• Біздің парақшалар:

Зак Галифианакис: «Есі дұрыс адамның рөлін қуана-қуана ойнар едім»

«Бас жазу» («Hangover», «Мальчишник в Вегасе») трилогиясының атақты актері, танымал комик Зак Галифианакис «Фильм Про» ресурсына үшінші бөлімнің түсірілім алаңынан эксклюзивті сұхбат беріпті. Киностан осы материалды сіздерге аударып ұсынып отыр.

«Бас жазу» Зак Галифианакистан комедия жанрының нағыз жұлдызын жасап шықты, ал Алан рөлі 2009 жылдан бері актердың маңдайына жазылған амплуаны қалыптастырды. «Фильм Про» сайтына берген сұхбатында Зак осы жағдайға деген өзінің көзқарасын білдіріп, трилогия кейіпкерлері туралы пікірін айтты және үшінші бөлімге қатысты біраз жайттың басын ашты.    

Зак Галифианакис сұхбатты дубльдар арасындағы үзілісте беріп отырды. Жаңа ғана түсіру алаңында «Бас жазу» франшизасындағы, «Кампания» фильміндегі кейіпкерлерінің түр-келбетін келтіріп, жүріс-тұрысына дейін өзгерген актер студиядан шыға салысымен қалыпты күнделікті қарапайым бейнесіне қайта оралды. Мұндай өзгеріс таң қалдырмай қоймайды екен.

«Фильм Про»: Киносерияның жаңа бөлімін түсіру кезінде қандай қиындықтарға жолықтыңыз?

Зак Галифианакис: Жалпы алғанда, қиын ештеңесі жоқ, біз онсыз да өз кейіпкерлерімізді жақсылап біліп алғанбыз ғой. Бірақ, менің ойымша, қандай да бір фильмнің жалғасын түсіру – қиын жұмыс: бір жағынан көрерменге бұрын көрмеген дүние ұсыну керексің, екінші жағынан бұрыннан таныс бейнелерге деген қызығушылықты жоғалтып алмау қажет. Яғни, елге белгілі кейіпкерді бұрынғыдан да танымал ете отырып жаңашылдық әкелу, тың оқиғалар мен қалжыңдар қосу маңызды. Сондықтан, мен жұрт танитын тұлға бола тұрып өзгермей бұрынғы қалпыңда қалуды ең қиын дүние деп санаймын.

«Фильм Про»: Үшінші «Бас жазуда» көрермендерді не күтеді?

Зак Галифианакис: Бұл жоғарыда мен айтқан дүниенің дәл өзі: бәрімізді менің кейіпкерім Аланның «жаңаруы» күтеді. Үшінші бөлімде біз оның дәл осындай адам болып қалыптасуына не әсер еткенін зерттеп көреміз. Осыған дейінгі фильмдерде Аланның түрлі ақымақ іс-әрекет жасайтын, ойына не келсе соны айтатын берекесіз екенін көрген болатынбыз. Біз аудитория ол туралы көбірек білгісі келеді, оны түсінгісі келеді деп үміттенеміз. Міне, осының өзі ең басты жаңалықтың бірі шығар.

«Фильм Про»: Яғни, эмоциялық тұрғыдан алып қарағанда туынды толықтай Аланның тұлғасына баса назар аударады ғой?

Зак Галифианакис: Менің ойымша, иә. Басқа кейіпкерлер Аланмен салыстырғанда біршама стандартты ғой. Олардың өздерінің өмірі бар. Менің қаһарманым болса сол өзгелер үшін өмір сүреді. Ал, оның жасы, бір сәтке назар аудара кетіңіз, 42-ге келді. Өзімен өзі, достарынсыз ол бұл өмірде жоқ секілді болып та көрінеді. Сондықтан, бізге бұл жолы Аланды эмоциялық тұрғыдан туындының орталық кейіпкері ретінде көрсету, оның өмір тарихын еске алу қызықты болып тұр.

   «Бас жазу». Бірінші бөлім трейлері

«Фильм Про»: Сіз осы Аланның кейпін қалай шығара алдыңыз? Ол біресе есуас, біресе күлкілі адам болып көрінеді, жалпы алғанда да Алан «Бас жазу» оқиғасы үшін орны ерекше кейіпкер ғой.

Зак Галифианакис: Шыныңызды айтыңызшы, осыған дейін өмірімде біртүрлі адам кезіктіріп көрген жоқпын деп айта аласыз ба? Кім-кімнің болса да осындай танысы бар шығар... Не деуші еді? «Әр үйде біреуден, ал кей үйде тіпті екеу бар» деген астарлы сөз бар емес пе? Мысалы, мына мен – үйдегі інілерім үшін «біртүрлі ағамын». Бірақ, мұндай әпенделер де өзге қарапайым жандар секілді махаббатқа мұқтаж. Кез келген адамның кемшілігі бар, тек Алан ол кемшіліктерін жасыра алмайды. Ол әдетте өзінің не істеп, не қойғанын түсінбейді. Сөзсіз, ол жынға тиеді, бірақ сонымен қатар Аланды жек көру де қиын. Себебі, оның кемшіліктері жамандық, зұлымдық мақсатта емес, рефлексияның жоқтығынан шығып жатады.

«Фильм Про»: Кейіпкер ретінде Алан туралы не ойлайсыз? Алан сізге миллиондаған адамның махаббатын сыйлады ғой.

Зак Галифианакис: Мен бұл кейіпкерді ел алдына шығарғаныма қуанамын. Бұл мен үшін абырой болды. Бірақ мұндай дүниенің де есті шығаратын тұсы бар: неге екенін, елдер менің өмірдегі бейнемді Аландікі сияқты деп ойлайды. Міне, осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Мысалы, сіз «Ұлы да құдіретті Озда» Қарауылды ойнаған жігітке барып «Сен не, шын мәнінде, Қарауылсың ба, не?» деп сұрайсыз ба? Бұл, расымен, біртүрлі. Ал, жалпы алғанда Аланды ойнау қиын емес, себебі, көп жағдайда ол үшін ештеңенің мән-мағынасы жоқ. Ол кездейсоқ іс-әрекеттер жасай салады, кейін не болатыны туралы, салдарын ойламайды. Бұл актерлік еркіндік сыйлайды.

«Фильм Про»: Жаңа фильмде дәл осы Алан сюжеттің негізгі қозғаушы күші бола ма? Осыған дейінгі екі бөлімдегідей есті алып, соңын ала түзеле ме?

Зак Галифианакис: Бұған дейінгі фильмдерде Алан бүкіл бәленің басы болып келген-ді. Сусынға есірткі қосады, ойына келгенін істейді. Кейде оны өзі де білмей қалады. Ал бұл жолы бәрі басқаша болмақ, қалай шыққанын өздеріңіз көресіздер.

«Фильм Про»: Өткен бөлімдерде сіз кішкентай баламен, жолбарыспен, маймылмен экраннан көрінген едіңіз... Осы жолы немен таң қалдырасыз?

Зак Галифианакис: Әрине, бұл да құпия. Біздің заманда Интернеттің дамуына байланысты әлденені жасырып қалу қиын, бірақ, менің ойымша, фильм туралы неғұрлым аз білсең, соғұрлым оны көру қызықты болады. Бірінші «Бас жазудың» табысты болуының бір себебі де осында жатыр. Көрермен тек трейлер көріп, сонымен шектелді, ал фильм күтпеген «сыйлықтар» ұсына алды. Сәйкесінше, бұл көрермендер арасында «ұзынқұлақтың» жақсы жұмыс істеуіне алып келді. Сондықтан, жаңашылдық пен қайталанбастық сыйлау - өте маңызды дүние және ең қызықты дегеннің бәрін кинотеатрдың еншісіне қалдыру керек. Мен бір ғана нәрсе – үшінші бөлімде жаңа қызықты сюрприздер көп болады деп айта аламын.

«Фильм Про»: Бұрынғы бөлімдердің әзілі қаталдығымен, ымырасыздығымен ерекшеленген-ді. Осы жолы да солай қала бере ме?

Зак Галифианакис: Иә, біз осыған дейін әдептің шеңберінен оп-оңай шығып кетіп отырыппыз. Бірақ, бұл жолы біз бірінші кезекте психологизмге баса мән бермекпіз. Көңіл көтере отырып естен айрылу кейінге ысырылды. Үшінші «Бас жазуда» есерсоқтық болады, әрине, бірақ бұрынғыдай көлемде және деңгейде емес.

«Бас жазу». Екінші бөлім трейлері

«Фильм Про»: Тағы басқа қандай кейіпкерлерді ойнағыңыз келеді?

Зак Галифианакис: Мен біртүрлі қияли адамның орнына есі дұрыс, қалыпты жанның рөлін қуана-қуана сомдар едім. Бірақ, бұл ешқашан орындалмайтын секілді. Ешкім маған «мә, Джейсон Борнның рөлін сен ал» демейді, түсінесіз бе? Маған неше түрлі әпенделерді ойнауды ұсынады және мен қуана бұл ұсыныстарды қабылдаймын. Көп арасында ерекшеленіп тұратын кейіпкерді ойнау қызық қой. Мүмкін, ақылы бар адамды ойнау менің ішімді пыстырып жіберер ме еді, кім білсін.

«Фильм Про»: Жақсы, әпендемізге қайта оралайық. Бірінші фильмде Алан жай ғана сіздің кейіпкеріңіз болды. Ал, қазір топырлаған фанаттар, жалпы поп-мәдениет Аланны асты-үстіне түсіп, өздерінің бір бөлшегі санайды. Жаңа фильм осы кейіпкерге баса мән беріп отырған кезде сіз өзіңізде қандай да бір жауапкершілік бар деп сезінесіз бе? Аланды ойнау аңызға айналған суперқаһарманды ойнағанмен бірдей-ау. Әркім ол туралы өз ойын, көзқарасын қалыптастырып үлгерді ғой.

Зак Галифианакис: Елге біздің фильмдердің, Аланның ұнайтыны менің жаныма жағады-ақ, әрине. Бірақ кейде жеке өмір мен жұмыстың ара-жігін ажырату қиынға соғып жатады. Мысалы, мен қазір Caesars Palace (Лас-Вегас) қонақ үйінде жүрмін және көңілсізбін. Себебі, көрген ел мені ойдан шығарылған кейіпкер ретінде қабылдайды, айқайлап, мәз болысып жатады. Оның үстіне түсірілімнің бірінші фильмдегі оқиғалар орын алған жерде жүріп жатқаны да жағдайды ушықтырып отыр. Ал маған жай ғана жұмысқа бару керек, түсінесіз бе?

«Фильм Про»: Айтпақшы, біз Caesars Palace ресторанында «Hangover» («Бас жазу») деген атауы бар тағам көрдік. Фильмнің құрметіне қойылған екен. Жеп көрдіңіз бе?

Зак Галифианакис: Жоқ. «Тақырыптық» тағам ба?

«Фильм Про»: Бас жазуға арналған.

Зак Галифианакис: Жақсы ойлап табылған екен.

«Фильм Про»: Зак, «Бас жазуда» оқиғалар орын алған жер үлкен маңызға ие. Үшінші фильмде сіздер Лас-Вегасқа қайта ораласыздар. Бұл қаладағы түсірілім жайлы не айта аласыз? Фильмде тағы қандай жерлер көрсетіледі?

Зак Галифианакис: Сөзсіз, біздің фильмде көрсетілген Бангкок та, Вегас та – өз беттерінше жарыққа шыққан тұлғалар. Әр фильм үшін оның түсірілген жері маңызды. Біз Вегасқа трилогияның сюжеттік желісін аяқтау үшін қайта оралдық. Сосын маған режиссер Тодд Филлипстың Лас-Вегастың гламурлы, ертегі кейпін ғана емес, қала шеңберіндегі лас дүниені де көрсетпек болған шешімі ұнайды. Бұл барынша жарнамаланып жатқан Вегас емес. Біз ел білмейтін, тіпті ол туралы ойланбайтын Вегасты зерттейміз. Сондықтан, қала бөлек бір кейіпкердің рөлін ойнайды.

«Фильм Про»: Қызықты әңгімеңіз үшін үлкен рахмет! Түсірілім мен жобада сәттілік тілейміз.

Зак Галифианакис: Рахмет

«Бас жазу». Үшінші бөлім трейлері

Сұхбаттың түпнұсқасы: filmpro.ru

Пікірлер

  • "Бас жазу"-алғаш рет кинотеатрға кіргенде мен көрген тұңғыш фильм. Бұрын тек теледидар, dvd, компьютерден ғана кино көріп жүрген мені, экранда болып жатқан көрініс-диалогтар емес, кинозалдағы жан-жақты digital дыбыс пен прожектордың тұнық бейнелерді жібере алу мүмкінділігі таңқалдырды. Сөйтіп отырғанда 100 минут өте шықты. міне, солай болған. расын айтсам, сұқбат жақпады, оқи алмадым, аударма сәтсіз сияқты, сіңбеді