• Біздің парақшалар:
  • Батыл жүрек

    Храбрая сердцем

    Brave

Жыл:
2012
Ел:
АҚШ
Режиссер:
Марк Эндрюс , Бренда Чепмен , Стив Пурселл
Басты рөлдерде:
Робби Колтрейн , Келли Макдоналд , Джон Ратценбергер , Эмма Томпсон , Стив Пурселл , Билли Коннолли , Джули Уолтерс , Кевин МакКидд , Крэйг Фергюсон
Сценарий:
Марк Эндрюс , Бренда Чепмен , Стив Пурселл , Ирен Меччи , Майкл Арндт
Продюсер:
Джон Лассетер , Пит Доктер , Эндрю Стэнтон , Кэтерин Сарафьян
Жанр:
Комедия , Фэнтези , Отбасылық , Қызық оқиғалы , Мультфильм
Бюджет:
$185 000 000
Әлемдік табысы:
$538 983 207
Әлемдік премьера:
10 маусым 2012
Қазақстандағы премьера:
21 маусым 2012
Жас шектеуі:
PG - Ата-аналардың қадағалауы ұсынылады
Ұзақтығы:
93 минут
Суреттеме:

Шотланд тауларының тылсымға толы сілемдері туралы ғасырлар бойа неше түрлі аңыз-әңгімелер айтылып жүр. Садақ тарта білетін ханшайым Мерида өз тағдырымды өзім шешемін деп жүріп, шотланд тайпаларының арасында жанжал туғызуға себепші болады. Мерида жасаған қателіктің кесірі бүкіл патшалыққа төнеді. Қыз аңызда ғана айтылатын сиқыр мен дуаға, тауда өмір сүретін құбыжыққа жалғыз қарсы тұрады.

Рейтинг:

7,8

  • Дауыс бергендер: 5

  • Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 193

    Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 194
  • IMDb: 7.1(342895)
  • Кинопоиск: 7.444(96308)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.


РЕЦЕНЗИЯЛАР (2)

  • Ержүрек қыздың хикаясы

    Биылдан бастап қолға алына бастаған Голливуд туындыларын қазақ тіліне аудару жұмыстарының сапасы әр премьера сайын жақсармаса, еш төмендемеген емес. Бұған "Батыл жүрек" анимациялық туындысын көргенде тағы бір рет көз жеткізгендей болдық.

     Мультфильмнің өзі

     Бәрінен бұрын графикалық бейнесі өзінің шебер жасалуымен, әдемі көріністерімен тәнті етті. Бұнда суретшілердің зор еңбегі жатыр. Айтпақшы, осы картинаның қоюшы-суретшілері жұмыс барысында арнайы Шотландияға барып, орта ғасырдың рухы мен келбеті сақталған өңірлерді өз көздерімен көріп қайтқан екен. Соның да әсері бар болуы керек, көркемдеу жұмыстары шынымен де жоғары бағаға лайық. Мультфильмде орын алған көне заманның атмосферасы дәл беріле отырып, көрерменін табиғаттың әлі адам аяғы тимеген әсем ортасына енгізіп жібереді. Оның үстіне туындының стерео форматта екенін де ескеріңіз.

    Кейіпкерлердің осындай жарқын образдары бұған дейін тек "Шрек", "Рапунцель", "Айдаһарды қолға қалай үйрету керек" секілді хитқа айналған мульт дүниелерде ғана кездескен шығар. Қыран-топан күлкіге батыратын орынды юморын қосып қойыңыз. Оның үстіне юмор барлық жерде бар: диалогта да, қимыл-әрекетте де, ымдау-мимикада да кездеседі. Бірақ бұл картина толық комедиядан тұрады дегенді білдірмесе керек. Драматикалық сәттер мен финалдағы ауыр көрініс көрерменіне ерекше эмоция берері анық.

    Қазақ тіліндегі аудармасы

    Біз бұған дейін де «Батыл жүректі» қазақ тіліне аударуға қатысты бірер ақпараттармен бөліскен едік. «Меломан» компаниясы мен «Алтын қыран» қоры, «Болашақ» асоциациясы бірігіп атқарған мол еңбек айқын көрініп тұр. Оның үстіне қазақ актерлері тек дыбыстап қана қоймай, фильм барысында орындалатын ана тілімізде екі ән де жазылды. Мақпал Исабекованың орындауындағы әндер мульфильмге ерекше әр беріп, туындының анағұрлым жатық, шынайы берілуіне өз септігін тигізуі тиіс. Осындай тірліктердің арқасында кішкентай көрермендер осы анимациялық фильмнің түпнұсқасы қазақ тілінде жасалғанына сеніп қалуы да әбден мүмкін.

    Әрине, аударма мен дыбысталуды дубляж жұмысының эталоны дей алмаймыз. Шынайылықтан ауытқып кеткен, аударманың сәтсіздеу шыққан тұстары да кездесті. Бірақ залдағы көрерменнің оң реакциясына қарап, дубляждың жалпы тұрғыда өз көрерменін тапқанын, және қазақ тіліндегі диалогтардың үлкенге де, кішіге де түсінікті болғанын байқау қиын емес.

    Түйін

    «Батыл жүрек» — нағыз отбасылық кино. Сюжеті қызық, суреті анық, кейіпкерлері есте қаларлық ерекше туынды. Ендеше Шотландияның орта ғасырлық әлеміне асығыңыз.

  • «Батыл жүрекке» барасың ба, қазақ тілінде көресің бе?

    Тұрмысқа шықпаймын, одан да бойдақ болып жүре беремін арғымақтың үстінде құстай самғап, жебем көкке жетсін деймін...
    Мериданың әкесі король Фергюс* 

     Стив Джобс кезінде бас болған Pixar студиясы еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бірдей қызықты болатын кезекті туындысын елге ұсынып отыр. Бұл жолғы фильм біз үшін алабөтен ыстық, себебі «Батыл жүрек» (Храбрая сердцем/Brave) прокатқа қазақ тілінде шықты. 

    Жіберген жебесі нысанаға дәл тиетін, ат құлағында ойнайтын, күйеуге шыққысы келмейтін Фергюс әкесінің ерке қызыМерида ойламаған жерден басына бәле тілеп алады. Орманда жарқырауық қуып жүріп әлдебір мыстан кемпірдің арбауына түсіп анасынан жартылай айрылып қалады – Элинор патшайым аюға айналып кетеді. Әкесінің қорбаңбай көрсе өре түрегелетінін білетін қыз қайтсем жағдайды түзеймін деп жүріп түрлі оқиғаларға тап болады.

    Бұған дейін «Көліктер 2» және «Қара киімділер 3» мемлекеттік тілге аударылып, бас изеуі бар, таңдай қағары бар, бас шайқары бар біраз әңгіме-таласқа арқау болған-ды. Бірақ, «Батыл жүрек» қазақтілді аудитория үшін ерекше болатын сыңайлы – мендік пікір Walt Disney Pictures пен Pixar Animation Studios өнімі сәтті дубляждалған деп отыр. Жасанды сөйлемдер мен бейтаныс тіл оралымдары біршама сейілген, бұрынғыдай тіксініс туғыза қойған жоқ. 

    Дубляж тұрғысынан король Фергюсты дыбыстаған Төлеубек Аралбай мен патшайым Элинорды қазақша сөйлеткенАйжан Дәулетбақова әдемі қуантты. Алғашқы актер арсы-гүрсі, ер мінезді, ақкөңіл отағасының бойына қазақы қан жүгіртіп, ділдік туыстықты сіңіре алған, ал Элинордың тәкаппар, қамқор, салт-дәстүрге мығым бейнесі Дәулетбақовадауысымен жақсы көмкерілген.

    Туынды барысында екі ән орындайтын Мақпал Исабекованы айрықша атап өткім келеді. Pixar суретшілерінің жан-дүниеңді баурап алар графикасына фон ретінде Мақпалдың дауысы сәтті таңдалған деп айтуға әбден болады. 

    Басты рөлдегі Мериданы дыбыстаған Іңкәр Әбдіраш фильм бойы көбінесе қуантып, кейде ғана сескендіріп отырды. Аудармашының сөйлем құрамын дұрыс қоймағандығы әлде актрисаның жасанды сөйлеуі, әйтеуір бірді-екілі жердегі қалыпты қазақ тілінде жоқ ырғақ жанға жаға қойған жоқ. Бірақ, бұл фильмнің Іңкәр Әбдіраштың дубляждау тәжірибесінде алғашқы жоба екенін ескерсек, алдағы уақытта аударма сапасы жақсара түседі деп үміттенуге болады.

    «Батыл жүрек» — аудиторияның кез келген жастағы өкіліне бағытталған туынды. Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты суретшілер талантымен, композитордың сәтті тректерімен өріп ұсынған режиссер Бренда Чепмэн кезекті адам сүйсінтер жоба түсірген екен. 

    Ересектерге фильмнің шырқау шегіне жеткен тұсы – аю бейнесіндегі патшайым Элинордың қызын қорғайтын жері аса ұнайды деген сенімдемін. Анимациялық бейнелер ұнамды шыққан: аң бейнесін беруде авторлар шынайылықты құп көрген сыңайлы, тіпті кей жерінде қолдан салынған сурет екеніне бір сәт күмән келіп қалады.

    «Батыл жүрек» бұрындары біз көрген пиксарлық «Валл-и», «Жоғары» секілді драмалық нюанстарға баса мән берген туындыларға ұқсамайды, мұнда әлдебір баламінезділік, ертегілік басым. Бұл қасиет фильмді кішкентай аудиторияның жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді деп ойлаймын.

    Экшн-кадрлардың көп болуы, ашық түстердің кеңінен қолданылуы, детальдардың барынша анық көрсетілуі, қала-орман, күн мен түн ауысымының сәтті берілуі прокатта фильм қоржынын қампайтар қосымша себептер болса керек.

    Фильм әзілдері жаңашылдығымен таң қалдырмайды, бірақ кейіпкерлердің қылық-тұрыстары мен кейіп-қимылдары күлмесіңе қоймайды.

    Режиссер Чепмэн туындыны түсіру барысында ағайынды Гриммдер мен Ганс Христиан Андерсонның ертегілеріне және қызына деген махаббатына сүйенгенін айтады. Көрермен ретінде өзім «Батыл жүректен» аталған авторлардың шығармаларында кездесетін сиқыр мен маманның аналық сезімін анық байқадым. Ал коммерциялық жоба тұтынушысы үшін бұл үлкен олжа.

    * — Эпиграф жөнінде толық мәлімет алу үшін «Батыл жүрек» трейлерін қараңыз