• Біздің парақшалар:

Феррел мен Галифианакис: Саясат – лас бизнес

Киностан: Empire ресурсы «Кампания» туындысына қатысқан Уилл Феррелл мен Зак Галифианакистан алынған сұхбатты (мәтінін Крис Хьюитт жазған) жариялады. Материалды аударып, оқырмандарымызға ұсынып отырмыз.

Конгрестегі орын үшін күресті суреттейтін «Кампания» аты жаңа фильмге топастау кандидатты ойнайтын Уилл Феррелл мен оның ұшқалақ қарсыласының бейнесін көрсеткен Зак Галифианакис түсті. Екеуі де әрине жақсы жігіттер, алайда олардың қолдарыны билік түспесін деп тілейік.  

Бір сәт көз алдымызға елестетейікші, болашақта екеуіңіз де саясаткер боламыз деп шештіңіздер. Бір-біріңізді жеңу үшін не істер едіңіздер?

Уилл Феррелл: Мен Зактың иттерден өлердей қорқатынын білемін, сондықтан оның айналасында әрқашан бір үйір иттің шұбырып жүруін қамтамасыз етер едім. Сонда ол үйінен шығуға шамасы келмей, өз кампаниясымен айналыса алмай қалар еді.

Зак Галифианакис: Маған мұны айту жағымсыз, бірақ саясаттың лас бизнес екенін ескере отырып осы бір құпияны ашуға мәжбүрмін: Уилл Феррелл әріп танымайды. Елдің бәрі оны бірдеңе оқи алады деп ойлайды, бірақ шын мәнінде ол өтіріктің қайнаған ортасында өмір сүріп жатыр.

УФ: Мұны жұрттың талқысына шығару дұрыс емес деп ойлаймын. Біріншіден, мен оқи аламын. Ана жерде (өзінің артында ілініп тұрған постерді көрсетті), мысалы, «Кампания» деп жазылып тұр.

ЗК: Сен оны оқыған жоқсың, сен оны білесің. Бұл біз жарнамалап жүрген фильм ғой.

УФ: (Галифианакисты елемей) Екіншіден, менің ойымша, әріп тану біздің уақытта ондай үлкен маңызға ие емес. Бұл, мысалы, Рик Перриді тоқтата алған жоқ қой (Американдық революцияның ай-күніне қатысты екі ғасырға қателескен, президенттік сайлауға қатысқан тұлға). Мен – өзімнің сауатсыздығыма қарамастан халыққа бет бұрып, елімді батыл түрде таныстыра алатын жігітпін.

Фильмде сіздердің кейіпкерлеріңіз бәсекелестіктің адам айтқысыз әдістеріне басады: Уилл, мысалы, Зактың әйелін жұқалап, еліктіріп, артынан осыған қатысты сайлауалды ролик түсіреді. Шынайы өмірде тіпті жеңіске жету үшін бармайтын қандай да бір қадам, шектеулеріңіз бар ма?

УФ: Мен кез келген кедергіден аттап өтіп кете аламын. Менің жеңімпаз тұлғам басқаша істеуге жол бермейді.

ЗГ: Мұнысы рас. Ол – сұмырай адам. Біз джентльмендік туралы сөз қозғамаймыз ғой, иә?  
УФ: Ары қарай айта беріңізші...

Сіздердің кейіпкерлеріңіздің шын саясаткерлер арасында прототиптері бар ма?

УФ: Енді, менің шаш қойысым Джон Эдвардсқа (2004 жылғы сайлауда Демократиялық партия атынан АҚШ-тың вице-президенті сайлауына қатысқан үміткер, жақында некеден тыс байланыстарын жасыру үшін сайлау қорын заңсыз жұмсады деген айыппен  істі болды) деген сыйымды білдіреді. Эдвардс саясаткерлер арасында ең әдемі шашқа ие болатын.  

ЗГ: Мен олай айтпас едім. Ал өз кейіпкерімді жоғарғы сыныпты оқып жүрген кезде-ақ қалыптастыра бастағанмын. Ол кезде кейіпкер Әйелтектес Нәсілшіл деген атқа ие болатын.

Сіздердің ойыңызша, американдық саясат қазір фарс аясынан шығып кетті ме?

ЗГ: Иә, қазір ол кәсіби рестлингке көбірек ұқсайды. Немесе реалити-шоуға.

УФ: Біз фильмде бірнеше күлкілі дүние жасаймыз. Кей жерде ол миға сыймайтын болып, ал кей тұста анайы көрінеді, алайда олар шын мәнінде болып жатқан оқиғалалардан анау айтқандай алыстап кете қойған жоқ. Бұған мысал ретінде өзінің «кішкентай досының» суретін әйелдерге жіберіп жүрген Вайнер атты бауырымызды келтіруге болады. (2011 жылдың маусымында АҚШ конгрессмені Энтони Вайнер ел алдында таныс емес әйелдерге әдепсіз суреттердің, оның ішінде іш киіммен жабылған қобынған жыныс мүшесі фотосуреттерінің сілтемелерін жібергенін мойындады).

Өз рөлдеріңізге дайындалу барысында тағы қандай ақылға сыймайтын іс-әрекеттердің мысалдарын кезіктірдіңіздер?

УФ: Сайлау кампаниясы аясында пайда болатын жарнама роликтерінің көпшілігі – барып тұрған сандырақ. Әсіресе маған ұнайтыны – мыстан емеспін деп мәлімдейтін Кристин О'Доннеллдің ролигі (О'Доннел – сенаторлыққа Республикалық партия атынан үміткер болған аборт пен біржынысты некеге қарсы тұлға, либертариандықтардың сүйіктісі. Бір кездері өзінің «сиқырлықпен әуестенгені» туралы елге жариялаған). 

ЗГ: Қазір барлығы қадалған көзқарастың, назардың астында жүр. Бас жаққа барысатын болсақ, саясатпен айналысуға деген моральдік құқық ешқандай жаман іс жасап үлгермеген сәбилерге ғана тиесілі. Кім не жасамай, не жасырмай жатыр? Мен, мысалы, елдің бойымның шын мәнінде 188 сантиметр екенін білгенін қаламаймын. Білесіздер ме, менің бойым 188 сантиметр ғой...

УФ: Мен білемін.

ЗГ: Бірақ, мен бұдан барлық жұрттың хабардар болғанына қарсымын. Саясатпен айналысқым келеді, бірақ YouTube-та менің қатысуыммен түсірілген әшкерелеуші видео тым көп!

Егер Конгреске сайланатын болсаңыздар, американдық саясаттың жағдайын жақсарту үшін жасайтын жалғыз дүниені айтыңыздаршы?

УФ: Мен Конгресс мүшелерін әр отырыс алдында қолдарын жүректеріне қойып тұрып The Beatles әнін айтуға мәжбүрлер едім.

Нақтырақ?

УФ: Спикер таңдасын оны.

ЗГ: Мен әркімді артынан өз қоқысын жинап жүруге мәжбүрлер едім.

Бұл саяси процеске қалай көмектесе алады?

ЗГ: Көмектесе алмайды. Бірақ әлемді жақсарта түсіп, маған өзімді құдіретті сезінуге мүмкіндік береді.

Түпнұсқа: film.ru

Аударған: Дінмұхамед Зиядин

Пікірлер

  • Оқып отырып рухани ләззат алдым. Екеуі де шынымен үлкен комиктер :)