• Біздің парақшалар:

Энди Серкис: "Дәл қазір актерлік туралы ойлап та жүрген жоқпын"

Энди Серкис Stuff ресурсына берген сұхбатында "Хоббит: күтпеген сапар" жобасының бірінші бөлімінде бейнелеген Голлум рөлі туралы ғана емес, сонымен қатар өзінің екінші режиссер және шайқастар сценарийіне қатысты жұмысы, Питер Джексон үшін 3D қалай түсіргендігі жөнінде де әңгімелеп берді. Актер сонымен қатар "Маймылдар ғаламшарының көтерілісі" туындысында бас кейіпкер маймыл Цезарьдің бейнесін көрсетуімен де танымал.

Арнайы Киностан оқырмандары үшін сұхбатты аударып беріп отырмыз.

Голлуммен 10 жылдай уақыт өткен соң барып қайта табысу қалай болды?


"Негізі ұнады, бірақ ол ешқайда кетпей, әрқашан жақын маңда жүрді. Голлум туралы менің есіме салмаған бір де бір күн болған емес: көшеде кетіп бара жатқан айдаладағы адамға дейін менен Голлумның дауысымен бірдеңе айтуды немесе жай сол туралы айтып беруді сұрайды. Оның үстіне "Хоббит" жобасы жөнінде бірнеше жылдың көлемінде үлкен-үлкен әңгімелер айтылған соң да, мен осы кейіпкеріме әйтеуір бір қайта оралатынымды түсініп жүрдім."  

Мартин Фриман мен өзге де актерлар франшизаға жаңа келіп жатыр. Сізден ардагер ретінде олар қандай да бір ақыл-кеңес сұрап отырды ма?

"Бұл жерде мәселе сенің ардагер ретінде үлкен төзімділікті қажет ететін жұмыс масштабы мен ерік-жігер көлемін түсінуіңде жатыр. Өзге фильмдерге қарағанда мұнда мүлде бөлек ритм байқалады. Актерлардың көпшілігі үйлерінен 12 мың миль қашықтықта өмір сүрді. Таңғы сағат 5-те тұру, 270 күн бойы үзіліссіз түсірілім алаңында жүру – осының бәрі сенің өмірлік салтыңа айналады. Гномдарды ойнайтын актерлар адам сенгісіз ауыр костюмдер киіп жүрді, оның үстіне олар сағаттап грим бөлмесінен шықпайтын. Сондықтан, осы тұрғыдан алып қарағанда, ең басты дүние шыдамдылық мәселесі болды."


Бұл жолы сіз тек Голлумды ғана ойнап қоймай, екінші режиссердің де міндетін атқардыңыз.

"Хоббитта" режиссерлік менің негізгі міндетім болды. Мен 200 күн бойы үлкен командамен шайқас көріністерін түсіру бойынша жұмыстар жүргіздім. Бұл таң қалдырарлық тәжірибе ретінде есімде қалады, сондықтан мен Питерге оның менен осы іспен айналысуды өтінгені үшін үлкен алғыс білдіремін."

Бұл қалай басталды өзі?


"Сақиналар әміршісімен" жұмыс істер алдында мен қысқаметражды фильмдер түсіріп бастаған болатынмын, одан кейін де видеоойындарға қатысты түрлі жобалармен айналыстым. Сондықтан Питер менің көп уақыттан бері режиссерлік жасап жүргенімді білетін. Бірақ, мен өзімнің алғашқы жұмысымды Лондонның бір қалтарысында орнатылған сандық камера және бір-екі адамға ғана қатысты болады деп ойлайтынмын!"

Питер сізден режиссерлікпен айналысу туралы неге өтінді деп ойлайсыз?

"Менің ойымша, оған екінші түсіру тобының негізгі актерлік құрамға кіруі себеп болды. Питер жұмыс жағдайына, түсіру алаңындағы атмосфераға, актерлардың ештеңеге алаңдамауына біреудің бас-көз болуын қалаған тәрізді. Негізі, Питер бүкіл жұмыс туралы мені хабардар қылып отырды. Бұл психикалық тұрғыдан болсын, техникалық тұрғыдан болсын қиын тиді. Мен бұған дейін 3D-да түсіріп көрген жоқ болатынмын. Оған күнделікті үлкен операциялық процестердің жүріп отыруы да қосылды."

Режиссерлікке қатысты болашақта қандай да бір жоспарларыңыз бар ма?

"Жаңа Зеландияға "Хоббитті" түсіруге барар алдында біз продюсер Джонатан Кавендиш екеуміз The Imaginarium атты performance capture-мен байланысты технологиялармен де айналысатын жаңа өндіріс компаниясын ұйымдастырдық. Біз қазір бірқатар жобалардың тізімін қарастырдық, олардың ішінде Джордж Оруэллдің «Малқора» атты туындысы да бар. Ол менің режиссер ретінде жұмысына қатысатын алғашқы толықметражды көркем фильмім болмақ."

Сіздің жаңа мамандығыңыз – режиссерлік актерлік қызметіңізге әсерін қалай тигізбек?

"Қазір мен актерлік туралы ойлап та отырған жоқпын. Бар уақытымды The Imaginarium студиясына, өз жобаларымызға, режиссерлікке арнаудамын. Өзге актерларға біздің студияда жұмыс істеуге мүмкіндік беру және олардың қызметін бақылау мен үшін үлкен мақтаныш және қуаныш болады. Мүмкін, күндердің күнінде мен актерлікке қайта оралып, театр қойылымында ойнауым мүмкін, себебі театр сахнасына шықпағаныма 10 жыл болыпты."

Алда "Хоббиттің" екі бөлімі бар, яғни сіз фанаттарды әлі де болса Голлумның дауысымен қуантып отырасыз. Осы кейіпкердің дауысымен бірдеңе айтуды өтінген кезде сізді мақтаныш сезімі керней ме әлде керісінше ұялып қаласыз ба?


"Біреудің сұрауымен менің Голлумды көрсетуімнің балаларыма ұнайтын уақыты өтті-ау деймін. Бұл Руби және Сонниге – үлкендеріме қатысты. Бірақ, кіші ұлым сегіз жастағы Луи мен оның достары мен күні бойы Голлумның дауысымен сөйлеп отыра берсем де жалықпайтын тәрізді. Сондықтан дәл осы жағдайда мен әлі де болса салмақ-абыройымнан айрылған жоқпын!"

Ақпарат көзі: Stuff

Пікірлер