• Біздің парақшалар:
  • Жаңа Өрмекші-адам

    Новый Человек-паук

    The Amazing Spider-Man

Жыл:
2012
Ел:
АҚШ
Режиссер:
Марк Уэбб
Басты рөлдерде:
Эмбет Дэвидц , Ирфан Кхан , Эмма Стоун , Салли Филд , Эндрю Гарфилд , Макс Чарльз , Кэмпбелл Скотт , Крис Зилка , Рис Иванс , Дэнис Лири , Мартин Шин
Сценарий:
Стивен Кловз , Стэн Ли , Джеймс Вандербилт , Элвин Сарджент
Продюсер:
Ави Арад , Лора Зискин
Жанр:
Боевик , Фантастика , Қызық оқиғалы
Бюджет:
$230 000 000
Әлемдік табысы:
$752 215 857
Қазақстандағы табысы:
$1 250 773
Әлемдік премьера:
13 маусым 2012
Қазақстандағы премьера:
5 шілде 2012
Жас шектеуі:
PG-13 - 13 жасқа дейінгі балаларға көруге ұсынылмайды
Ұзақтығы:
131 минут
Суреттеме:

Бұл Өрмекші-адам туралы оқиғаның жаңаша баяндалуы. Үнемі жолы болмайтын Питер Паркер есімді қарапайым оқушыны бір күні мутант-өрмекші шағып алады. Осыдан бастап оның өмірінде таңғаларлық оқиғалар орын ала бастайды.

Рейтинг:

7,25

  • Дауыс бергендер: 4

  • Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 193

    Strict Standards: Only variables should be passed by reference in /var/www/vhosts/kinostan.kz/public_html/application/views/scripts/film/view.phtml on line 194
  • IMDb: 6.9(536130)
  • Кинопоиск: 6.891(143262)
Фильмді бағалау үшін сайтқа кіру немесе тіркелу керек.


РЕЦЕНЗИЯЛАР (2)

  • Өрмегі жоқ Өрмекші-адам

    Көптен күткен "Жаңа Өрмекші-адам" да прокатқа жол тартты. Биыл қазақ тіліне аударылған үшінші голливудтық фильм күткен көңілді қанағаттандыра алмады. 

    3D формат үшін арнайылап түсірілген кадрлар 1-2 көріністен аса алмады. Саны мүмкін одан да көп шығар, бірақ ерекше әсер берген сәттер тым аз көрінді. Түсірілім жүріп жатқан сәтте, авторлар тарапынан стерео нұсқа әсерлі шығуы үшін кейбір көріністер бірінші жақтан, яғни басты кейіпкердің көзімен беріледі деп айтылған еді кезінде. Жаңа Өрмекші-адамның қазір классикаға айналып үлгерген 2002 жылғы Өрмекші-адамнан басты ерекшелігі де осы үш өлшемді эффектілері болуы тиіс еді. Өкінішке орай, туынды 3D ерекшелігімен аса таң қалдыра алған жоқ. Есесіне, Тоби Магуайр ойнаған "Өрмекші-адамды" стерео нұсқаға өңдеп, прокатқа қайта жіберсе — анағұрлым әсерлі дүние шығатын тәрізді. Әрине, бұл жай ғана бір мезеттік ой ғой…

    Биыл «Меломан» холдингі бастап, мемлекеттік бірлестіктер мен қорлар қостап отырған фильмдерді біртіндеп қазақшалау үрдісінің өзі қуантып отырғаны рас. Бұған дейін шығып үлгерген "Қара киімділер 3" пен "Батыл жүрек" прокатта айтарлықтай сәттілікке қол жеткізе алмаса да, осы фактінің өзі халық үшін үлкен жаңалық болды. 

    Десек те, сапалы дубляжымен екі рет қуантқанымен, «Жаңа Өрмекші-адамға» келгенде үлкен кемшіліктерге жол беріліпті. Аударма тілі тым ауыр, ал кейде тым жұтаң. Дубляждаушы актерлердің, әсіресе басты рөлдегі кейіпкерлерді дыбыстаушылардың дауысына көңіл толмады. Үндері сенімсіз, кейіпкерлердің қазақша «сөйлеп» тұрғанына сендіре алмады. Аударма сапасы мен дыбыстаудан жасандылық айқын сезіледі.

    Сюжеттен түпнұсқа фильмде (2002 жылғы) орын алған оқиғалар қайталанады деп күткен едік. Бір жақсысы — ол болмады. Сценаристер комикске негізделген оқиғалардан алшақтап, шығармашылық еркіндікке жол беріпті. Тағы бір ерекшелік — бұл жолы жағымсыз кейіпкер жоқ десе де болады. 

    Актерлерден "өрмекшінің" қызын сомдаған — Эмма Стоун ғана ерекшелене алды. Әрине, актерлік шеберлігімен. Бас қаһарманымыз — Эндрю Гарфилдтен ондай деңгейдегі орындаушылық өнер көрінбеді. 

    Қалай дегенмен де, «Жаңа Өрмекші-адам» екі жақты пікір қалдырып кетті. Тоби Магуайрдың орындауындағы 2002 жылғы түпнұсқаны қалайсыз ба, әлде жаңашыл стилдегі, костюмі әдемірек жаңасын құп көресіз ба — оны өзіңіз шешіңіз.

    Баға:
    Фильм — 6/10
    Қазақша дубляж — 3/10

  • Жаңа өрмекші адам, ұяң дауыс және қарақұрт

    Ә деп жерден алып, жерге салып, ит-сілікпесін шығару туралы ой қылаң бергенімен фильмде кездесетін кейбір ұнамды сәттер жақсы-жаманды қатар айтуға итермелеп отыр. Әйтсе де, жанға жақты дегеннен гөрі көңілді құлай сендірмеді деу тура келетін сияқты. 

    Өрмекші шағып өрмелей жөнелу қасиетіне ие болған жасөспірім туралы оқиға күллі әлемнің көрермендеріне кеңінен танымал. Жалпы жұртқа режиссер Сэм Рэйми түсірген трилогиядағы Тоби Магуайрдың тұлғасы арқылы жеткен суперқаһарман туралы сюжеттік желі «ойпырым-ай» дегізетін тұстарымен ерекшеленбейді, бас-аяғы жұрт біткенді жалмап бара жатқан құбыжыққа қарсы тұратын кейіпкермен шектеледі. 

    Отандық прокатта қазақ және орыс тілдерінде қатар шыққан «Жаңа Өрмекші адам» (Новый Человек-паук/The Amazing Spider-Man) франшизаны толықтыра түсетін һәм жаңа оқиғаға бастау болатын туынды болмақ. Бас қаһарманның басын айналдырған кейіпкер ауысты демесеңіз (Мэри Джейнның /Кирстен Данст/ орнына Гвен Стэйси /Эмма Стоун/ келді), өзгесі орнында қалған. Әрине, біздің заман жол ашқан техникалық мүмкіндіктер мен актерлық-кейіпкерлік құрамның толықтай өзгеруі көрерменге қосымша оң әсер сыйлауы мүмкін, бірақ жеке өзім Marvel жобаны басынан қайта бастауға неге шешім қабылдады деген сұрақтан әлі арыла алар емеспін. Бәлкім, Рэйми командасының талабы қаржы ұсынғандар көңіліне жақпады ма екен? Әлда Тоби қартайды ма? 

    Не болғанда да, басты рөл Эндрю Гарфилдке бұйырған «Жаңа Өрмекші адам» 2014 жылы шығатын жалғасымен кейбір түйткілдерді ақтап алар деп үміттенеміз. 

    Эмма Стоунның ойыны тым жақсы көрінді, ербең-ербең етіп экраннан кетпей тұрып алатын көлеңкелі кейбір кейіпкерге қарағанда, көзге көп түсе бермейтін, бірақ көңілде жатталып қалатын Гвен бейнесі келесі сиквелдердің сүйкімді тұлғасына айналса керек. 

    Эндрю Гарфилдтың қырғын кастингтен «кеңселік» әріптестерін айналып өтіп рөлді алуы жақсы-ақ, бірақ, «Жаңа Өрмекші адамның» жан-дүниесіне айналуы керек актер бола алатынына күмәнім бар. Гарфилдке «Әлеуметтік желі», «Қозыларға арналған арыстандар» фильмдерінде бұйырған бейнелер көбірек жарасатындай. Бұл жолы актер бұйығы, босбелбеу оқушыны жақсы көрсеткенімен, негізгі һәм басты миссиясы – суперқаһарманды шығара алмаған. 

    230 миллионға түсірілген «Жаңа Өрмекші адамның» арнайы әсерлері қуантып, қопаңдатып қояды деп те айта алмаймын. Бірді-екілі 3D эффект көз сүйсіндіргенімен, әне-міне деп күткен масштаб, әжептеуір уақыт бойы деміңді тарылтып, ризалығыңды алатын сахна көріністер жоқ. Шамамен осындай бюджеті бар (220 миллион) «Кек алушыларды» алып салыстыратын болсақ батл-сахналардың арасындағы айырмашылықтың жер мен көктей екеніне көз жеткіземіз. 

    Екі сағаттан астам уақытқа созылған фильм көрерменннің ішін пыстырып алады: көбінесе сіз болып, біз болып Питер Паркердің анда барғанын, мұнда келгенін, анау бір адаммен танысқанын, мына бір дүниені мұқият қарағанын көреміз. 

    Өкінішке орай, қазақ тіліне дыбыстау жағы туралы да асыра сөз айтуға мүмкіндігіміз жоқ. Ә деп басталғаннан-ақ бас кейіпкер Питер Паркерді дыбыстаған Мерей Әжібеков даусының фильмге үйлеспей тұрғаны сезіледі. Харизмасымен (оған дауыс та кіреді) көрерменді жаулап алуы тиіс Паркеріміз қазақ тіліндегі нұсқада тым ұяң, бәсең, естілер-естілмес үнімен ұятқа қалған секілді. 

    Дубляждың берекесін біресе күшейіп, біресе азайып кететін дыбыс та қашырды. Оның үстіне, салалас-сабақтас-ғылыми-терминдік-биологиялық-тағыбасқалогиялық ауыр тілдің дем алуға келген көрерменнің құтын қашырып жіберетіні бар. Әрине, түпнұсқада жеңіл болды деп айтуға келмейді, алайда аударма барысында о
    нсыз да қиын сөздерді бейімдеп, барынша түсінікті етіп беруге болар еді деп санаймын. 

    Бір ұнағаны Гвен Стэйсиді дыбыстаған Әлима Қайырбекова болды. Сәтті таңдалған актриса кейіпкерінің мінезін аша алған секілді. 

    «Жаңа Өрмекші адам» қазақ тілінде жарыққа шықты. Бірақ, «Батыл жүректен» байқаған аударма сапасын көре алмадық. Дубляж сапасы өндіруші кинокомпанияның талабына байланысты деген пікірді маман аузынан естігеніміз бар-ды, бірақ, Құдай бұйыртып тағы аударылады деген алда шығар жобалар бірінші кезекте отандық тәржімашылар тарапынан жауапкершілікпен, ыждаһатлықпен және кәсібилікпен ұсынылады деп сенеміз.

    P.S. Алматыда қарақұрт қаптады деп жатыр. Фильмге қатысы бар ма екен, хабарларыңыз жоқ па?