• Біздің парақшалар:

Ермек Шахмет: "Бекзат" фильмінің 20 пайызы түсірілді

2000 жылғы Олимпиада чемпионы, танымал боксшы болған Бекзат Саттарханов туралы көркем
фильм
түсіріліп жатқаны белгілі. Бұл туралы 2013 жылы ақпанда режиссер Ермек Шахметтің өзі бізге берген сұхбатында айтып берген еді. Қазір фильм түсірілу үстінде.

Жобаның жай-күйі туралы білмек болып тағы да режиссерге хабарластық. Назарларыңызға Ермек 
Шахмет мырзамен болған шағын сұхбатты ұсынамыз.

- Бекзат Саттархановтың өміріне арналған киножобаның түсірілу жұмыстары қазір қай деңгейде?

- Фильмнің 20 пайызын түсірдік. Бұл - үлкен күрделі жоба. Жобаның іске асу барысы Бекзаттың қиын өмірі секілді бізге қиындау соғып тұр. Ол қаншама сынақтан өтіп жеңісіне жетті, аяғында алтын алды. Бұл жоба да чемпионның тағдырымен ұқсас деп ойлаймын. Нағыз жақсы туынды жеңіл берілмейді – өнердің заңы сол. Қиындықтарға төтеп беріп, аяғына дейін бірге болған біздің актерлерге, бүкіл командаға алғысымды білдіргім келеді.

- Фильм кімнің қаржысына түсіріліп жатыр? Мемлекет тарапынан қолдау бар ма?

 - Өкінішке орай, мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Тек Ермек Аманшаев ағамызға көп рахмет, басынан бастап «Қазақфильм» студиясының техникалық көмегі тиіп отыр. Ал қаржы өзіміздікі – «OMNIARS» кинокомпаниясы. Бір жылдай фильмге инвестиция іздедік. Бармаған жеріміз жоқ, қаншама қазақстандық бизнесмендерге ұсыныс бердік, қаншама хат жібердік. Бәрі де бекер болып шықты. Одан кейін әупірімдеп жүріп өз ақшамызды жинап, Алла Тағаланың қолдаумен бастап отырмыз. Бекзаттың ата-анасына фильмді қалай да түсіріп шығарамын деп уәде бердім. Бекзат Саттарханов – қазақтың мақтанышы, халқымыздың намысын қорғаған спорт саңлағы. Ол - төрт жылдың ішінде боксқа катысып, олимпиада алтынын алған әлемдегі бірінші адам болып есептеледі. Осындай ерекше рекордын дүниежүзі білетіндей етіп жасау керек, жобаның мақсаты сол. Ол – феномен! Ол - қазақтың баласы!

- Фильмге қатысты Б. Саттархановтың ағайын-туыстары қандай пікірде? Олар процесске араласты ма?

 - Бекзаттың туыстары ең бастысы фильмнің жақсы деңгейде болғанын және шын мәліметтерге сүйенген сценариймен түсірілгенін қалап отыр. Олар фильмнің шығуын өте қатты күтуде. Тұрақты түрде кеңестерін беріп тұрады. Әр уақытта көмектесуге дайын. Оларға да мың алғыс!

- Фильмде неге мән берілді: бұл жеңіске ұмтылған баланың бағындырған шыңдарын көрсететін, блокбастер стиліндегі фильм ба, әлде тек шынайы деректерге сүйенген, кейіпкердің ішкі жан-дүниесін ашып көрсетуге ұмтылған байопик пе?

 - Осы сұрағыңызда фильмде болатын барлық мәндерді өзіңіз атап шықтыңыз. Ол әрине - деректерге сүйенген көркем кино. Байопик - кинематографияда ең қиын жанр. Ал оның ішінде көрермендердің көңілінен шығатын дүниелерді ұйымдастыру одан да қиын. Фильмде голливудтық үлгідегі байопик түсірілім технологиясын байқауға болады. Бұл сонымен қатар халықаралық жоба – бұндай ауқымды деңгейдегі фильм түсіру маған бірінші рет беріліп отыр. Әрине ол оңай емес. Десек те бұл фильмді авторлық тәуелсіз кино деуге де болады.

- Басты рөлдегі Асылхан Төлепов чемпионның бейнесін сомдау үшін қандай әрекеттерге барды?

 − Асылхан, біріншіден Бекзаттың өмірін зерттеп шықты, одан кейін оның мінез-құлқын, ішкі жан-дүниесін түсініп, бейнесін ойлап тапты. Боксты меңгере бастады, жаттықтыруда болды, салмағын түсірді.

- Фильмге музыка жазуға халықаралық команда тартылды деп естідік?

- Иә, "I am waiting for you last summer" (IWFYLS) деген ресейлік топ фильмге музыка жазады. Олар халықаралық кино индустриясында тәжірибесі бар жігіттер. Атап айтқанда: "Капитан Америка: Қысқы жауынгер" фильмінің трейлеріне саундтрек жазды. Сондай-ақ, СТС арнасында көрсетілетін "Выжить после" сериалына, "Түнек әлем: Тепе-теңдік" фильмінің трейлерінде IWFYLS композициялары қолданылды.

- Фильмнің жарық көретін күні белгілі болды ма?

- Алла қаласа, осы күзде жарыққа шығады деп үміттенеміз.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Фотосуреттер Ермек Шахметтің жеке мұрағатынан

Пікірлер