• Біздің парақшалар:

Скарлетт Йоханссон: Мотоциклдағы барлық көріністерді өзім істедім

Көптен күткен "Кек алушылар: Альтрон дәуірі" блокбастері әлемдік прокатқа жол тартты. Премьерасына арналған баспасөз-мәслихатына қатысқан актерлер кіші Роберт ДауниғаКрис ЭвансқаКрис ХемсвортқаМарк РуффалоғаСкарлетт ЙоханссонғаДжереми РеннергеЭлизабет ОлсенгеАарон Тейлор-ДжонсонғаКоби СмолдерсқаПол БеттаниғаДжеймс Спэйдерге, сондай-ақ режиссер Джосс Уидон мен продюсер Кевин Файгиға сұрақтар қойылды. 

(Мәтінде спойлер кездесуі мүмкін!)

Коби Смолдерс "Кек алушылар" фильмінде

Коби, сіз сомдайтын Мария Хилл - толықметражды фильмдер мен телесериалдарды байланыстыратын басты тұлғалардың бірі. Мария қазір қайда?

Коби Смолдерс: Мария қазір Тони Старктың қарамағында жұмыс істейді. Сериалдар мен фильмдер арасындағы байланыстырушы буын болып шыққаным әрине қызық жағдай. Менің кейіпкеріме қазір аса жауапты жұмыс берілді және оның енді Қ.А.Л.Қ.А.Н. (S.H.I.E.L.D.) ұйымымен байланысы жоқ.

Виженнің характер постері

Пол, бұрын дауысыңыз ғана естілетін, қазіргі деңгейіңіз одан да жоғарылады. Қандай сезімдесіз?

Пол Беттани: Бұрынғыдан айырмашылығым сол - қазір түрім де пайда болды. Сондай-ақ осындай өте талантты адамдар командасымен жұмыс істеу мүмкіндігі пайда болды. Айтпақшы, енді мен де үкімет есебінен ұйымдастырылатын барлық той-думанның ортасындамын.

Джосс, Вижен мен Альтрон қалай пайда болды, әрқайсысы Тони Старкқа тән бір нәрсеге ие болды, осылар туралы айтып бере аласыз ба?

Джосс Уидон: Шынымен де, оларға Тони Старктың белгілі бір қасиеттері дарыды, дегенмен олар жеке тұлғалар. Мен үшін олар - бір тиынның екі жағы. Олардың арасында белгілі бір ортақтық бар. Олар бір оқиғаға өздерінше әртүрлі әрекет етеді, сонысымен де ерекше.

Джосс Уидон

Джосс, оқиғаны құрастырған кезде, кейін фильм түсірген кезде қандай қиындықтарға ұшырадыңыз?

Джосс Уидон: 47 адам болды. Шынымды айтсам, бұл туралы мүлдем ойланбаппын. Әрқайсысының өз жолы, басқа желілермен үйлесім табатындай өз сюжеттік желісі болуын ойладық. Олардың бәрін де жақсы көремін. Монтаж кезінде бәрі шатасып, быт-шыт болып кеткені соншалықты, өзімнің кім екенімді ұмытып қалардай едім. Нәтижесінде паззл жиналды. Ең бастысы, бұл адамдардың барлығы экранда үйлесті, бұл үшін аз уақыт жұмсалған жоқ.

Кевин, осындай ауқымды жоспарды жүзеге асыруға осыдан он жылдай бұрын кіріскен едіңіз. Қазір жоспарыңыз сәтті іске асты, қандай сезімдесіз?

Кевин Файги: Бұл деген керемет қой. Біз алғашқыда фильмдерді өз күшімізбен, Marvel Studios көмегімен түсіргіміз келді. Сосын кіші Роберт Даунимен "Темір адам" шықты, кейінгі жоспарымыз бойынша Сэмюэл Л. Джексон келіп, оған былай деу керек еді: "Сен үлкен ғаламның бір бөлшегісің, бірақ қазір сен оны түсінбейсің!". Оның осы сөзі адамдарға ой салып, не айтқысы келгеніне бас қатырту тиіс еді. Ал біз уақыт өте келе түрлі кейіпкерлерді бір жерге жинап ұсынамыз деп үміттендік. Ол күн де келіп жетті, тіпті мен ойлағаннан да ерте іске асты. Бұл тамаша. Ал қазір қорқыныш бар. Бұрын ешнәрсе күтпейтінбіз, енді күтетін нәрсеміз өте көп, әсіресе екінші "Кек алушылардан". Бұл фильм кинематограф тарихындағы кейіпкерлердің ең керемет ансамблін ұсынады.

Аарон Тейлор-Джонсон мен Элизабет Олсен "Кек алушылар 2" фильмінде

Элизабет және Аарон, ерекше сезім туғызу үшін егіздерді басты назарға ұсыну аса қажет болды. Бұрын бірге жұмыс істеп көрген тәжірибелеріңіз артықшылық алып келді ме, әлде керісінше қосымша қиындық туғызды ма?

Элизабет Олсен: Менің ойымша, бұл артықшылық алып келді. Негізі біз Аарон екеуміз "Годзиллада" аса көп бірге жұмыс істей қойған жоқпыз. Жаңа топқа қосылу өте қорқынышты еді, сол себепті Аарон екеуміз үнемі бір-біріміздің жанымызда жүрдік.

Аарон Тейлор-Джонсон: Түсіру алаңына шығып келе жатып, осындай үлкен командаға қосылған кезде, жалғыз емес екенім, өзіме таныс адаммен бірге жұмыс істеуім өте қолайлы болды.

Роберт, бұл жолы Тони Старктан әкеге тән қылықтар байқағандай болдық. Сіз бұны түсірілім кезінде сезіндіңіз бе?

Кіші Роберт Дауни: Уақыт өте келе жұмсара түскен шығармын. Бірақ мен қазір: "Бірінші сұрақты тағы да маған қоймай көріңдер, орнымнан тұрамын да кетіп қаламын!" деп айтқым келеді. Джосстың сценарийін оқығанда: "Бұл тамаша" деппін. Кевин: "Сен ешқашан бұлай айтайтын едің ғой. Шының ба бұл?", - деді. Мен шынымен сценарийдің керемет екенін айттым, түсірейік дедім. Старк тап болатын оқиғаларды Джосс әдемі жазыпты. Әрбір көріністі қайта жазып, жақсартудың орнына, әдемілеп ойнап бердім және бәрі де жақсы шықты.

Джеймс, motion capture технологиясымен қалай жұмыс істедіңіз? Альтронға қалай жан бітірдіңіз?

Джеймс Спэйдер: Шынымды айтсам, не болып жатқанын мүлдем түсінген жоқпын. Бәрі тез өтіп кетті. Лондонға келгеннен кейін жарты сағаттың ішінде костюм мен әлгі тегершіктерін үстіме кигізді, сөйтіп жұмысты бастап кеттім. 15 минуттан кейін монитордан үлкен бөлмеде жалғыз өзі әрлі-берлі қозғалып жүрген өзімді, яғни болашақ Альтронды көрдім. Бәрі осыдан басталды. Ертесіне Скарлеттпен болатын көріністі түсірдік. Бар болғаны осы. Қуанышымен орай дәмді түскі ас кезінде Джосспен әңгімелесіп үлгердім, оның қандай адам екенін білдім.

Крис және Джеймс, бала күндеріңізде қай суперқаһарманды ерекше ұнаттыңыздар?

Крис Хемсворт: Бала күнімде Супермен туралы фильмнен басқа ешқайсысын көрмеген сияқтымын. Есімде қалғаны сол екен. Ол кезде Темір адам, Капитан Америка туралы, Халк, Қара жесір, Вижен туралы фильмдер болған жоқ қой.

Крис Эванс: Сол кездерде Капитан Америка туралы фильм түсірген болса, менің ең сүйікті кейіпкерім сөзсіз сол болар еді.

Крис Хемсворт: Иә, сол және Капитан Австралия. Талай жыл бойы екеуі бірге жүріп еді ғой.

Джеймс Спэйдер: Бала кезімде менде мүлдем комикс болған емес. Бірақ менің досымда ол көп еді, сондықтан олар мен үшін тәттімен бірдей болды. Оның үйінде жиі қонып қалып жүрдім, сонда қолыме түскендерінің бәрін жаттап алатынмын. Таң атқанда үйге ораламын, ал онда мені Киплинг күтіп тұратын.

Джереми Реннер мен режиссер Джосс Уидон

Джереми, бірінші "Кек алушыларда" Қыран көзді көп көрсетпеді, екіншісінде - керісінше. Оның қатысу ауқымы кеңейе түсетінін білгенде қандай әсерде болдыңыз?

Джереми Реннер: Фильмде маған сөз беріледі, бұл дегенің тамаша. Кейіпкерімнің кейбір айрықша күшті тұстарын көрсетуге тура келді. Джосспен және Кевинмен Қыран көз туралы сөйлескенімізде, мен оны ерекше дарынға ие қарапайым адам ретінде түсінетінімді жеткізген едім, яғни ол физикалық тұрғыдан жетілгенмен, шығармашылық жағынан мықты емес. Мысалы, мен идеялармен бөлісу тұрғысында өзгелермен жарыспас едім. "Кек алушылар 2"-де Қыран көздің қолынан садақ тартқаннан басқа не келетінін анықтайтын уақыт келді. Осы жылдар бойы сақтап келген құпиясы таңғалдырарлық деп ойлаймын. Бұның бәрі қайда апаратынын өзім де білуге құмартып жүрмін.

Скарлетт Йоханссон мен режиссер Джосс Уидон

Скарлетт, Қара жесір фильмде ерекше рөлге ие, кейіпкердің өзі біршама дамытылды. Оның болашақтағы жоспары қандай?

Скарлетт Йоханссон: Фильмнің басында барлығы қалыпқа келгендей әсер береді. Кек алушылар деген машина майланып-сайланған, олар - бір-біріне арқа сүйей алатын нағыз команда мүшелері. Бірақ кіріспе аяқталысымен біз шаруамызға кірісеміз, соңғы қанымыз қалғанша күресеміз. Фильм соңына таман Қара жесір қуатын әлсіретіп, бірнәрседен үміт күтеді. Тіпті осындай орасан зор еңбектен кейін жеке өміріне құқы бар деп те ойлап қалады. Алайда оған жүктелген ауыртпалық өзінің жеке басынан да жауапты нәрсе екенін түсінеді. Оның қаһармандығы да осында жатыр. Өзіне зиян болса да ол борышын бірінші орынға қояды. Кейіпкерді осындай жағдайда қалдырып, әрі қарай қандай жолды таңдайтынын бақылау қызық болар еді. Ол өзіне артылған жүкті абыроймен көтере ала ма, әлді жеке өмірінің ауыртпалығынан тұра алмай беріледі ме? Бәріміз сәл шыдап, не болатынын көруіміз қажет.

Скарлетт, бұл жолы физикалық тұрғыдан дайындалдыңыз ба? Шынымен тәжірибелі мотоциклшісіз бе?
 
Скарлетт Йоханссон: Күні жақындап қалған әйелге мотоциклмен шабуға рұқсат етіледі деп ойламаймын, бірақ мен бұны жасадым. Мотоциклдағы барлық көріністерді өзім істедім. Негізінде, бұл орнықты, аса әсерлі емес мотоцикл еді. Бірақ кәсіби морфингтің арқасында Қара жесір кәдімгідей мықты көрінді. Негізі Қара жесір төбелесетін немесе мотоциклмен жүретін жерлерде маған көмек беретін командаға ризамын. Оларсыз ештеңе де шықпас еді. Әрбір фильм мен үшін ерекше, өйткені үнемі жаңа бірдеңелер, жаңа трюктар. Мен күшті көрінуім үшін Джосс үнемі жаңа қойылымдар ойлап табудан шаршамайды.

Марк, Халктың бойында доктор Беннердің қасиеті көбірек, дегенмен осы екі кейіпкерді соншалықты түрлі етіп көрсетесіз. Бұны қалай жүзеге асырдыңыз

Марк Руффало: Мен жасылмын және алыппын. Осы фактіні түсінуім маған екі кейіпкердің арасындағы айырмашылықты ұғынуға сеп болды.

 

Дереккөздер: ColliderKinonews

Фотосурет: Rottentomatoes, Кинопоиск

Пікірлер