• Біздің парақшалар:

«Қазақфильм» студиясында «Мұзбалақ» толықметрлі мульфильмі жасалып жатыр

Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Мұзбалақ» толықметрлі анимациялық фильмінің жасап жатыр. Мультфильм Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша былтыр өндіріске жіберілген еді.

Жобаға Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы режиссерлік етуде, сценарий авторы - Ербол Бораншы. Мультфильмді жасау жұмыстары 2017 жылдың күзінде аяқталады деп жоспарлануда. Келер жылы қазақ мультипликациясының 50 жылдық мерейтойы аталып өтілмек. «Мұзбалақтың» премьерасы осы атаулы датаға орайластырылмақ.

«Мұзбалақ» мультфильмінен кадр

Сюжет бойынша, ерте заманда адамдар кесірінен жер астындағы айдаһарға айналып келе жатқан әбжылан оянып, жер бетіне шығып, маңайын жалмап, қазақ ауылына үлкен апат әкеліп, үрей туғызады. Ол ауылды отқа орап, қарсы келгенді жалмап келе жатқанда, бір қыран бүркіт балапанын қорғап, онымен айқасып, ақыры әбжылан қайта жер астына құлап, жоқ болады. Ал қыран отқа оранған ұядан балапанын алып, алысқа ұшып кетеді. Адам қанын жұтып дәніккен әбжылан күн тұтылып, өзінің айдаһарға айналар сәтін асыға күтеді. Бұны білген ауыл адамдары айдаһарды жеңетін тек Мұзбалақ екенін біліп, соны табуға ат салысады. Мұзбалақты тапқан атаққұмар, тоғышар Шегір мен ақылды, ақ жүрек Ақтай арасында тартыс ұзаққа жалғасып, соңында Мұзбалақтың тілін тапқан Ақтай онымен күш біріктіріп, айдаһарға қарсы шайқасқы шығады.

Адай Әбілданов

Сонымен қатар, «Қазақфильм» киностудиясында тағы бір анимациялық картинаның дайындық жұмысы басталды. «Күлтегін» толықметрлі мультфильмі Түрік мемлекеттілігінің құрылуы туралы баяндайды. Жобаның сценарийін Адай Әбілданов пен Жәнібек Нұрбекұлы жазған, режиссері Адай Әбілданов.

Аталған жобалар «Қазақфильм» киностудиясының құрамына кіретін «Анимациялық кино» шығармашылық-өндірістік бірлестігінің арқасында іске асуда. Бұл бірлестік 2009 жылы құрылып, сол кезден бері 36 қысқаметражды анимациялық фильм жарық көрді, сондай-ақ қазақ анимациясы тарихында тұңғыш рет 3D форматта, толықметрлі «Ер Төстік және Айдаһар» мультфильмі жарық көрді. 

Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы

Бұлардан бөлек, 2012 жылы 20 бөлімнен тұратын «Қазақ елі» анимациялық сериалы аяқталды, 2015 жылы елімізде тұрып жатқан түрлі халықтардың ең қызық әңгімелерін топтастырған әрқилы ертегілердің жинағы - «Қазақстан – біздің ортақ шаңырағымыз» («Казахстан – наш общий дом») анимациялық фильмдер топтамасы жарық көрді. Бұл жоба Қазақстан Халықтары Ассамблеясының 20 жылдығына арналды.

 

Дереккөз: Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз қызметі

Пікірлер