• Біздің парақшалар:

"Жолаушылар" жобасында актерлер өзгерді

"Жолаушылар" ("Passengers") жобасында актерлер ауысты. Осыған дейін фильмге Киану Ривз пен Рэйчел МакАдамс түседі деп хабарланған еді. Жобадан Weinstein Company дистрибьюторлік компаниясы бас тартқаннан кейін, оның болашағы белгісіз болып қалған еді.

Соңғы ақпараттарға сенсек, аталған актерлердің орнына Дженнифер Лоуренс пен Крис Прэтт келіпті. Олардың тіпті осы рөлдер үшін алатын жалақылары да белгілі болды: "Аштық ойындарының" жұлдызы 20 миллион доллар алады, ал "Галактика сақшысына" 10 миллион береміз деп уәде етіліпті.

Осы тұрғыда тағы бір мәселе туындайды. Жобаны қолға алған Sony Pictures компаниясының басшылығы Дженнифер Лоуренске бөлінетін қаржы тым көп деп есептейді және актрисаны одан да төмен бағаға келістіргісі келеді. Егер Лоуренс бұған келіспесе, жоба тағы бас актрисасыз қалмақ.

Айтпақшы, режиссер де ауысты. Бұрын "Жолаушыларға" Брайан Кирк бекітілген болатын. Бірақ жобаның жаңа иесі Мортен Тильдумды шақырыпты.

Еске сала кетелік, сюжетте алыс сапарға жіберілген ғарыш кемесіндегі Джим Престон есімді жолаушы туралы баяндалады. Ол криоген ұйқысынан 90 жыл ерте оянып кетеді. Қайтадан ұйықтау мүмкіндігінен айырылған кейіпкер жалғыз болғысы келмей жолаушы қыздардың бірін оятып алады. Сөйтіп, екеуінің арасында романтикалық қарым-қатынас пайда болады.

 

Фотосурет: flickr.com; Сreative Сommons лицензиясы

Пікірлер