• Біздің парақшалар:

Джон Бойега: "Ең кереметі - өзің түскен трейлерді көру"

"Star Wars" франшизасының жетінші эпизоды - "Жұлдызды соғыстар: Күштің оянуы" ("Star Wars: The Force Awakens") фильмінде негізгі рөлдердің бірін сомдаған Джон Бойега "The Hollywood Reporter" басылымының сұрақтарына жауап берген екен, соның қазақшаланған нұсқасын назарларыңызға ұсынамыз.

"Star Wars" франшизасы Харрисон Форд, Кэрри Фишер секілді актерлердің карьерасында жақсы серпіліс болды. Ал Натали Портман мен Юэн МакГрегор үшін ешқандай даму алып келе алған жоқ. Джейк Ллойд, Хейден Кристенсен секілді актерлерді мүлдем құртып жіберді. Сіз жетінші эпизодқа қабылданған кезде қайсысын басты назарда ұстадыңыз?

"Ешқайсысын. Бұндай мүмкіндіктің өзі маған маңызды, мені оқиғасы еліктіреді. Джей Джей режиссер болып жарияланғанда, оның алдынан өтуді қатты қаладым. Маған рөл бұйыра ма, бұйырмай ма - бұл үлкен сұрақ еді, бірақ мен қабылдандым. Мен үшін ең маңыздысы - фильмнің шынымен мықты болуы және менің кейіпкерім Фин - қолымнан келген ең үздік актерлік жұмыс болып шығуы еді. Сіз жоғарыда айтқан жайт өткен шақтың тәжірибесі. Мен тәуекелден қорықпаймын. Актер ретінде өзіме жүктелген міндетті жақсылап атқарып шығуды көздедім. Фанат ретін де солай".

Бала кезіңізде "Star Wars" фанаты болдыңыз ба?

"Әлбетте, иә".

Бұған ата-анаңыз ықпал етті ме?

"Жоқ. Ата-анам мүлдем "Star Wars"-қа қызықпайды. Оларға "Күштің оянуы" ғана қызық. Мен қашан да оның фанаты едім, әсіресе комикстары мен ойындарын қоса алғанда бүкіл кеңейтілген әлемін жақсы көрем. Мен рөлге қабылданғанға дейін-ақ барлық фильмдерін көріп шыққанмын. Сол себепті "Star Wars"-тың не екенін білемін, маған қосымша бірдеңе оқып-білудің қажетіболған жоқ".

Түсінем, сізге сюжет детальдарын айтуға болмайды, сонда да жауап беруге тырыссаңыз. Иә, бұл "Star Wars"-тың жаңа эпизоды, бұдан бөлек сізді тағы не қызықтырды, әсіресе кейіпкеріңізге неге қызықтыңыз?

"Мен үшін жолын бір жерден бастап, басқа жерден аяқтайтын кейіпкерлер қашан да қызық. Өзінің кім екенін, не істейтінін білетін, өз өміріне жоспар құрып тастаған кейіпкерлері бар сценарийлерді оқу мені жалықтырып жібереді. Ал мына кейіпкер тамаша оқиға үшін құрылғанын сеземін. Мен де басқалар секілді ешкімге ұқсамайтын кейіпкерлерге қызығамын. Бұндай персонаждар статус-квоға лайықтала бермейді. Финн бастапқыда бұндай оқиғаға тап болатын адамға ұқсамайды. Иә, ол шабуылдаушы. Әдетте олардың бұрынғы өміріне бас ауырта бермейміз: олар қалай шабуылдаушы болды, белгілі бір рангқа дейін қалай жетті. Бірақ бұл кейіпкер мені қызықтырып жіберді".

Әрине алдағы эпизодқа қатысты барлық жаңалықтарды жылы қабылдайтын фанбаза бар. Бірақ фильмге байкот жариялауға шақырып жатқандар да жетерлік, олардың ойынша фильмде әйелдер мен басқа нәсілдің адамдары көбейіп кеткен. Бұл туралы не дейсіз?

"Мына нәрсеге назар аударайық: қазіргі таңда "Star Wars"-тың жетінші бөлімі билеттерінің алдын-ала сатылымы "Аштық ойындарының" ақырғы бөлімінен сегіз есе көп. Енді сізге сұрақ: Хейтерлер туралы айту шынымен қызық па сізге?"

Сіздікі дұрыс. Тағы бір жайт бар: тұтас бір ұрпақ үшін мына фильм "Star Wars" сериясынан алғашқысы болады.

"Дәл айттыңыз".

Басты еркек рөлді жарық қылыш ұстаған қара нәсілді актер сомдайды. Олардың алғашқы джедайы да, олардың алғашқы президенті секілді қара нәсілді. Осы рөлге келіскен кезде жауапкершілік туралы ойладыңыз ба?

"Жоқ. Менің жасым 23-те, өзге менталитетке қатысты көп нәрседен әзірге бейхабармын. Мен үшін қазір жасап жатқанымның барлығы жаңадан. Сол себепті бұндай мәселелерде төреші бола алмаймын. "Star Wars"-қа тап болуымның өзі осы киноәлемнің алдында үлкен жауапкершілік. Мен кастингтен өтпей қалсам, жылап-сықтап, бірнәрселер айтқан болар ма едім, бәлкім. Сол себепті фильмге актер ретінде талпындым. Бұл менің басты мақсат-міндетім. Бір жақсы нәрсеге қатысты екеніңді сезіну қашан да тамаша ғой. Менің басты мақсатым рөл, "Star Wars"-қа құрметпен қарау болды".

Осы жолыңызда ең керемет нәрсе не болды?

"Мен үшін - трейлерлерді көру. Тамаша әсер еді ғой. Біз Comic-Con-да болдық, фанаттармен кездестік, бірақ өзің түскен нәрсені көру мүлдем басқа. Бұл мәдениет, кейбірі үшін тіпті - дін. Осының арасында жүрудің өзі бір ғанибет".

Өзіңіздің жеке жарық қылышыңыз бар ма?

"Қазір бөлмемді көзіме елестетіп алайын... Менде бір, екі, үш, төрт, бес жарық қылыш бар екен. Тоқтаңыз, тағы біреуі бар, жерде жатыр. Сонымен алты жанатын қылыш бар. Оларды біреулерге уақыты келгенде сыйлыққа беремін".

Біреуін өзіңіз үшін жасырып қойған шығарсыз? Сіз үшін ең қадірлісін?

"Біреуі бар. Үйдің ішінде жүргенде әрлі-берлі сермеп жүрем".

Қажет кезінде дейсіз ғой.

"Иә, қажет кезінде".

Пікірлер