• Біздің парақшалар:
  • Қара киімділер 3

    Люди в черном 3

    Men in Black 3

Жыл:
2012
Ел:
АҚШ
Слоган:
"Өткенге ұмтылыс"
Режиссер:
Барри Зонненфельд
Басты рөлдерде:
Майкл Чернус , Уилл Смит , Томми Ли Джонс , Джош Бролин , Эмма Томпсон , Майкл Стулбарг , Элис Ив , Дэвид Раш , Билл Хейдер , Джемейн Клемент , Майк Колтер
Сценарий:
Лоуэлл Каннингем , Этан Коэн
Продюсер:
Лори МакДональд , Уолтер Ф. Паркс , Дж. Мак Браун
Жанр:
Комедия , Боевик , Фантастика , Қызық оқиғалы
Бюджет:
$225 000 000
Әлемдік табысы:
$624 026 776
Қазақстандағы табысы:
$1 580 715
Әлемдік премьера:
14 мамыр 2012
Қазақстандағы премьера:
24 мамыр 2012
Жас шектеуі:
PG-13 - 13 жасқа дейінгі балаларға көруге ұсынылмайды
Ұзақтығы:
106 минут
Суреттеме:

Айдың бетінде салынған құпия түрмеге тоғытылған Борис есімді өзгепланеталық келімсек агент Кейден есе қайтаруды ұзақ күткен еді. Міне, сол күн де келіп жетеді. Түрмеден қашып шыққан Борис, Жерге келіп өткен шаққа оралады дағы, тарихты түбегейлі өзгертіп жібереді. Ол агент Кейді өткен шақта өлтіріп тастап, адамзатқа қауіп төндіреді. Серігін құтқармақ болған агент Джей де өткен шаққа оралып, бәрін орнына қоюға тырысады. 

Рейтинг:

6,75

  • Дауыс бергендер: 4

  • Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 193

    Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 194
  • IMDb: 6.8(314418)
  • Кинопоиск: 7.226(140732)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.


РЕЦЕНЗИЯЛАР (2)

  • Айдың бетінде салынған құпия түрмеге тоғытылған Борис (Джемейн Клемент) есімді өзгепланеталық келімсек агент Кейден (Томми Ли Джонс) есе қайтаруды ұзақ күткен еді. Міне, сол күн де келіп жетеді. Түрмеден қашып шыққан Борис, Жерге келіп өткен шаққа оралады дағы, тарихты түбегейлі өзгертіп жібереді. Ол агент Кейді өткен шақта өлтіріп тастап, адамзатқа қауіп төндіреді. Серігін құтқармақ болған агент Джей (Уилл Смит) де өткен шаққа оралып, бәрін орнына қоюға тырысады. 

    "Қара киімділердің" үшінші бөлімі осылай басталады. Бірден іске кірісіп кеткен кейіпкерлер бұған дейінгі екі фильмді логикалық тұрғыдан осылай іліп алып кетеді. Тіпті, бөлімдер арасындағы жылдарға созылған үзілістің алшақтығын да сезбей қалады екенсіз.

    Дубляж
    Бірінші кезекте тоқталып өтетін жайт — "Қара киімділер 3" прокатқа қазақ тілінде шығып отырған алғашқы Голливуд туындыларының бірі. Қатты сынайтындай мін таба алмадық. Тек кейбір диалогтардың тым әдебиленіп кеткенін айта кету керек. Ауызекі стилге баса мән беріліп, сөйлеу интонациясындағы кейбір сәйкессіздіктер назардан тыс қалмағанда "өте жақсы" деуге тұрарлық дүние шығады екен. Әзірге, жай ғана «жақсы» деуге мәжбүрміз. Оның үстіне үлгі етіп қоярлықтай әзірге эталон дубляж жасалған жоқ. Сондықтан барды қанағат тұта тұруға тура келеді. Әйтеуір бұл жерде Қазақстан телевидениесінде көп кездесетін қорқынышты, сүйкімсіз дауыстарды естімедік. Сол үшін кейіпкерлерді дыбыстаған қазақ актерлеріне алғыс білдіру керек. 

    Актерлер
    Бұған дейінгі екі бөлімде көрермен көзайымына айналған Уилл Смит пен Томми Ли Джонс сол қалыптарын бұзбапты. Агент Джейдің қуақылығы мен аңғал мінезі, агент Кейдің тұйық мінезі мен адам күтпейтін әрекеттері, екеуінің бір-бірін қажап, сөзбен түйреген диалогтары әлі де өз қалпында. "Қара киімділердің" жанкүйерлері үшін тағы бір жаңалық — Джош Бролиннің орындауындағы жас агент Кей. Сыртқы ұқсастықтарын есепке алмағанда, жас Кей мен кәрі Кейдің арасындағы айырмашылықтар жетіп артылады. Айтпақшы, кәрі Кейдің неліктен өзін тұйық, салмақты ұстау себебін осы жолы біле аламыз.

    Соңы
    Фильмді ең бірінші кезекте осы соңғы эпизодтары үшін көру керек шығар. Сценаришілер мен режиссер осы жолы күтпеген сюжеттік шешімге барыпты. Көрерменді жаңа нәрсемен таңғалдыру кино жасаушылардың мақсатында болған болса — ол фильмнің аяқталар тұсында сәтті іске аса алды деп батыл айтуға болады. 

    Баға:
    Қазақша дыбысталуы — 8/10
    Фильмнің өзі — 7/10

  • «Қара киімділер 3»: көрермен, саған серт!

    Алдымен, агент Кейдің кім екенін айтып алайық. Ол – жас Джейдің қарт әріптесі. Екеуі агенттер, жат планеталық зұлымдыққа қарсы күресетін, жердегі өзге ғаламшарлықтардың жүріс-тұрысын бақылап, қадағалап отыратын арнайы ұйымның өкілдері, басқаша айтқанда қара киімділер. Сонау 1997 жылы жарық көрген бірінші «Men in black» есіңізде шығар. Міне, сол фильмнің бас кейіпкерлері. 

    Томми Ли Джонс пен Уилл Смиттің тандемі кино саласындағы танымал кейіпкерлердің қатарына кіреді. Араға екінші фильмді салып барып, үшіншісін түсірген Columbia Pictures өнімі бұл жолы Борис «хайуаннан» (Джемейн Клемент) басқа өзге планеталықты жарытып көрсетпеді. Басымдық басқаға берілді. 

    Ай бетіне салынған алып зынданнан сылқым Лиллидің (Николь Шерзингер) көмегімен қашып шыққан Борис бір қолынан һәм бостандығынан айрылған сонау 1969 жылға қайта оралады. Бар мақсаты – түрмеге тоғытқаны үшін агент Кейді (Томми Ли Джонс) өлтіріп, бәрін жалмап, жойып келе жатқан ғаламшарлық туыстарына жерге жол ашып беру, адамдарды сыртқы шабуылдан қорғайтын арнайы құрылғынының көзін құрту. 

    Бірақ, бас қаскөйдің бұл істі атқаруына алпыс тоғызыншы жылы бала болған агент Джей (Уилл Смит) бөгет жасайды. Бәрі бақытты аяқталған (яғни Борис қолынан айрылған, түрмеге тоғытылған, қорғаушы құрал іске қосылған) өмірінен балама тағдырға (Кей 1969 жылы өлген, құрылғының көзі жойылған, Жерге Бористің көмегімен жауыз ғаламшарлықтар кемесі жақындап қалған) бір түнде тап болған Джей амал жоқ өткенге оралып, жас агент Кейге (Джош Бролин) көмектесуге мәжбүр болады.

    Қағаз бетіндегі шым-шытырық сюжетті кадрда барынша қарапайым етіп берген фильм авторлары бұрынғыдай аузы-мұрнынан шығып, ақтарылып жатқан ғарыштық «ағайындарды» емес, бірінші планға Кей мен Джейдің ондаған жыл бұрын басталған қарым-қатынасын қойған. Біз білетін оқиғаны басқа арнаға бұруға тырысқан. Және олары сәтті шыққан. 

    Төрт құбыласы түгел бластерлер мен түрлі формадағы, күйдегі құбыжықтарды өзге планеталықтарды одан әрі көрсете беруден бас тарту арқылы авторлар әу баста фантастикалық комедия деп аталған франшизаны фантастикалық драма соқпағына түсіруге мүмкіндік алған.

    Жас Кей мен бала Джей және кәрі Кей мен есейген Джей арасындағы әріптестіктен достыққа, достықтан рухани туыстыққа ұласқан қарым-қатынасқа экшнның һәм комедияның элементтерін қосып, мидай араластырып беру эксперименті режиссер Барри Зонненфельдтің командасына оңай жолмен кету әдісі болып көрінсе керек. Тығырыққа тірелді-ау деген сюжетті жаңа «Қара киімділерге» негіз болатын оқиға желісімен тұтастырып жіберу коммерциялық жобаның жалғасын шығаруды мақсат тұтқан секілді («Кариб теңізінің қарақшыларын» еске түсіріңіз). 

    Актерлық ойын бойынша Уилл Смит пен Джош Бролинді ерекшелеп кеткен жөн. Қайғы-әкені де («Бақыттың соңына түсу», «The Pursuit of Happyness»), қаһарманды да («Мен, робот», «I, Robot») қатар ойнай беретін Смиттің қыршаңқы тілді, қырсықтау агенттің рөлін қиналмай ойнауы таң қалдырмайды, әрине. Ал «Қарттарға мұнда орын жоқ» («No Country for Old Men») және «Темір тәсіл» («True Grit») секілді адам жанының күрделі қатпарларын ашуға ұмтылған фильмдерге түскен Бролинді дүңкиген мінезді, көп сөйлемейтін, күлкі шақыратын кейіпкер ретінде көру көрермен үшін қызық болатыны сөзсіз. 

    Көзіміз күрделі эффектілерге үйренген кезеңде (әсіресе «Кек алушылардан» кейін) «Қара киімділер 3-тің» таңданыс шақыра қоюы екіталай. Алғашқы фильмдегідей «космос» романтикасының атмосферасын да жеткізе алмады. Бірақ, уик-ендті көңілді өткізуге мүмкіндік береді. 

    Фильмнің қазақ тіліне аударылуы қазақстандықтардың «қара бала» бастаған актерлар тобын жылыұшырай қабылдауына әбден негіз болады деген сенімдемін. Смитті мемлекеттік тілде сөйлеткен Азамат Қанапияновтың дауысы қазақ кинопрокатының қазіргі «үні» болып отыр. 

    «Аудармасақ – бізге серт, көрмесеңдер – сіздерге серт» деп отырған кино-делдалдар бастамасының дамып, тәржімаланатын фильмдер санының артып, сапасының жақсарып, өрістей түсуі ең бірінші кезекте кинотеатрға ағылған жұртқа тікелей тәуелді. Ендеше, кезек сізде, құрметті көрермен…