• Біздің парақшалар:

Ермек Шахмет: "Бекзат" фильмі шетелге де таралады

2012 жылдың соңы Қазақстан кино әлемі үшін жағымды жаңалықпен ерекшеленген еді. 2000 жылғы Олимпиада чемпионы, танымал боксшы болған Бекзат Саттарханов туралы көркем фильм түсіріледі деген ақпаратты отандық БАҚ жарыса жазды. Онда басты рөлді "Жаужүрек мың бала" фильмінен белгілі Асылхан Төлепов орындайды. Жоба шынымен ауқымды болады деп күтілуде. Чемпион туралы фильмді қолға алған режиссер Ермек Шахметпен болған әңгімемізде бұған өзіміз де көз жеткізгендей болдық.

"Бекзат" фильмінің постеріне жасалған эскиз

Біз режиссермен сұхбат жүргізерде стандартты жауаптармен шектеліп қалмай, Киностанның оқырмандарын қызықтырған сауалдарға да жауап алуға тырыстық. Сонымен болашақ "Бекзат" фильмі жөнінде Е. Шахметпен болған әңгіме былай өрбіді (режиссердің сөзі қаз-қалпында):

 

Киностан: Оқырманға түсінікті болу үшін алдымен жобаға қысқаша тоқталайық. Түсірілім мерзімі мен прокаттық графигі белгіленді ма? Қандай жанрлар аясында түсіріледі? Қандай кинокомпаниялар жобаға атсалысады?

Е. Шахмет: Түсірілім мерзімі мен прокаттық графигі әлі белгіленген жоқ. Алла бұйыртса, сәуір айында жобаның жоспарлауын бастаймыз. Бұл фильм байопик (өмірбаяндық драма) жанрында түсіріледі. Жобаны «Shahmet OmniArs» кинокомпаниясы ұсынады, бірақ тағы да басқа компаниялар да болады, қазіргі таңда келіссөздер жүргізілуде.

 

Киностан: Жуырда Интернет басылымдарда фильмнің сценариі жазылу үстінде деп хабарланған болатын. Сценариімен кім айналысып жатыр?

Е. Шахмет: Бекзаттың өмірбаянын зерттеп, сценарийді өзім жазып отырмын. Бекзаттың әкесі Сейілхан ағаның тілегі бойынша Қыдырбек Рысбекұлының «Бекзат» атты деректі хикаятын үлгі ретінде пайдаланып отырмын. Саттархановтардың әулетіне баршамыздан мың алғыс! Алланың нұры жаусын! Бекзат ағамыздың жаны жәннатта болсын!    

ef6f03499f577b84892577f87b4f40e6 Асылхан Төлепов пен Ермек Шахмет. Фото режиссердің жеке мұрағатынан

Киностан: Басты рөлге актер іріктеу кезінде қандай критерийлерді басты назарға алдыңыз? Бекзат рөліне Асылхан Төлеповты таңдауға не себеп болды?

Е. Шахмет: Бірінші критерий – ұқсастығы: жүзі, дене-бітімі, жасы, бірақ, ең бастысы – мінезі мен жан-дүниесі; екінші критерий – кәсіби актер мамандығының иегері, халық махаббатының иегері; үшіншісі – кәсіби спортшы болу. «Жаужурек мың бала» фильмінен кейін Асылханға халықтың махабатты шексіз пайда болды, ол - өте дарынды кәсіби актер. Өте бауырмашыл, жүзі жылы жігіт. Және де жақсы спортшы. Оны рөлге таңдағанда барлығы риза болды. Алланың бұйырғаны сол шығар.

 

Киностан:  Болашақ фильмді коммерциялық жоба деп қарастырасыз ба? Өйткені бір сөзіңізде: «Фильмді тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік көрермендердің де тамашалағанын қалаймыз», - депсіз? 

Е. Шахмет: Бұл сұраққа Сейілхан ағаның сөзі бар еді: «Біз «Роккиді» көреміз, неге шетелдіктерге «Бекзат» киносын көрмеске?». Мен сол идеяны басынан шештім: «фильм шетелге шығу керек», Сейілхан аға қолдады. Бекзат Саттархановты бүкіл әлем танып отыр. Ал коммерция жағынан ойласақ, салған каражатын шығарсақ, оған да тәуба. Өзіңіз білесіз қазақ кинематографиясы бүгінгі таңда даму үстінде. Сондықтан «Бекзат» фильмі осы бағытқа аз да болса біздің қосқан үлесіміз болар деп үмітенемін.   

 

Киностан: Фильмнен тағы қандай актерлерді көре аламыз?

Е.Шахмет: Танымал актерлер болады, бірақ олар әзірше құпия. 

 

Жоғарыда атап өткеніміздей, Киностан оқырмандары да режиссерге өз сұрақтарын жолдаған еді. Е. Шахмет бұл сауалдарды да жауапсыз қалдырмады:

Satibaldi Kerbabaev: Құрметті Ермек Шахмет! "Бекзат" фильмінің сценарийі қаншалықты өзгеше болады? "Туады-Өседі-Армандайды-Жетеді" схемасындағы кезекті туынды бола ма, әлде көрермен күтпейді-ау деген оқыс бірдеңеңіз дегенмен бар ма? Деректі фильмге бергісіз ғұмырнамалық баян болып кетпей ме? 

Е.Шахмет:  Бұл фильм ғұмырнамалық деректерге сүйене отырып жасалған, көрермендерге ұсынатын тосын жайттарға толы болады. 

Zhanat Ahmetov: Бекзат туралы фильм түсіруге не себеп болды? 

Е.Шахмет:  Қазақ спорты тарихында Бекзат сынды біртуар тұлғалардың болғаны баршамызға хақ. Сондықтан біріншіден спортпен айналысып жүрген өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген ниетте, екіншіден осы фильм арқылы ұлтымыздың дара қаһармандарын тек елімізге ғана емес, бар әлемге таныту. Сонымен қатар Бекзаттың артынан қалдырып кеткен өшпес ізі мен жеңістері халық жадында мәңгі ұмытылмасын деген мақсат қойдық.  

Эльвира Ергалина: Бекзаттың сүйікті қызы болған, ол қайтыс болғанда аяғы ауыр болған екен деген сияқты ел артындағы аңыздар бар. Егер сол рас болса, фильмге сюжет боп енгізіле ме? Қалай болғанда да сүйікті қызы не ғашығы болған шығар. Сол қыздарды іздеп тауып, махаббаттың айналасындағы оқиғаларға орын беріле ме, әлде тек спорт саласын ғана қамтиды ма кино?

Е.Шахмет:  Бекзат жайында аңыздар өте көп. Бірақ біз сюжетке деректі мәліметтерді алдық. Фильмде махаббат тақырыбы да қозғалады.   

Нұрбақыт: «Бекзат» фильмін Қазақстан көрермендері қашан тамашалай алады?

Е.Шахмет: Уақыт көрсетеді. Бәрі Алланың қолында.

Жеңіс: Ермек аға, қарапайым киномандар арасында да киноға қатысқысы келетін адамдар жеткілікті. Сіздің фильміңіз үшін кастинг өтеді ме? Біз кастинге қатыса аламыз ба?

Е.Шахмет: Кастинг болады, оған қатысамын деп тілек білдірушілерге есік ашық.   

 

Ермек мырзаның бастаған ісі - халық күткен дүниелерінің бірі болары анық. Ендеше, фильмнің бас кейіпкеріне лайықты кино өнім шықсын деп тілейік. Бекзаттың халық жадында сақталған жарқын бейнесі экран алдындағы көрерменнің ықыласына тағы да бөленеді деп үміттенеміз.

Пікірлер

    • onlasyn
    • |
    • 29 наурыз 2013 29.03.2013
    • |
    • 12:27

    Dene bitimi keledi goi