• Біздің парақшалар:

Стэн Ли: Суперқаһарман комикс оқуға итермелеуі керек

Фотосурет: tvdaily.com

Стэн Ли (Stan Lee) – Американың белгілі жазушысы, продюсер, сценарийші. Бәрінен бұрын ол «Marvel Comics» басылымының көптеген кейіпкерлерінің авторы ретінде белгілі. Мысалы, Кек алушылар, Басбұзар, Фантастикалық төрттік, Халк, Темір адам, Өрмекші адам, Тор, Х-адамдар, Құмырсқа-адам, т.б. – осы адамның қолынан шыққан. Көпшілігіміз біле бермеуіміз мүмкін – Стэн Ли өзі ойлап тапқан суперқаһармандардың экранизацияларына эпизод рөлдерге немесе камеоға түседі. 

The Huffington Post басылымы Стэн Лимен сұхбат жүргізген екен, осы әңгімені қазақшалап назарларыңызға ұсынамыз. 

- Өрмекші адамды сомдаған актерлердің қайсысы сізге ұнайды?

- Кейіпкерді сомдаған екі актер де – Эндрю Гарфилд те, Тоби Магуайр да ұнайды. Екеуі де өз рөлдерін керемет алып шықты деп ойлаймын. Екеуінің өзіне тән өзгешеліктері бар, екеуі де Питер Паркер мен Өрмекші адамды жақсы ойнады. 

Фотосурет: moviepilot.com

- Сіздің ойыңызша, әрқайсысы рөлге не алып келді?

- Мысалы, Тоби Магуайрға жасалған таңдау күтпеген жағдай еді. Оны рөлге бекіткен кезде фанаттардың көпшілігі оны суперқаһарман туралы фильмге сәйкес келмейтінін айтқан болатын. Бірақ оның шынайылығы бәрін сендірді. Эндрю Гарфилдтің бойы биіктеу, егер кейіпкер шынымен өмір сүрсе, түрі осындай болар еді. Ол да шынайы болды. Кейіпкерді жақсы сомдап шықты. Питер Паркер рөліне актер таңдауда біздің жолымыз болды деп есептеймін. 

- Эндрю мен Тобиге қатысты сіз фанаттар тарапынан қандай кері реакция алдыңыз?

- Фанаттарға Тоби ұнаған жоқ, ал оны көргеннен кейін жақсы көріп кетті. Сол секілді Эндрю де ұнаған жоқ, оны да кейін жақсы қабылдады. 

- Сіздің ойыңызша, суперқаһарманның образын аша алған ең үздік кім?

- Айту қиын. Негізі Таби Магуайрдың Өрмекші-адамы деп ойлаймын, өйткені бұндай жетістікті ешкім күтпеп еді. Сосын кіші Роберт Дауни бар, өйткені ол өзі Темір адам болып жаралғандай қылып ойнады. 

- «Болат адамның» сиквелінде Бэтмен рөліндегі Бен Аффлек ұнады ма?

- Бен Аффлек жақсы актер, сондықтан Бэтменді ол неге жаман сомдауы керек деген сұраққа жауап таба алмаймын. 

- Суперқаһарман қандай маңызды қасиетке ие болуы керек?

- Ержүректік. Сосын оның бойында адамдарды комикс оқуға, ол үшін жанкүйер болуға итермелейтіндей бір қызық қыры болуы тиіс. 

- Қай суперқаһарманның фанаттары ең ерекше?

- Көп жыл бұрын «Темір адам» комиксын шығарған кезде Темір адам туралы ең көп пікір білдіргендер әйел оқырмандар болып шықты. Оның себебін де түсінген сияқтымын. Өйткені ол көркем, ауқатты, гламурлы, сосын оның жүрегі ауырады. Романтикаға берілген жан ол туралы не ойлауы мүмкін: «Ол керемет адам, ол бай, сүйкімді, оны күтіп-бағар едім. Жүрегі ауырса да, одан мейірімімді аямас едім». Кейіпкердің бойында әйелдерді баурап алатын бір қасиеті болды, сондықтан да шығар ең көп хат жазған соның фанаттары болды. 

- Өзіңіз түскен камеолардың қайсысын сіз ең көп жақсы көресіз?

- Маған ұнағаны – мен кітапханашымын, құлаққап киіп алып өзімше ыңылдап ән салып, жұмыс істеп тұрам. Ал артымда Өрмекші адам мен Кесіртке кескілесіп жатады. Сосын «Фантастикалық төрттікте» Рид пен Сьюдің тойына мені кіргізбей қояды, өйткені менің Стэн Ли екеніме сенбейді. Тағы біреуі «Торда» - мен Тордың балғасын машинамен сүйреп алып шықпақшы болған жүргізушіні сомдаймын. 

- Алдағы «Кек алушылардағы» камеоңыз туралы айта аласыз ба?

- Әлі білмеймін. Эпизод рөлдерге түскенде, маған белгілі бір уақытта түсіру орнына келуімді өтінеді. Мен сол жерге барамын, ал режиссер содан кейін ғана не істеуім керектігін айтады. Мен нұсқауды орындаймын, содан кейін олар менен тезірек құтылуды ойлайды, менің түсіру процесіне араласқанымды қаламайды.

- Танымал адамдардың қайсысында альтер эгосы бар деп ойлайсыз?

- Менің. Бірақ мен тым қарабайыр жауап бергенді ұнатпаймын. 

- Сізге бір суперқабілет дарыса, қайсысын таңдар едіңіз?

- Жолы болғыштық. Жолың болса, бәрі өз орнына келеді. Қалағаныңның бәрі болады. Жолы болғыш суперқаһарманды неге ойлап таппайды, түсінбеймін. Сәттілік әлемдегі ең суперқабілет болар еді. 

- Шайқасқа қатыссаңыз, қасыңызға қай суперқаһарманды алар едіңіз?

- Менің жағымда Халк болса жаман болмас еді.

 

Стэн Лидің "Marvel" фильмдеріндегі камеолары:

 

Дереккөз: kinonews.ru

Пікірлер