• Біздің парақшалар:

Төлепберген Байсақалов: Жанр да, рөл де таңдамаймын...

Кеше, 19-қыркүйек күні Ресей шығарған "Орда" фильмінің баспасөз өкілдеріне арналған көрсетілімі болды. "Орда" - Ресей кинематографиясында ерекше құбылыс деп бағаланып отыр. Андрей Прошкиннің жаңа туындысында Мәскеу митрополиті Алексийдің 1357 жылы Жәнібек ханның анасын емдеу үшін Алтын Ордаға жасаған сапары туралы баяндалады. Түсірілім үшін 14-ғасырдағы Мәскеудің және Сарай-Батудың кешенді декорациялары тұрғызылды. Киноны жасаушылар тарихшы-ғалымдардан кеңес алды, мұражай экспозициялары арқылы сол заманның тұрмыс-салтын, дәстүрін зерттеді. Кейіпкерлер сол кезеңнің тіліне ұқсастығы бар - қарашай-балқар тілінде сөйлейді.

("Орда" фильмінен көрініс)

Бұл тарихи туындыға қазақстандық актерлер Төлепберген Байсақалов пенДәулет Әбдіғапаров ойнайды. Фильмнің еліміздегі прокатшысы "Арман" кино орталығының ұйымдастыруымен болған кешке аталған актерлер де келді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, "Киностан" өкілдері актерлерді әңгімеге тартқан еді.

 

- Төлепберген, Ресейдің биылғы басты кино оқиғаларының біріне қалай тап болдыңыз?

 - Шақыртуды режиссер Прошкиннен алдым. Көп ойланбастан келісім бердім.

 

- Түсірілім туралы айта отырыңыз...

- Түсірілімнің көп бөлігі Астраханда өтті, сосын Мәскеуде. Астраханның қай жері екені есімде қалмапты, әйтеуір Еділдің бойы... Бір есімде қалғаны - климаты. Ыстық 50 градусқа дейін жететін. Ауыр болды.

 

- Сіз қандай рөлді сомдайсыз?

- Шынымды айтсам, ұмытып қалдым (қинала күлді). Түсірілім 2010 жылы өтіп еді ғой... Дәл қазір ол туралы жауап бере алмайды екенмін.

 

- Қазақстанда бұған дейін "Көшпенділер", "Моңғол", "Жаужүрек мың бала" секілді тарихи фильмдер түсірілді. Айтыңызшы, Ресейде бұндай ауқымды фильмер түсіруде қандай өзгешеліктер бар?

- Аса бір айырмашылық байқамадым.  Әрине, әр елдің өзіне тән ерекшелігі болады - менталитет, дәстүр деген сияқты... Жалпы түсіру барысы бірдей десе де болады. Тек түсірілімнен кейінгі өндіріс өзгеше болады.

 

- Сіз комедия фильмдерден көп көрінесіз. Күлкілі рөлдерден осындай ауыр, тарихи драмаға ауысу қиындықтар әкелді ме?

- Жоқ. Білесің ба, мен рөл таңдамаймын. Ең бастысы - менің шамама сәйкес келсе болды. Сондықтан жанрлардың түрлі болғанына да мән бермеймін.

 

- Сізді Ресей фильмдерінен жиі көре бастайтын сияқтымыз: "Елки 2", "Орда", енді "Сәттілік джентльмендері" болады...

- Тіптен де олай емес. "Шыршаларға" кездейсоқ тап болдым. Якутияда өзінің де таланттары жетеді. Бірақ Бекмамбетов бұл жолы якут таксисттің рөлінде мені көргісі келіпті. Білмеймін, не үшін мені таңдағанын... Осылар ғана, Ресейге басқа шақырту болған емес. 

 

- Тимур Бекмамбетовтың екі фильміне түстіңіз. Араларыңыздағы қарым-қатынас ерекше ма сонда?

- Доспыз деп айта алмаймын. Ол менің бар екенімді біледі, мен оның бар екенін білемін. Бар болғаны осы ғана (күлді).

 

- Қазақстандық жобалардың қайсысына қатысып жатырсыз?

- Рүстем Әбдірашевтің "Көшбасшы жолы" фильмінің екінші бөліміне түсіп жатырмын.

 

- Рахмет! Сәттілік тілеймін.

- Сізге де! Кездескенше.

 

Кинокадр фильмнің ресми сайтынан алынды.

Пікірлер