• Біздің парақшалар:
  • Кассадага / Cassadaga

Жыл:
2011
Ел:
АҚШ
Режиссер:
Энтони ДиБлейси
Басты рөлдерде:
Келен Коулмэн , Кевин Алехандро , Луиза Флетчер , Рас Блэквелл
Жанр:
Триллер , Үрейлі
Әлемдік премьера:
22 қазан 2011
Қазақстандағы премьера:
31 мамыр 2012
Жас шектеуі:
R рейтингі - 17 жасқа дейінгі тұлғалар үшін ересектердің қадағалауы міндетті
Ұзақтығы:
108 минут
Суреттеме:

Кассадага - Флоридада орналасқан шағын қалашық. Бұнда паранормал қабілеттерге ие адамдар тұрады. Бұл жерге өлген туыстарымен сөйлеспек болған туристер көп келеді. Бірақ қанша сағынсаң да аруақтарды мазалауға болмайды...

Рейтинг:

4

  • Дауыс бергендер: 1

  • Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 193

    Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 194
  • IMDb: 5.3(3053)
  • Кинопоиск: 5.285(4191)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.

РЕЦЕНЗИЯЛАР (1)

  • Кассадагалық қуыршақ театры: быламық

    Бұл фильмге жеке пікірімді жазу-жазбау туралы күмән-күдік келіп-ақ қалған еді. Мойын бұрып мән беруге тұрмайтын дүние, бірақ, «Прометеймен» таласып-тармаспай, жүйке талшықтарымды тоққа соқтыртып алайын деген көрерменге арнап сөз сүйкей кетуді жөн көрдік. 


    Қысқа іш киім (әлде көйлек, әлде шолақ шалбар – бәрі бар) киген әдемі қыз басына түскен қайғыдан қашып (сіңлісі көлік астына түсіп, қаза болады) АҚШ-тың паранормалды астанасы атанған Кассадага атты шағын қалашыққа барады. Жергілікті жігіттің басын айналдырып, өзінің де басы айналып «ахохойлап жүріп» әлдебір медиумның үйінен бір-ақ шығады.

    Сіңліммен сөйлестір деген біздің бас кейіпкердің сөзін жерге тастамаған сиқыршы кемпір құрал-жабдығын құрып жіберіп байғұс әруақты шақырып алады. Алайда, жаны тыныштық таппаған, ит азаппен өлген тағы бір рух жолдан қосылып Лилидің (жаңағы қыз қой, айтпақшы құлағы естімейді, елдің ерніне қарап қана сөз ұғады) жанын көзіне көрсетеді. Содан, ал кеп шошыт, ал кеп қорқыт…

    Қорқыт демекші, «Кассадага» күтпеген жерден пайда болған түрі жаман (тіпә-тіпә, кет бәлекет) тіршілік иелері мен әдемі қыздардың шыбын жанын шырқыратып тұрып кескілеп қуыршақ (марионетка, суретін көремін десеңіз фильмге барыңыз) жасайтын қанішерімен «жынға тиеді».

    Кинода арысы күлкі, берісі түсінбеушілік туғызатын кадрлар баршылық. Жеке өзім Лили мен Майк (жігіті ғой) оңаша қалып, сезімге беріліп жатқанда, бір шеттен келіп, қарап тұрған Дженнифердің… ах-ах-ах, кешіріңіз, Дженнифердің кек қайтаруды тілеп жүрген әруағының тірлігін түсіне алмадым. Әрине, Лилидің түсіне бір, өңіне екі келіп, шошытып, құрт-құмырсқа құстыру бір бөлек, хоррор атаулы жүрегіне майдай жағатын көрермен одан эстетикалық ләззат алуы әбден мүмкін, алайда, әлгіндей қисынға келмейтін қиын сәттер арзан эффект әсерін ғана сыйлайды екен.

    «Кассадаганың» құрылым формасы құз биіктен қарағанда сол баяғы классикалық голливуд үрейлі фильмдерінің мысалын көрсетеді. Әйтпесе, айдаладағы қаңыраған алып үйге есі дұрыс адам (оның үстіне қыз басымен, қыл шашымен) барып тұра ма!?

    Бас кейіпкер болып бұта-бұтаның арасымен қашатын Келен Коулмэн атты актриса бұдан былай көзге жиірек түседі деп болжап отырмын. Аудиторияның назарын сүйкімді жымиысы мен пошым-бітіміне аударып қойып отыратын кино-маман алдағы уақытта ауқымды жобаларға шақырылса таң қалмаспыз.

    Басқа актерларды сөзге қоспай-ақ қоялық, себебі фильм авторларының мақсаты талантты таныту емес, бөлінген бюджетті бас-аяғына дейін игеріп, байғұс көрерменді бір шошытып алу болғанға ұқсайды. Оның үстіне, режиссер Энтони ДиБлейси режиссер Алехандро Аменабар емес, кассадагалық басқа актерлардың да Хавьер Бардемға ұқсап бара жатқаны шамалы.

    Көрермен ретінде құлқымды қашыратын дүние – хоррорға мелодрамалық элементтердің араласуы. Айналайын, автор, антиқаһарманың атсын, шапсын, кессін, іресін, сойсын, өлтірсін, құртсын, бас кейіпкерің қашсын, құтылсын, құдыққа құлап өлсін, бірақ, сорасын ағызып жылатпашы тек дегің келеді. Бағана ғана көзі жарқылдап жүрген жанның шашын жайып жіберіп сықсыңдап отыра қалуы аттандап, атмосфераны енді сезініп келе жатқан залдың ана жер, мына жерінен мырс-мырс күлкі шақырды.

    Жә, жарамсыз екен, «Қара киімділерге» барып қазақы дубляждың қалтасына қаржы қосып қайтайын десеңіз өзіңіз білесіз, әрине, бірақ, «Кассадаганың» екі сағатқа жуық есті айырып, түсті қашыратынын ұмытпағайсыз. Жүрек суылдатар фильм керек десеңіз, мархабат!

    Кім біледі, біраз уақыт өткен соң, дүкен сөрелерін аралап жүріп, сырты хоррорсүйер адамды қызықтырар суретпен қапталған «Кассадага» атты дискті қолға алып салмақтап тұрып «Тәәәәк, мынаны алып, кешке көріп тастасам ба екен» деуіңіз бек мүмкін…

    P.S. Фильмнің фишкасы қорқынышты әруақ емес, қол-аяқты кесіп, кейін қайта жалғайтын маньяк. Гыыы…