп режиссерға салып қойып отырмыз.

    P.S. Техникалық тұсына өкпе-базынамыз жоқтың қасы, оған да шүкір.