• Біздің парақшалар:

Хасан Қыдыралиев: "Тарихи фильм болғандықтан ашық түстерді қолданбадық"

«Жаужүрек мың бала» фильмінің қоюшы операторы Хасан Қыдыралиев – Ақан Сатаевтың барлық жобасына ат салысып келе жатқан маман. Сонымен қатар, Рүстем Әбдірашовтың «Сталинге сыйлық», Гүлшат Омарованың «Шиза» секілді фильмдерімен және өзге де қазақстандық бірқатар жобалармен жұмыс істеген.

Киностан: «Жаужүрек мың баланы» түсіру барысында техникалық тұрғыдан жаңа әдіс, құралдар қолдандыңыздар ма?

Хасан Қыдыралиев: Бәлендей бір ерекше технология пайдаланылған жоқ. Тек қимыл үстіндегі актерларды, мысалы атпен шауып келе жатқан адамды түсіру қиындау болды, сондықтан Киевтен арнайы мамандарды шақырдық. Олардың авторобот деп аталатын құралдары бар, сонымен 20 күн бойы қуғын-шайқастарды түсірдік.

Жалпы фильмді үш камерамен, ал көп адам қатысқан қолма-қол шайқасты алты камерамен екі топ болып қолға алдық.


Киностан: Операторлық жұмысты жүргізу барысында қоюшы режиссермен, жалпы түсіру тобының басқа мүшелерімен қандай қарым-қатынаста болдыңыздар?

Хасан Қыдыралиев: Әрине, бәрін режиссермен келісіп, бекітіп барып түсіресің. Қандай ракурс аламыз, қандай объектив қолданамыз – мұның бәрі талқыланып, кеңесіп барып шешілетін мәселелер. Жеке өзім, мәселен, ұзынфокусты оптиканы жақсы көремін, ол фонға ерекше рең беріп, тереңдетіп көрсетуге мүмкіндік береді.

Тарихи кино болған соң ашық түстер барынша аз болсын, монохронды болсын деп айтып отырдым. Костюмдер бойынша суретшіден әлем-жәлем киімдердің болмауын өтіндім. Қоюшы режиссер екеуміз киіз үйлердің ішкі көрінісін де барынша қарапайым жасауға тырыстық.


Киностан: Операторлық жұмыстар жүргізуде қандай қиындықтар болды?

Хасан Қыдыралиев: Түсірілім жұмыстарын енді бастай беріп едік, қаулап көк шығып кетті. Көктем болатын. Ақан не істейміз дейді. Ештеңе етпейді, түсті өзгерту бағдарламасымен өңдеп аламын дедім. Кейін кейбір жеріндегі жасыл шөпті әлгі бағдарламамен сарыға бояп қойдым.


Киностан: Компьютерлік графика қолданылды ма?

Хасан Қыдыралиев: Ия, мәскеулік топ компьютерлік графикамен айналысты. Мәселен, Аңырақай шайқасының жалпы көрінісі солай істелген.

Атпен шауып келе жатып, жебені суырып алып ату өте қиын, сондықтан актерлардың садағынан суырылып ұшқан жебелерді де компьютерде салдық.

Шынымды айтсам, компьютерлік графика жеке өзімнің көңілімнен шыға қоймайды. Мультипликациялық дүниеге ұқсап кеткен сияқты.


Суретті Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұсынды.

Дінмұхамед Зиядин

Пікірлер