• Біздің парақшалар:

Гильермо дель Торо: «Қанқызыл шыңнан» кейін тірілер өлілерден де қорқынышты екенін түсінетін боласыз

Түсіру алаңынан: Джессика Честейн, Гильермо дель Торо, Том Хиддлстон

Үрейлі фэнтезидің шебері Гильермо дель Торо LA Times басылымына берген сұхбатында соңғы режиссерілк жұмысы - "Қанқызыл шың" ("Crimson Peak") туралы айтып берді. Сол әңгіменің қазақша бейімделген нұсқасын сіздердің назарларыңызға ұсынамыз. 

«Соңғы алты айдан бері «Қанқызыл шыңмен» «алысып» келемін. Мына жерін түзеймін, ана жерін қайта жасаймын. Әйтеуір алдағы екі-үш аптада барлығы дайын болады». 

Сіз нақты бір мәселені шешіп жатырсыз ба, әлде барлық жерін түзеп жатырсыз ба? 

«Барлығын. Біз фильмнің басқа нұсқасының көрсетілімдерін ұйымдастырып көрдік, ол 20 минутқа ұзақ еді. Менің көңілімнен ол нұсқа шыққан жоқ, сөйтіп алты ай бойы түстерін өзгерттім, фильмдегі көріністерді араластырдым, монтажын жасадым. Енді қалыпқа келген тәрізді. Маған фильм ұнайды. Ол өзім түсірген жұмыстардың үздік үштігіне кіреді. Енді оны әлемге көрсетуге дайынмын».

 Үш сүйікті фильм? Ол сонда трилогияңызға ене ме? 

«Трилогияға кіреді деп айтпас едім, бірақ «Қанқызыл шыңда», мысалы, «Жынның омыртқасына» («El espinazo del diablo») көптеген ұқсастықтар бар. Сондай-ақ ол «Фавн лабиринтіне» визуалдық тұрғыдан жақын. «Қанқызыл шың» мен түсірген фильмдердің қиыстырылған нұсқасы дер едім. Десек те ол айрықша. Кейбір тұсында ертегіге ұқсайды демесеңіз, жалпы алғанда – готикалық роман». 

Және ол эротикалы. Бұл сіздің алғашқы жыныстық қатынас көрінісі бар фильміңіз. Қандай әсерде болдыңыз? 

«Біртүрлі. Менің қызым да бұл фильмді қалай түсіретінім туралы сұраған еді. Мен білмеймін деп жауап бердім! Ол сұрайды: «Әке, әке, бұны сен қалай түсірмексің?», ал мен: «Эээ». Шындығында бұл дәстүрлі готикалық романтикалық оқиға. Бірақ онда екі немесе үш анайы сәт бар»... 

Сіздің фанаттарыңыз осы жанрдағы жұмысыңызды көп күтті. Готикалық романмен таныстығыңызды тым ұзаққа созып жібердіңіз, неге? 

«Готикалық романда мен үшін өте қызықты нәрсе бар. Өзімнің ойымдағыдай ету үшін маған уақыт қажет болды. Әдетте готикалық романның өзегі – жаны таза, батыл әйел кейіпкер мен түбінде өзіне тағылған айыптарға қатысы жоқ болып шығатын сабырлы еркек кейіпкер. Ал мен оқиғаларға тек назар аударып қоймай, кәдімгідей қызығушылық білдіре алатын әйел кейіпкерді ойлап тапқым келді. Сондай-ақ түбінде міндетті түрде кінәсіз болып шығатын еркек кейіпкер жасағым келмеді. Осылардың бәріне уақыт қажет болды. Мен бұл фильмді қолға алғаныма сегіз жыл болды. Кейбір нәрселерді шешіп алу қажет еді». 

Түсіру алаңында үш қабатты үй тұрғызды дейді? 

«Онда үш жарым қабат бар». 

Үш жарым қабат және ол нағыз үй. Студияны шын үй салуға қалай көндірдіңіз? 

«Біз талқыға салдық. Legendary Pictures студиясына сценарий ұнады, сосын олар: «Біз бұны түсіргіміз келеді, бірақ PG-13 рейтингімен шықса бюджеті көбірек болады, ал R рейтингімен шықса бюджеті мынадай болады», - деді. Мен фильмде мейілінше молшылықты көрсеткім келді және рейтингі R болғанын қаладым. Сол себепті R рейтингімен қалып, көне стилдегі өндіріске ақша аямау үшін амалдардың бәрін қарастырдым. Тіпті осы кезде үлкен өндіріс тұрғысынан бұрынғы Голливудқа тап болғандай сезімде болдық».

Сіздің айтып отырғаныңыз кейіпкерлердің костюмдерінен де көрініс тапты. Фильм барысында костюмдер үнемі өзгеріп отырады. 

««Қанқызыл шыңда» әрбір түстің өзіндік маңызы бар. Костюмнің әрбір тігісіне дейін мұқият ойластырылып жасалған. Біз бәрі шынайы болуы үшін 1800 жылы шыққан шілтерді пайдаландық. Фильмдегі әрбір детальдің өз айтары бар». 

«Біз әр жиһазды екі өлшеммен дайындадық. Мысалы, кейіпкер өзін әлсіз сезінгенде фонындағы заттармен салыстырғанда кіші көрінеді. Ал оның күш-қуатын көрсеткен кезде дәл сол жиһаздардың кішірейтілген нұсқасын қойдық. Реквизитке келсек, біз нағыз үйді тұрғыздық және онда көбелектің шатырқанатқа қарсы қою идеясын ұстандық. Мысалы, бір кейіпкер өзін түнде ұшып, қоректенетін шатырқанат ретінде сезінеді, ал екінші кейіпкер өзін сұлу, нәзік, ашық көбелек ретінде көреді. Мен әйел жанының екі жағын көрсетіп, соларды бір-біріне қарсы қоюды көздедім». 

Көбелектің немесе шатырқанаттың қанатын жұлатын көрініс бола ма? 

«Қанат демей-ақ қояйын, бірақ көбелектің өлтірілуін көретін боласыз. Көбелек төккен қанды фильмнен көресіз». 

Сіз тағы да Даг Джонспен («Фавн лабиринті») және Хавьер Ботетпен («Мама») бірге жұмыс істедіңіз. Алаңда олармен қайта қауышу қалай әсер етті сізге? 

«Өзімді ең семіз адам сезінген кезім осы сәт десем артық айтпаспын, өйткені Даг Джонс та, Хавьер Ботет те әлемдегі ең арық адамдар. Біз сырт көзге 110 цифры болып көрінген шығармыз, екі бірлік – Даг пен Хавьер, ал мен – нөл». 

«Әу бастан-ақ аруақтар шынайы болғанын қаладық, бірақ олар түссіз мөлдір болуы да керек еді. Сондықтан актерлерді «жасыл экранды» барынша аз пайдаланып түсірудің тәсілін ойлап таптық. Әйтеуір түссіздікті кейін қосатындай етіп жасадық. Олар шынымен керемет ойнайды».

Сіз бәрібір құбыжықтарды ешқашан қорқынышты етіп жасамайсыз ғой. 

«Жоқ. Өйткені құбыжықтар өте әдемі болуы керек деп санаймын. Бұлар да сондай. «Қанқызыл шыңнан» кейін тірілер өлілерден де қорқынышты екенін түсінетін боласыз». 

Сіздің құбыжықтарды жек көру мүмкін емес, тіпті олар бұндай қатынасқа лайық болмаса да. Сіз қашан да оларды тартымды етіп көрсете аласыз. Енді жаңа аруақтарды жек көреміз ба, әлде ұнатып қаламыз ба? 

«Жауап берсем спойлер болып кетеді. Бірақ фильм белгілі бір дәрежеде аруақтарға деген біздің қарым-қатынасымызды айтып береді дер едім». 

"Қанқызыл шың" фильмінің ресми трейлері:

 

Дереккөз: LA Times

Пікірлер